Иранда мораль полициясы жойылды
Иранда ислам дресс-кодын қадағалайтын полицияның қызметі жойылды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Елдің бас прокуроры Мұхаммед Джафар Монтазери «Мораль сақтаушы полицияның қызметі жойылды. Оның сот жүйесіне ешқандай қатысы жоқ»,-деді. Ол бұған дейін «әйелдерді шашын көрсетпей жүруге міндеттейтін заңды парламент пен сот органдарының қарастырып жатқанын» айтқан болатын.
Ислам консультативтік Ассамблеясының Директорлар кеңесінің өкілі Незамуддин Мусави «Ирандағы жаппай наразылық мәселесі Парламент пен Үкіметтің жабық отырысында көтерілді, шерулердің көпшілігі экономикалық мәселелермен байланысты. Сондықтан тұрақтылыққа жетудің ең дұрыс жолы – халықтың нақты талаптарына назар аудару»,-деді жексенбіде.
Бірақ белсенділер «бұл биліктің қыркүйек айында 22 жастағы Махса Амини қайтыс болғаннан кейін басталған жаппай наразылықтарды тоқтату тактикасы болуы мүмкін» деп санайды.
Айта кетейік, қыркүйекте ирандық 22 жастағы Махса Аминиді елдің мораль полициясы хиджапты дұрыс кимегені үшін тұтқынға алған. Кейін оны ұрып-соғып өлтіреді. Бірақ ресми билік қыздың жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтып, соққы алғанын теріске шығарды. Осы оқиғадан кейін Иранда жаппай наразылықтар басталды. Иран билігі наразылықтарды ішкі жаулар тұтандырып отырған тәртіпсіздіктер деп атайды. Құқық қорғаушылардың деректері бойынша, шерушілер мен полицияның қақтығысы кезінде кемінде 450 адам қаза тапты, оның ішінде 60-сы бала, 18 мыңнан астам адам қамауға алынды.
Парсы BBC қызметі жариялаған хат-хабарда Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеи хиджаб кию ережелерін дұрыс қадағаламағаны үшін әртүрлі құрылымдарға бірнеше сөгіс берген.
2006 жылы әйелдерге хибжап киюді міндеттеу үшін мораль полициясы немесе "тәрбиелік патруль" пайда болды. Бұл президент Махмуд Ахмадинежадтың тұсы болатын. Алғашқы кезде тек ескерту жасап жүретін мораль полициясының кейін өкілеті кеңейіп, кінәлі деп тапқандарын тұтқынға алу құқығына ие болды.
Abai.kz