Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
1432 3 пікір 21 Желтоқсан, 2022 сағат 14:03

"Kazakh Tourism" ресейлік сықақшыларды шақырып, қазақ туризімін дамытпақ па?

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы ресейлік әзіл-сықақшылардың концертін ұйымдастыруға 20 млн теңге бөлген. Бұл туралы Protenge телеграм арнасы жазды.

"Kazakh Tourism" – нің қолдауымен ұйымдастырылған "Aktau Comedy Fest" іс-шарасында 6 қазақстандық, 2 ресейлік сықақшы: Сергей Орлов пен Андрей Айрапетов өнер көрсеткен. Ұйымдастырушы Шамшиева Айжан атты жеке кәсіпкер мен Kazakh Tourism арасында 18,6 млн теңгеге келісімшарт жасалған.

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы бұл іс-шараны «елге турист тарту мақсатында» жасалып жатыр деп түсіндірген. Түрік кәсіпкері Феттах Таминджеге тиесілі "Rixos Aktau" қонақ үйінде өткен концертке айналдырған мың адам келген. Оның үстіне ұлттық компания қонақ үй залын 3,3 млн теңгеге жалдаған. Біз отандық туризмді осылай дамытып жатырмыз, деп жазады Protenge.

Айта кетейік, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының сайтында оның 2017 жылы Қазақстанды туристік бағытын әлемдік деңгейге шығару мақсатында құрылғаны жазылған. "Kazakh Tourism "ҰК" АҚ-ның жалғыз акционері – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті.

 

Abai.kz

3 пікір