Ресей мигранттарды соғысқа тартуда
Ресей астанасындағы еңбек мигранттарын Украинадағы соғысқа қатысу үшін келісім-шартқа отыруға үндеп жатыр. Sota басылымы "Выхино" метросында таратылған парақшаны жариялады.
Басылым мәліметінше, метрода парақша таратқан ер азамат "жолаушылардан қай елдің азаматы екенін сұрап, көпшілік арасынан мигранттарды әдейі іздеген". Ол парақшада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтарын Ресей армиясына кіруге үгіттеген. Парақшада үміткердің кем дегенде тоғыз сыныптық білімі болуы, орыс тілін білуі шарт екені жазылған.
Ресей армиясында қызмет етудің артықшылығы ретінде "Украинадағы ұлтшылдармен ҰҚШҰ аясында бірге күресу", "баға жетпес әскери тәжірибе алу", "Ресей батыры атану мүмкіндігі", "Ресейдің рухы ұқсас екі халқы арасындағы байланысты еске түсіру, жандандыру", сонымен бірге "Ұлы Ресей мен Дос республикалар халықтарын қайта қалпына келтіруге тікелей атсалысу" деп көрсетілген.
Соғысты қолдамайтындар мен Украинаны жақтайтындар, сонымен бірге Ресей армиясына "кір келтіретін" роликтер немесе мәлімет таратқандар үміткер бола алмайды.
Бұның алдында Ресейдегі бірнеше құрылыс компаниясы Тәжікстаннан келген мигранттарды Мариуполь қаласын қалпына келтіруге қатысып, ақша табуға шақырған. Кейін сонда жұмысқа барған еңбек мигранттары уәде етілген жалақының жартысын ғана төлегенін айтқан. Ресей Украинадағы соғысқа Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан тумаларын пайдаланып жатқаны да хабарланған.
Abai.kz