Шикі бағдарламалар «шетінеп» кетті
Үкімет қолданыстағы қаптаған бағдарламаларға ревизия жасамақшы. Кеше экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев заң актілерін Қазақстанның Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіруді қамтитын құжатты Мәжіліске бірінші оқылымда мақұлдатты.
Үкімет қолданыстағы қаптаған бағдарламаларға ревизия жасамақшы. Кеше экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев заң актілерін Қазақстанның Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіруді қамтитын құжатты Мәжіліске бірінші оқылымда мақұлдатты.
Бұған дейін қаптаған, бірін-бірі қайталайтын бағдарламаларды сынға алып, Елбасы Үкіметке «осылардың оңтайлысын қалдыр, өзгесін бірдеңе қыл» деп қатаң тапсырып еді. Соған орай, қолданыста жүрген стратегиялық, бағдарламалық, салалық құжаттардың бәрін сараптап, сапырып шыққан экономика және бюджеттік жоспарлау министрі бірқатар жайтқа қанығыпты. «Қолданыста ішіндегі нормалары бірін-бірі қайталайтын бағдарламалар көп-ақ. Солардың бәрін саралап, біртұтас бағдарламаларды қалдырып, қалғанын, керексізін сылып тастағалы отырмыз», - дейді Ерболат Досаев мырза. Оның айтуынша, ендігіде үлкен ауқымдағы бағдарламалар ғана қолданыста қалып, салалық құжаттар бір-бірімен үйлеседі, сосын бәрі стратегияның төңірегіне топтасады. Бұдан бөлек, «Қазақстан-2020» бағдарламасын қайта қарап, ондағы орындалған меженің бәрін сылып тастау көзделеді, сосын қалған құжаттар «Қазақстан-2050»-ге қарап бой түзейтін болады. Бір сөзбен айтқанда, 2020-ға дейінгі стратегиялық жоспарлардың барлығы тұтастай өзгеріске ұшырайды. Мұны мәжілісмендер де құптайды. Алайда алдағы қадамның барынша сауаттылығына назар аударудың қаперде ұсталғанын сұрайды.
«Бағдарламадағы мақсаттардың бәріне бірдей қол жетіп жатқан жоқ. Алайда бұған қайғыратын адам да жоқ, ешкім жауап та бермейді. Тіпті кейбір министрлік міндеттердің орындалмау себебіне де үңілмейтін секілді. Олай дейтін себебім, бір бағдарлама аяқталмай жатып, екі-үш жылда жаңасы қабылданады, сосын тағы сол жүріс қайталанады. Нәтижесінде бәрі шала, нәтиже жарты», - дейді депутат Орал Мұхамеджанов. Мәжілісмен бұл арада облыс пен аудандардағы шаралардың бұдан бетер былыққа батып жатқанын да алға тартады. Мәселен, депутаттың айтуынша, өңірге жаңа келген әкім бұрыннан қолданылып келе жатқан бағдарламаны бұрынғы басшысымен бірге архивке аттандырып, өз дәуірін жаңа бағдарламамен бастауды әдетке, мақтанға айналдырған. «Сөйтіп, бір әкім - жол жиегін жаңалауды, екіншісі - ағаштың балағын ақтауды, үшіншісі үйдің көшеге қарайтын тұсын бояуды ермек қылады. Нәтижесінде ешбірі түбегейлі орындалмайды. Мұндайға қазақ «барымен - базар» деп қарауға әбден үйренген тәрізді», - дейді Орал Байғонысұлы. Мәжілісменнің мәселесін министр де мойындады. Ендеше, мақұлданған құжат та сондай олқылықтың болмауына қарсы тұрса игі.
Сынақтар мен кемшіліктерге сүйеніп алға жылжу бұл тиімді жол емес
Айтпақшы, экономист министр Ерболат Асқарбекұлы мәжілісмендер алдына және бір заң жобасын ұсынып, ол бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің жаңа нысандарына қатысты өзгерістермен таныстырған еді. Құжаттың астын үстіне төңкеріп, 45 минут бойы талқылаған қалаулылар әупірімдеп отырып, мұны да бірінші оқылымда мақұлдады. «Әупірімдеп» дейтініміз, министрліктен шикілеу келген заң жобасына қызды-қыздымен айдар таққандар да болды. «Өмір ағысы біздің заң жобаларымызды шаң қаптырып келеді. Соның салдарынан шығар, кейде біз салмақты әрі өміршең заңдармен бір жарым ай ғана жұмыс істеуге мәжбүр болып жатырмыз. Менің ойымша, бұл заң жобасы Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты жүктеген міндетін мойнымен көтеруге тиіс еді. Ал мына жоба соған жауап бере ме? Жоқ. Тек осылай болуы мүмкін дегенді ғана аңғартады. Өкінішке қарай, заң жобасы кәсіпкерлер мен бизнестің бастамасын, мүддесін еш қарастырмайды», - деді Владислав Косарев. Сосын коммунистер басшысы әріптестерін асықпауға үндеп, заң жобасын мақұлдамай, кері қайтаруға шақырған еді. «Жетілмеген заңды жетектеп болмас. Өмір әлдеқайда алға озып кетті. Сол үшін мынадай «құбыжық» құжатты қабылдағанша, асықпай күте тұрайық», - деп салды Владислав Борисович. Алайда өзінің Мәжіліске мәпелеп әкелген заң жобасының «құбыжық» аталуына министр Ерболат Досаев қарсылық танытты. «Қолданыстағы концессия туралы заңмен отырсақ отыра береміз, түкті де жүзеге асыра алмаймыз. Сол үшін жаңа заң редакциясын әзірлегенше іске кірісе беруге тиіспіз. Мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамытуды қолдаймыз десеңіздер, заң жобасын да қолдаңыздар», - деп мәселені төтесінен қойды министр Ерболат Асқарбекұлы. Сосын министр «жетілмеген жерлерін келешекте жетілдіруге» уәде берді.
Осындай ұзын сонар талқылаудан соң коммунистердің «қайтару керек» деген талабын дауысқа салмас бұрын сөзге спикер Нұрлан Нығматуллиннің өзі де араласып кеткен болатын. «Жалпы, кез келген мемлекетте экономиканы дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асатыны белгілі. 90-шы жылдың өз қиындығы болды, тіпті еліміздің қарапайым қаржы жүйесін қалыптастыру міндетін шешу күн тәртібінде тұрды. Сосын барып барлық бюджет қызметкерлерін жалақымен қамтамасыз ету мәселесі көлденеңдеді, даму, өндірісті әртараптандыру кезеңі де болды. Ендігі күні жаңа саты - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік формасы алдыда тұр. Мұнда әріптестік мәселесі ғана емес, оны кеңейту де өзекті. Ендеше, мұндай ауқымды жұмыста арнайы заң қабылдамай, құр қайталанған сынақтар пен кемшіліктерге сүйеніп алға жылжу бұл ең тиімді жол емес», - деді Мәжіліс төрағасы. Сосын заң жобасын әлі де пысықтай түсу турасында айтылған пікірге спикер толық қолдау білдірді. Дейтұрғанмен, Нұрлан Зайроллаұлы әлі күнге дейін жақсы жазылған заңдардың кейіннен дұрыс заң актілерінің болмауынан, оны орындауға жауаптылықтың жоқтығынан «ақсап» қалатынына кейістік білдірді. «Бұл ретте бізге ең алдымен мемлекеттік жекеменшік әріптестік формасына көбірек үңілу қажет шығар. Осы үшін бизнес-қауымдастықты тарта отырып, заң жобасын екінші оқылымда кеңінен талқылауға болады. Біз бұған дайынбыз. Заңды шынайы өмірге барынша жақындатуға тиіспіз, өйткені мұнымен мемлекеттік институттар ғана емес, ең бастысы, бизнес-қауымдастық жұмыс істейтін болады», - деді спикер.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
"Айқын" газеті