Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 1747 2 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 14:24

Ақындықтың асыл мұраты

1985 жылы орыс халқының ХІІ ғасырда дүниеге келген деп айтылып жүрген жазба ескерткіші «Игорь жорығы туралы жырдың»  800 жылдығы Совет Одағында кең көлемде аталып өтетін болды. Әрине, мұндай елеулі оқиғадан еліміздегі ең ірі жоғарғы оқу орны С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің де сырт қалмай, ғылыми конференциялар ұйымдастыруға білек сыбана кірісетіні айтпаса да түсінікті. Бірге оқып жүрген студенттерден  орысшам көш ілгері болғандықтан ба, біздің курстан мерейтойға қатысты баяндама жасау міндеті менің мойныма жүктелді. «АЗиЯ»-ны оқып шыққаннан кейін қызығушылығым оянып, даулы  тақырыпты ешкімге білдірмей зерттеп, ондаған кітаптар мен ғылыми басылымдарда жарық көрген жүздеген мақалаларды  шолып  шыққандықтан конференцияда сөз сөйлеуге қуана-қуана келістім. Бірақ, университет ұсынысынан бас тартып, өз еркіммен  «Подлинность слово о полку Игореве» деген күрделі тақырыптың құлағына сырға тақтым.  

Түпнұсқасы өртеніп кетіп, А.И. Мусин-Пушкин жазып алған көшірмесі ғана қалып, біздің заманымызға жеткен орыстың ежелгі эпосы төңірегіндегі  дау-дамай ХІХ ғасырда басталып, қызуы бір басылмай күні бүгінге дейін  жалғасып келеді. 1801 жылы неміс тарихшысы Август Шлецер эпостың алғашқы басылымының жарық көруіне орай мақала жазып, ежелгі орыс ескерткішінің түпнұсқалығына күмән келтіргеннен бері басталған айтыс-тартыс жылдан жылға өрттей өршіп барады. Әйгілі эпосты поляк тіліне тәржімалаған ақын Циприан Годебский, Мәскеу университетінің профессоры М.Т.Каченовский да шығарманың ХІІ ғасырда жазылғанына байланысты көңілдерін қытықтаған күмәндарын жасыра алмай, шындықтарын айтты. .

1812 жылы жазба ескерткіштің қолжазбасы Мәскеудегі өртте сау тамтығы қалмай жанып  кеткеннен кейін күдіктің қара бұлты бұрынғыдан бетер қоюлана түсті. Алып-қашпа әңгімелер туып, эпосқа қатысты дау-дамай жаңаша сипат алды. Каченовскийдің шәкірті И.Беликовтың «Некоторые исследования „Слова о полку Игореве“» зерттеуіндегі болжамдар талас-тартыстың отына май құя түсіп, О. И. Сенковский сияқты беделді ғалымдарға дейін скептиктердің ыңғайына жығылды. Күмәнданушыларға қарсы шыққандардың ішінде  М. П. Погодин, С. П. Шевырев, М. А. Максимович, Д. Н. Дубенский,  П. М. Строев, И. И. Давыдов, М. Н. Катков, тіпті, орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин де  болып, шығарманың түпнұсқалығын дәлелдеуге бар күштерін салды.

1852 жылы В. М. Ундольский тұңғыш рет «Игорь жорығы туралы жырмен» ұқсастығы көп ХV ғасырдың жазба ескерткіші «Задонщинаның» мәтінін жариялаған соң күмәнданушылардың қатары әжептәуір сейілгендей болған.  Алайда,  1890 жылы француз слависі Луи Леже ғылыми ортада талас туғызып келе жатқан эпостың «Задонщинаның» негізінде жазылған шығарма болуы ықтимал екендігі туралы болжамын жасады. Леженің айтуынша, бұл жыр  халықтық туынды емес, бертінде жазылған білікті маманның төл шығармасы.

Ғалымдардың дауыл күнгі дарияның толқынындай аласұрған талас-тартысы  ХХ ғасырда да толастаған жоқ.  Қайта бұрынғыдан да бетер күшейіп, шарықтау шыңына жетті. Орыстың ұлы суреткері Лев Толстой жырдың жалған туынды болуы әбден мүмкін екенін тілге тиек етіп,  оны Краледворск қолжазбасымен (Славян әдебиеті мен фольклоры саласындағы жалған қолжазба) салыстырды.

1938 жылы атақты ғалым Андре Мазон мен оның жақтастары француз слависі А.Вайян, эмиграциядағы орыс филологы Б.Г.Унбегаун мен ақын М.Г.Горлин, болгар ғалымы М.Арнаулов, жапон слависі Р.Кисакийдің жазба ескерткіштің түпнұсқалығына күмән келтірген сериялық мақалалары бірінен-соң бірі жарық көрді. 1940 жылы профессор Андре Мазон жырды зерттеген кітабын шығарып, оның Оссианның поэтикасына еліктеп жазылған шығарма болуы ықтимал екендігі туралы ойын білдірді.  Белгілі ғалымның пікірінше, мұндай жалған эпосты қолдан жасау қажеттілігі Екатерина ханшайымның жеке басының абыройын асқақтату,  орыс отаршылдарының Қырым мен  Галицияны өздеріне қосып алу құқығының бар екенін дәлелдеу мақсатынан туған.

Әрине, жырдың түпнұсқалығын дәлелдегісі келген орыстың атақты ғалымдары ауыздарын ашып, ай бағып отырған жоқ.  Асыл мұраларының ХІІ ғасырдың туындысы екенін дәлелдеуге құлшына кіріскен ғалымдар Р. О. Якобсон, А. В. Исаченко, Е. А. Ляцкий, А. В. Соловьев, П. М. Бицилли, И. Н. Голенищев-Кутузов, В. П. Адрианова-Перетц, Н. К. Гудзий, Д. С. Лихачевтар күмәнданушыларға тойтарыс беріп, пікірталастың көрігі бұрынғыдан бетер қызып  кетті.

Өкінішке қарай, кейбір советтік ғалымдардың еңбектерінен кейін бұл мәселе идеологиялық бағытқа бет бұрып, ғылымидан гөрі саяси сипат алды.  Мәдениет саласындағы солақай идеологтардың пікіріне сүйенсек, «Игорь жорығы туралы жыр» орыс пен совет халқының мақтанышы, ендеше оған күмән келтіру лениндік құндылыққа қарсы шабуылмен пара-пар буржуазиялық әрекет. Көне жырдың жауларына қарсы күрес қатты қарқын алып, жазалау науқаны күшейгендіктен қызыл империяның қаһарынан қаймыққан ғалымдар енді бұл тақырыпқа қатысты ойларын абайлап айтуға көшті. Міне осындай советтік идеология ғылым саласына да тізесін батырып,  өктемдігін жүргізіп тұрған өліарада эпос туралы өз ойын айтқан бір үлкен ғалымның еңбегі мен орыстардың көбі жыға тани қоймайтын бір қазақ ақынының жарық көрген кітабы жұрттың көңілінде бейбіт күнде жарылған бомбадай әсер қалдырды.

1963 жылы жазба ескерткішті зерттеп жүрген орыс ғалымы А.А.Зимин аяқ астынан «жауларының» жағына шығып, сөз сөйлейді. Эпосты жан-жақты зерттеп, текстологиялық жұмыс жасаған ғалым Ленинградтағы Пушкин үйіндегі әйгілі баяндамасында «Игорь жорығы туралы жырдың» ХІІ ғасырда емес, «Задонщинаның» негізінде, кейінгі ғасырларда жазылған шығарма екенін мәлімдеді. Баяндамашыны тыңдауға жиналған ғалымдардың ешқайсысы да  Зиминнің дәлелдеріне қарсы уәж айта алмай, ауыздарына құм құйылды.

Әйткенмен, ғылыми ортада дүрлігіс туғызған оқиғадан кейін Советтер Одағы коммунистік партиясының идеологиялық бөлімі Зиминнің концепциясының саяси қауіпті екенін мәлімдеп, ғалымға қатаң ескерту жасалып, баяндамашының материалдарын жариялауға цензуралық тиым салынды.

Он жыл өткен соң қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің тартысты тақырыпқа араласып, өз болжамын жасауы тағы да елеулі оқиғаға айналды. Күтпеген жерден ол «АЗиЯ» кітабында қөне эпостың екі тілді оқырманға арнап жазылған, қос тілді меңгерген, яғни, орысшамен бірге түрк тілін де жақсы білетін автордың шығармасы болуы ықтимал екендігі туралы жорамалын жария етіп, ежелгі орыс қайнарларынан ондаған мысалдар, жүздеген дәлелдер келтірді.

Бұрынғы тарих ғылымы далалықтар мен татар-монғол басқыншылығы кезінде орыс тіліне  түрклердің екі-үш қана сөзі енді дегенді жағы талмай айтумен келген еді. Ал, Олжас бұл кітабында орыс тілінің еншісіндегі көптеген сөздердің түрк тілінен алынғанын өз тұрғысынан дәлелдеп, «Игорь жорығы туралы жыр» эпосындағы көзге көрінбейтін тюркизмдер туралы мәселе көтерді. Бодандығында болып, үстемдігін жүргізуге дағдыланған  «жабайыларға» жоғарыдан қарап үйренген ресейлік академиктердің қазақ ақынының аузынан  мұндай жаңалықты естігенде ашу-ызалары келіп, қандары қайнады.

Шын мәнісінде Олжас Сүлейменовтың айтып отырған сөздерінің қисыны бар-тын. Тіл де химиялық элементтер сияқты мәдени байланыстардың, соғыстардың, саяси және экономикалық қарым-қатынастардың арқасында ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Мысалы, корей тілінің 75 пайызы қытайдікі, ал, француз тілінің 25 пайызы араб сөздері екені дәлелденген. Ендеше «Игорь жорығы туралы жыр» эпосындағы көптеген сөздердің түрк тілінен алынғанына қатысты қандай күмән тууы тиіс. Тіпті, бұл эпос орыс ақынының емес, түрк шайырының жазба мұрасы болуы да ықтимал ғой. Баяндамамды дайындау барысында әйгілі туынды түрк  халқының көне заманда туған мадақ жыры емес пе екен деген ойға беріліп кеткен кезім де болды.

Ғылыми конференцияға мен бар ынта-жігерімді салып дайындалдым. Оқытушылардың дәрісін тыңдап бола салысымен, түстен кейін жол-жөнекей  тамағымды іше салып, бірден Орталық кітапханаға тартамын. Тақырыпқа қатысты дүниелерді жаздырып алып, кітапхана жабылғанға дейін тапжылмай отырып, ғылыми еңбектерді, журналдарды, тіпті, орыс ақыны Игорь Шкляревскийдің эпосты қотарып аударып шыққан сол жылдары жасаған тәржамасына шейін оқып шықтым. Қазақ ақындары Берқайыр Аманшин мен Несіпбек Айтовтың эпосты ана тілімізге аударған тәржімасымен де таныстым.

«Игорь жорығы туралы жыр» эпосының 800 жылдығына арналған  басқосуда біраз жұрт төбе көрсетті. Төменгі, жоғарғы курстың белсенді  студенттері де қатысты. Маған сөз конференция аяқталар кезде тиді. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, қобалжып кеттім.

Ғылыми отырыста көне жырдың тұпнұсқалығына қатысты мәселелерді ғана қозғауым керек екеніне қарамастан, баяндамамның соңына таман тақырыпты басқа жаққа бұрып әкеттім. Шешіліп сөйлеп, Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ»-сын қорғап, көкейімде жүрген ойларымды айтып-айтып тастадым. Қызды-қыздымен орыстың мүйізі қарағайдай ғалымдарының еңбегін сынап жіберіппін.  Қазақ мәдениетіне Ресей немесе Европа ғалымдарының көзімен ғана қараудың қате екенін айттым. Конференцияға амалсыздан келіп, қалғып шұлғып отырғандардың өзі басын көтеріп алып, менің сөзіме таңырқай қарасты.

- Өз халқының мәдениеті мен әдебиетін көтере отырып, өзге халықтың әдебиеті мен мәдениетін жоққа шығаруға болмайды, - деп сөзімді аяқтап ойымды түйіндедім. Соны айтуым мұң екен университеттің біраз мұғалімдері қитұрқы сауалдар қоя бастады. Менің алдымда сөйлегендерге құр қол шапалақтай  салған. Конференция аяқталғанда көзілдірік киген бір оқытушы қасыма келді де:

- Байқа, бала! Әкеңе сеніп жүрсің бе? Жаңағы сенің айтып отырған сөздерің ойыншық емес. Неге қарсы шығып отырғаныңды сен сезбейтін сияқтысың, - деп қатаң ескерту жасады.

Бәлкім, мұндай конференциялардың сол кезде көп өткенінен бе, әлде әлі жас қой деп аяды ма, әйтеуір менің сөздеріме ешкім ерекше көңіл бөліп, соңы дауға айнала қойған жоқ. Дегенмен, тұмаудай жабысып, тамағымды жыбырлатқан шындықты  айтып салғаныммен, әлдекімдер  мәселе көтеріп, оқудан шығарып жібере ме деген күдік күні бойы көңілімнен кетпей қойды.

*

Ғылыми конференциядан рухым қорланып, намысым тапталғандай болып күйзеліп, үйге тауым шағылып қайттым. Салым суға кетіп, кітап оқуға да, ойнап-күлуге де зауқым соқпады. Жұмыстан ерте оралған әкем көңіл-күйімнің жоқ екенін бірден байқап жағдайымды сұрады. Ештеңені жасырмай, мен оған университеттегі жиынның қалай өткенін  түк қалдырмай бастан-аяқ баяндап  бердім. Шерменде күйімді түсінген әкем жабырқаған жүрегімді жұбатып, ақылын айтты:

- Бір күнгі сәтсіздікке бола ұнжырғаң түспесін, ұлым. Өмірің әлі алда. Ұлтыңның тарихы, мәдениеті, әдебиеті үшін жаныңды аямай келешекте  де талай рет күресуіңе тура келеді. Ең бастысы таңдаған бағытың дұрыс. Халқыңа деген ниетің, пиғылың таза. Егер ғылым жолына түскің келсе, саған бағыт беретін, жөн көрсететін бір адам керек. Олжастың жұмысы бастан асып жатқандықтан дәл қазір онымен сені жүздестірудің орайы келмейді.  Бірақ, қазақтың өнерін, мәдениетін, әдебиетін бір адамдай жақсы білетін Ақселеу ағаңмен сені жолықтыруға әкеңнің шамасы жетеді.

Ұлтымыздың тарихын зерттеп, мәдени мұрасын түгендеп жүрген әрі этнограф, әрі жазушы  Ақселеу Сейдімбекті сыртынан жақсы танимын. Қолтаңбасын қалдырып, әкеме сыйлаған «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабын бір деммен оқып шығып, қиялының ұшқырлығына, білімінің молдығына, тілінің құнарлығына таң қалғанмын. Ұжымдық жинақта шыққан «Аққыз» хикаясымен де таныспын.

Әкем уәдесін орындау мәселесін кейінге күндерге ысырмай, бірден іске кірісіп  Ақселеуге телефон шалды.  Ағасына еркелеп, қалжыңдасып, біраз әңгіме айтты. Телефонның арғы жағынан ол кісінің рахаттанып күліп, сыпайы жауап берген қоңыр дауысы маған да естіліп жатты. Әзілдері жарасып, сүт пісірім уақыт сөйлескен соң негізгі шаруасына көшті.  Ғылымға қызығып жүргенімді жеткізіп, бағыт-бағдар көрсету үшін менімен әңгімелесіп көруімді өтінді. Кенеттен «сенімен Ахаң сөйлескісі келеді» деп телефон тұтқасын маған берді. Амандық-саулығымды сұраған соң ол кісі ұзаққа созбай, сөзбұйдаға салмай, әңгіменің тоқетерін айтты.

- Аманжан, сенің ғылым жолына түскің келетін талабың мені қатты қуантып отыр. Бірақ, қандай бағытта ізденіп жүргеніңді білмегендіктен, дәл қазір кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Сондықтан сен оқыған кітаптарыңның тізімін  жасап, уақыт тауып келесі аптаның сәрсенбісінде, түстен кейін біздің үйге кел. Екеуміз шәй ішіп отырып, арқамызды кеңге салып, бұл мәселені асықпай талқылайық, - деп өзі тұратын үйдің мекен-жайын жазып алуымды сұрап, қалай жету керек екенін «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп тәпіштеп түсіндіріп берді.

Ағамыз қоныс тепкен Мұратбаев көшесі біз тұратын үйден тым алыс  емес екен.  Сәрсенбінің сәтті күні автобусқа мінбей-ақ, жаяу жүріп, жарты сағатта жазушының үйіне  жетіп бардым.

Бұрыннан танитын адамдай ол мені құшақ жая қарсы алып, баласындай еркелетіп, маңдайымнан сүйді. Ұзын бойлы, ат жақты, жүзі жылы, сары кісі екен. Қала қазақтары сияқты үстіне жеңі қысқа көйлек пен жеңіл шалбар емес, әдемі оюы бар қазақы шапан киіп алыпты. Шаңырағында ұлттық киіммен жүрген жазушыны өмірімде тұңғыш көріп таң қалдым.

Менің келу құрметіме арнайы бір табақ ет асқызып қойыпты. Қолымызды жуып, келелі кеңесті бастамас бұрын, екеуміз әуелі аш қарынды жұбатуға ықыластана кірісіп кеттік. Арқа жақтың еті балдай ғой, шіркін.  Бірақ қалада жүріп бірішек болып қалған қарным  екі-үш түйір ет пен бір-екі қазы-қартаны асай салысымен тез тойып қалды.

Еттен кейін, асықпай сыр-сұхбат құрып, шәйді сораптап шөлімізді бастық. Әкемнен де үлкен адамның маған құдды көптен күткен сыйлы қонағы келгендей ілтифат танытып, сый-құрмет көрсетіп, қызмет істеп жатқанына бір жағынан қатты қысылып та отырмын. Ет желініп, шәй ішіліп болған соң ол маған жұмыс істейтін бөлмесін көрсетті. Бөлменің іші, тіпті шағын балконына шейін толған кітап. Көркем шығармалар жоқтың қасы, негізінен мүйізі қарағайдай ғалымдардың қолға түсе бермейтін том-том еңбектері. Ұқыпты қолмен, рет-ретімен жиналған кітаптар сапқа тұрған сарбаздардай сөрелерде самсап тұр. Таңырқағаннан аузым аңқайып ашылып қалды. Не деген мол байлық? Мұндай құнды қазынасы бар адамның қандай  арманы болуы мүмкін. Көздің жауын алған кітаптардың арасынан Олжастың «АЗиЯ»-сын да көріп қалдым.  Ендігі сәтте бөлменің бір бұрышында үйіліп тұрған кітаптар көзіме оттай басылды. «Поющие купола». Ақселеу ағаның таяуда ғана жарық көріп, баспахананың исі әлі шығып тұрған,  орыс тіліне аударылған «Күңгір-күңгір күмбездері» екен. Көзімнің сұғын қадап, қызыға қарағанымды байқаған ол үйіліп жатқан көп кітаптың ішінен біреуін суырып алып «Айналайын, Амангелді! Күресі кесек, қызығы мол келешек тілеймін. Ағаң Ақселеу» деп қолтаңбасын жазып, сыйға тартты. Мұндай тосын сыйды мен мүлде күтпеп едім. Қуанышым қойныма симай, көңілім алып-ұшып, жүрегім атқақтап кетті. Бақыттан басым айналып, бал-бұл жайнаған жүзіме мейірлене қараған ол сәлден кейін «енді әңгімемізді бастайық» дегендей ишарат танытты.

Сөзімді бөлмей айтқан әңгімемді бар зейінін салып, мұқият тыңдады. Бала көрмей, замандасындай сырласқан көшелі кісіге менің де бүйрегім бұрып, ет-жүрегім елжіреп, жан сырымды жасырмай, ағымнан ақтарылдым. Келешекте Олжас ен салған тақырыпты түбін түсіріп зерттеп, бір үлкен еңбек жазудың ойымда жүргенін жеткіздім.  Айтарымды тауысып болған соң ол мектеп оқушысының торкөз дәптеріне жазып әкеп берген оқыған кітаптарымның тізіміне көз жүгіртіп өтіп, сөзін сабақтады.

- Аманжан! Сен негізінен «Игорь жорығы туралы жыр» атты көне эпосқа қатысты ғылыми еңбектерді көп оқыпсың. Бірақ сен енді бұл тақырыпқа аса көп басыңды қатырма. Жатқан жыланның құйрығын басқаннан не опа табасың. Сен түгіл Олжастың өзін даулы мәселеге араласқаны үшін Москваға шақыртып, кешірім сұратқан. Империялық пиғылын жүзеге асыру үшін орыстар өздерінің тарихтарын қолдан жасап, талай нәрсені былықтырып жіберген. Россияның қулығына құрық бойламайды. Көзі ашық бір орыс ғалымының «Орыс тарихының шындығына көз жеткізу үшін оны қайта жазып шығу керек» дегені бар. Сенің келешегің - алда. Болашағы зор азаматсың. Әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жассың. Тағдырыңа тосқауыл болатын қауіпті тақырыпты қазбалай берме. Одан гөрі мына бір-екі ғасыр ширегіндегі ұлт үшін жанын шүберекке түйіп, ақындықтың асыл мұратынан айнымаған, тағдырлары қыл үстінде болған бабаларымыздың мұрасын түгендеп, санатқа қосып, бағасын бере алсақ та дәтке қуат. Тарихымызда орыс отаршылдығына  ашықтан-ашық қарсы шыққан Шортанбай мен Дулат сияқты қаншама ұлы ақындарымыз болды. Қазір мен Мұрат Мөңкеұлының мұрасын зерттеп жатырмын. Жасындай жарқылдаған таңғажайып тұлға!  Отаршылдыққа төзбей арыстандай атылған  - рухтың семсері, ақындықтың найзағайы! «Еділді тартып  алғаны, етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны, жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны, ойындағысы болғаны» дегенді айтқан ол ақындықтың алдаспаны ғой.  Сол Мұраттың әдебиет тарихындағы ойып тұрып  алуға тиіс орнын белгілеп берудің өзі оңай іс болмай тұрған жоқ па. Бірақ ондай от тілді, орақ ауызды аруақты ақынды білмегенің үшін сені жазғыра да алмаймын. Батыстағы Мұрат түгіл, өз ауылыңда туған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардың еңбектерін оқи алмай жүрген сендерге біз қандай кінә арта аламыз, - деді  ауыр күрсініп. Мұраттың да, Ахмет пен Міржақыптың де есімдерін тұңғыш  рет естіген мен Америка ашқандай, оны айтқан адамның жүзіне таңырқай қарасам, ағамның көздері теңіздей терең ойдың тылсым тұңғиығына батып барады екен.  ("Ақындықтың асыл мұраты" атты эсседен)

 

Амангелді Мырзабек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487