Песков: «Даушыл саясатшылар Қазақстанда да жетіп жатыр»
Кеше ғана Ресейлік сарапшының «Қазақстан Украинадан кейінгі кезекте тұрған – проблема» дегені естеріңізде болар. Ресейдің «Россия-1» телеарнасының «Вечер с Владимиром Соловьёвым» ток-шоуында бағдарлама спикерлерінің бірі:
«Онда да Украинадағыдай ұлтшылдық процесстер басталуы мүмкін. Қазақстанда Ресейліктер көп, шекарамыз ең ұзын және біздің «Росатом» үшін ядролық отын да сонда», - деді.
Ресей тарапынан жасалған тағы бір араздық пікіріне Ресей билігі жауап берді. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстандық журналист Әділ Балтабаевтың сұрағына жауап берді.
“Бұл саясаттанушылардың пікірі. Ол пікір үкіметтің, Кремльдің саяси ұстанымын білдірмейді. Оларды тыңдап, көрудің қажеті жоқ. Мен ондай саясаттанушыны танымайды екенмін. Бағдарламада айтқанын да көрген жоқпын. Ондай саясаттанушылар сіздерде де жетіп жатыр. Біздің Ресейге қарсы сөйлеп жүрген...», - деді Песков.
Песковтың сөзінше, көзқарасы да әртүрлі адамдар бар, алайда олардың ресми билікке ешқандай қатысы жоқ.
Ал Қазақстанның Мәжіліс төрағасы бұл мәселеге байланысты:
«Біз Ресейге тәуелді емеспіз. Біз Ресейден қорықпаймыз. Қазақстанға қарсы айтылған сөздерге Президент те, депутаттар да, СІМ де өз жауабын беріп жүр», - деді.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ресей телеэфиріндегі Қазақстанға қарсы мәлімдемелер турасында пікірін білдірген болатын.
«Мұндай мәлімдемелерге келетін болсақ, Мемлекет басшысы да, СІМ басшылығы да, басқа да басшылар, соның ішінде Парламент палаталарының спикерлері де «аузым бар деп сөйлей беретіндердің» осындай пікірлері мен мәлімдемелеріне қатысты бірнеше рет өз жауаптарын берген болатын. Біздің ойымызша, олар, біріншіден, Ресей Федерациясының ресми ұстанымын білдірмейді. Екіншіден, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі тығыз қарым-қатынасқа нұқсан келтіреді, үшіншіден, олар РФ билігі тарапынан тиісті жауаптарын алуы керек», - деді Роман Василенко.
Айжан Темірхан
Abai.kz