Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 3077 0 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 11:58

Ресейлік сарапшы: Украинадан кейін Қазақстан!

2014 жылы Украинаға Ресей ашық агрессия жасамас бұрын, Киевке қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдар саны артты. Ал 2022 жылы ашық соғысқа кіріспес бұрын Мәскеу Киевті “нацизм ордасына айналды” деп айыптауды жиілетті. Ішкі аудиторияға бағытталған мұндай ақпараттық шабуылдар агрессияға өз аудиториясын дайындаудың бір жолы.

Ресей билігі соңғы жылдары дәл осындай ақпараттық шабуылды Қазақстанға қатысты да үдете түсті. Ресейлік шенеуніктер Қазақстанның солтүстік аймақтарын “Ресейдің тарихи жері” деп сан мәрте мәлімдеді. Путин “қазақтарда мемлекет болмаған” дегенді айтса, Жириновский “қазақтар қала-ауыл атауын өзгертіп жатыр екен, ол біздің тарихи жеріміз, өздерің қала салып алыңдар да, қалауларыңша атай беріңдер” деген болатын. Ресей билігінің пропагандисі болған Лимонов “Назарбаев өлген соң Қазақстанды Қытай мен Ресей бөліп алуы керек” деген мәлімдемесі де ел есінде, жұрт жадында.

Өткен жылы Ресей билігі “Қазақстанда орыстілділерге қысым бар, бейресми тіл сақшылары орыстілділерді қысып жатып” деп мәлімдеме жасады. Бұл шу тудырып, дау болған оқиға белсенді Қуат Ахметовтың елден кетуімен аяқталды. Ал Ресей СІМ Лавров “Қазақстанда ксенофобия бар” дегенді айтты.

Украинаға Ресей ашық соғыс ашқанда тараптар арасында келіспеушіліктер арта түсті. “Қазақстан Ресейге салынған санкцияны айналып өтуге жол бермейді” деп мәлімдеме жасады. Ресейлік шовинист шенеуніктер шулап сала берді. “Сатқын Қазақстан” мен “сенімсіз серіктес” жайлы сан мақала жазылды. Ресей Қазақстан экономикасын қыспаққа алуды бастап, мұнай жеткізу құбырларында “оқыстан” келеңсіздіктер пайда болды. Бір емес, төрт мәрте. Петербург форумындағы Тоқаевтың мәлімдемесінке кейін ресейлік БАҚ “ықпалдан кетуші Қазақстан” жайлы жазды.

Қазақстандағы Украина елшісінің мәлімдемесі мен оған Ресейдің реакциясы да тараптар арасын салқындата түсті. Ресей Қазақстан билігін сынады, Қазақстан Ресей елшісін шақыртты. Ал жақында ғана ресейлік идеолог Дугин сұхбат беріп, сөз арасында “Қазақстанды тарихи Ресейге қосып алу керек” деп жазды. Қазақ билігі бұл сөзді аңғармағандай сыңай танытты, реакция әлсіз болды.

Енді міне тағы бір мәлімдеме. Бұл жолы атышулы Соловьев. Ресейдің “Россия-1” телеарнасының “Вечер с Владимиром Соловьёвым” ток-шоуында бағдарлама спикерлерінің бірі Қазақстанды кезекті шешетін проблема ретінде сипаттады.

“Онда да Украинадағыдай ұлтшылдық процесстер басталуы мүмкін. Қазақстанда ресейліктер көп, шекарамыз ең ұзын және біздің “Росатом” үшін ядролық отын да сонда”, — деді ол.

Бұл мәлімдемеге реакция қандай болмақ? Қазақ билігі үнсіз қала ма, әлде қарсы жауап бола ма?!

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347