Ресей Беларусь жерінде жаттығу өткізуде
Ресей қорғаныс министрлігі Беларусь аумағында батальондардың тактикалық оқулары жүріп жатқанын жариялады. Әскери жаттығулардың қашан басталып, қашан аяқталатыны айтылмады.
"Бейімдеу кезеңі аяқталған соң" қолбасшылық "әскери бөлімдердің ұрысқа қаншалықты дайын екеніне баға береді", деп "Интерфакс" агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Ресей жауынгерлерінің алғашқы тобы Беларусьқа қазан айында келген. Оның алдында Беларусь қорғаныс министрлігі "әскердің бірлескен тобының оқуларына" қатысу үшін елге тоғыз мыңға жуық ресейлік жауынгер, жүзден аса танк, бронды көліктер мен минометтар, сонымен бірге авиация келетінін хабарлаған.
Содан бірнеше күн бұрын Беларусь басшысы Александр Лукашенко Беларусьқа шабуылдауға дайындалып жатыр деп Украинаны тағы бір мәрте айыптап, мұндай бірлескен топтық қажеттілігін "Одақтас мемлекеттердің батыстағы шекарасындағы жағдай шиеленісіп бара жатқанымен" түсіндірген. Украина көрші Беларусьқа шабуылдауға дайындалып жатыр дегенді жоққа шығарған.
Желтоқсанның басында Лукашенко Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуде Ресей мен Беларусь әскері "бір топ, бір армия ретінде" дайындықтан өтуге жарайды деп мәлімдеген. 13 желтоқсанда Беларусьта Лукашенко жарлығымен күтпеген жерден елдің қарулы күштерінің ұрысқа дайындығы тексеріле бастады.
Беларусь армиясы Украинаға қарсы соғысқа тікелей қатысқан жоқ, алайда Ресей әскері 2022 жылғы ақпан-наурыз айларында Киевке сол жақтан шабуылдаған. Бұған қоса, Ресей Беларусь аумағын Украинаны әуеден соққылау мақсатында пайдаланып отыр. Соған байланысты Батыс елдері Беларусьқа қарсы санкциялар енгізді.
Украина барлау қызметінің дерегінше, Беларусь аумағына Ресей сарбаздары мен әскери техникасы өтіп жатыр, бірақ Киев Беларусь жағынан шабуыл болады деп есептемейді. Украина әскері Беларусьпен шекарадағы жолдарды миналап, шекарадағы өзендердегі көпірлерді жарып тастады.
Abai.kz