Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2588 3 пікір 2 Желтоқсан, 2022 сағат 14:09

Тірі қазақ

Сол қолымда киім-кешек, оны-мұны салған сумкам бар, оң қолымда кітап, газет-журнал салған жол сумкам, ортасында өзім. Көбік қарда тайғанап құлап қалмау үшін абайлап басып келе жатыр едім. Үймен үлкен жолдың арасы бір жарым километр шамасында. Сол үлкен жолға жеткенде ғана такси тоқтатуға болады. Екі жүз метрдей жүріп келесі көшенің бұрылысына жеткенімде  артымнан келген машина қасыма келіп тоқтады. Үлкен қара түсті Жеп машинасы. Терезе әйнегін түсіріп маған бұрылған жүргізуші,

- Аға, көлікке отырыңыз деді, - қара көзәйнек таққан жас жігіт жылы жымиып, сәлем беріп.

Есігін ашып, алдымен қолымдағы сумкаларымды көлік ішіне сүңгіттім де, артынан өзімде лып етіп, көтеріліп артқы жағына жайғастым.

- Аға, мені танымадыңызғой деймін?... Жарты жыл бұрын осы арадан сізді отырғызып, "Халық аренасына" дейін ала кетіп едім. Бұл көшеде әкем тұрады. Әкеме амандасып, халын біліп қайтып барамын, - деді, жөнін айтып.

- Ол кезде астың да басқа көлік болып еді. Оның үстіне бүгін қара көзәйнек салып алған екенсің, таныған жоқпын, - дедім, шынымды айтып.

- Қайда баруға жиналдыңыз? Жүгіңіз ауыр секілді, әсіресе, оң қолыңыздағы заттар тым ауыр секілді?!...

- Иә, ол кітап-журнал еді. Астанаға баруға шықтым.

- Жарайды аға, жол қысқарсын әңгімелесе отырайық. Өткендегі Халық аренасына дейін барамын. Сол жерден оңға бұрылып, мен Құлжа жолына түсемін, - деді.

Мен шынында қуанып кеттім. Бір жарым километр жол басып, Талғар трассасына шығуым керек. Онан такси ұстап Саяхатқа беталуға тиіс едім. Міне, сәті келіп Халық аренасына дейін жететін болдым. Ары қарай автобустар көп, біріне отырамын да, Алматы-2 ге барамын.

Ол маған сәл бұрылып қарап,

- Аға, темекі шегетін жаман әдетім бар еді, айып етпесеңіз, шексем бола ма? - деді, өтініп.

Мен не деймін, машина өзінікі. "Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса"... Мен пойыздың уақытына үлгеріп жетсем болды да.

Ол темекісін құшырлана сорып, тіл қатты.

- Аға, өткенде қалаға қалай жеткенімізді білмей қалып едік. Бұл жолы да әңгімеміз жаман болмас?!... - деді, жұмсақтап сөз бастап.

- Бұйыртса, солай болар, - дедім, менде құптап.  Ол онан ары әңгіменің жібін өзі сабақтады.

- Бүгінгі жастарды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Жаңа буын өзінің ұлттық тамырынан айырылып барады. Ақсақал жоқ, сөз ұстайтын қария, ие болатын көсем қалмай барады, мен тірі қазақ көргім келеді! - ол осы тұсқа келіп, сөзін сәл тоқтатып, маған көз қиығымен қарап,

- Сіз қаншадасыз? - деді.

- Мен 58 жастамын. Алла бұйыртса, аз күнде 59 ға толамын. Өтіп бара жатқан күндер. Отанымызға келгелі 28 жыл өтіпті, - дедім. Ол сөзін сабақтап,

- Аға, біз Өзбекстаннан келгенімізде мен жеті жаста екенмін. Осында келген соң оқыдым. Менің жасыңызды сұрап тұрғаным, сіз қазір Абай атаның жасында екенсіз. Абай десе, жұрт оны "шал" деп ойлауы мүмкін. Әне, ол кісі сіздің жасыңызда төбе би болып, төрден орын алған екен. Не бары 59 жасында өмірден өтіпті. Мен көп кісілермен кездесемін, оларды көріп ашуым келеді, зығырданым  қайнайды!... Солардың дені ішкені мен жегенін айтып, барған қыздарын санайды. Жастарға үлгі болар ақсақал қалмай барады!... Екеуара әңгіме созыла берді....

Біз жолды еңсеріп межелі жерге қалай жеткенімізді байқамай қалдық.

- Аға, әңгімеңізге қызығып отырмын. Құлағыма жағып барады. Астанаға не шаруамен бара жатырсыз? - деді.

- Мен "Мөлдір бұлақ" журналының Бас редакторымын. Астанада "Талаптыға нұр жауар" деген байқау өткізіп, соның марапаттау жиналысына кетіп барамын, - дедім. Ол маған бұрылып бетіме қарады. Менде оған тігіле қарап сөзімнің шын екенін сездірдім.

- Аға, осы кезде журнал оқитын бала бар ма?... - деді, таң қалып.

- Иә, бар! - дедім, нық сеніммен, - сол үшін журнал шығарамыз, балаларды бір мезгіл болса да, қағазға үңілуге нәсиқат етеміз. Хакім Абай "Артық білім кітапта" деген, - дедім де, сөзді үзіп,  оған қарап,

- Айтпақшы, бауырым, біз Халық аренасына жеттік. Оң жаққа таман тартып, ыңғайлы жерге тоқтай берсең болады, - дедім. Ол менің сөзімді естімеген адамдай, жүрісінде баяулатпай ілгері тарта берді.

- Аға, қозғалмай отыра беріңіз!.. сөзіңіз маған ұнады. Жасап жүрген ісіңізде құрметтеуге лайық екен. Қазақ балаларының қамымен кетіп бара жатыр екенсіз. Мен сізді Алматы-2 ге жеткізіп қоямын, -  деді еш екіленбестен.

Әңгімеміз үзілген жерінен қайта жалғанды. Ол лепірген омолоциямен емес, егілген, езілген жанашырлықпен,

- Ұрпақ азып барады!... Дәстүрімізден, жолымыздан жаңылдық. Қазақ ежелден сөзге тоқтайтын халық еді. Қазылы қариялар жоғалып барады. Еңбектенсек ақша табылар, жағдайымыз жақсарады. Осылай жүруге болады... Ал, "қазақпын" деген қасиетті кім сақтап қалады?!... Біз бәрін заңмен күшпен ұстағымыз келеді. Әр адамда, әр ұлтта ішкі ұстаным, жамандықтан ішкі тежеу күші болу керек. Өмірге құлшындыратын ішкі қуаты болуға тиіс.  Өзінің тарихи дәстүрлі "менінен" айырылған ұлт құрдымға бет алады. Біз парақор ұрпақ өсіріп жатырмыз. Оның сөзін Іле,

- Сен айтқан "ішкі тежеу күшінің" не екенін айтайын. Ол иман деген күш. Яғни ұят, адамгершілік, намыс деп жүргеніміз сол. Адамның өзін реттеп отыратын, нәпсісін тежейтін басқарушысы Иманы, - дедім.

Біз әне- міне дегенше, Вакзалға да жеттік. Ол үлкен есіктің тұсына келіп тоқтады. Көліктен түсіп, жүктерімді алдым. Аз ғана уақыт бірге болсақта қимай қоштастық. Ол мойынын бұрып, қара көз әйнегін алып, тігіле қарап,

- Сіз маған айтқан сөздеріңізді шығаратын журналыңызға жазып жүрсіз бе?... - деді.

- Әрине, әр кезде, әр жерде бабалар аманатын, ұрпақ тәрбиесін айтып та, жазып та жүрмін.

- Аға, "жаңа Қазақстан" деген бір жақтан келмейді. Біз бәріміз жаңа буынды қүтқаруымыз керек. Жаңа Қазақстан солармен қалыптасады. Онда сау болыңыз! Астанаға аман жетіп алыңыз!...

Көліктен түсіп жол бойында қара машинаның артынан қарап, недәуір тұрып қалдым. Еріп жауған қар бетіме тиіп, тамшыларға айналып төменге жылжып ағуда. Ол Абылайханмен көтеріліп барып Райымбекке бұрылды. Иінтірескен көліктердің арасына сіңіп ғайып болды. Сөздің қызығына кіріп кетіп, оның атында сұрамаппынғой!... Оның аты кім болды екен?!... Әлгі өзі іздеп жүрген тірі қазақ дәл өзі болар. Иә, ол шынында сол "Тірі қазақ"!...

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371