АЗАНШЫ
Сөз басы
«Авторлық құқым бар» деп адам баласы айта алмайтын бір ән бар. Оған, артық кетсем, Алла кешірсін, алғаш рет сол әнді түсінде естіп, өңінде орындап шыққан сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында болған сахабаларының да хақысы болмаған. Иә, иә, ол - авторы жоқ ән. Дұрысы, оның авторы - Алланың нығметін жеткізуші періштелердің өзі...
Ол ән - ешқашан сөзі аударылмайтын, аударуға рұқсат етілмеген ән. Ол ән - сан мың ғасырдан бері бір әрпі де, тіпті, әуезіндегі бір буын я екпін, тіпті, орындалуындағы тынысы, демі өзгермей келе жатқан ән. Ол ән - құдіретті ән. Құдіреттілігі сондай, естігеннің жан-жүрегін шымырлатпай қоймайды. Адамды сабасына түсіріп, жан-жүректі бесікке салғандай, тербетпей қоймайды.
Сөз басы
«Авторлық құқым бар» деп адам баласы айта алмайтын бір ән бар. Оған, артық кетсем, Алла кешірсін, алғаш рет сол әнді түсінде естіп, өңінде орындап шыққан сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында болған сахабаларының да хақысы болмаған. Иә, иә, ол - авторы жоқ ән. Дұрысы, оның авторы - Алланың нығметін жеткізуші періштелердің өзі...
Ол ән - ешқашан сөзі аударылмайтын, аударуға рұқсат етілмеген ән. Ол ән - сан мың ғасырдан бері бір әрпі де, тіпті, әуезіндегі бір буын я екпін, тіпті, орындалуындағы тынысы, демі өзгермей келе жатқан ән. Ол ән - құдіретті ән. Құдіреттілігі сондай, естігеннің жан-жүрегін шымырлатпай қоймайды. Адамды сабасына түсіріп, жан-жүректі бесікке салғандай, тербетпей қоймайды.
Ол ән - 360 сағаттық меридианға бөлінген жер бетінде үздіксіз айтылып жатады. Бір белдеуде айтылып, аяқталса, келесі белдеуде жалғасып, мәңгі үзілмейді. Сан ғасырдан бері бұл жаһанда әннің үзіліп, орындалмай қалған кезі болған да емес. Иншалла, болмайды да. Ол ән тоқтаса, осынау әлемнің бір бұрышында кісендеулі жатқан Тажалға күш бітеді, ол кісенін үзіп, бостандыққа шығып кетеді, сөйтіп, ақырзаман болады дейді қазақ ол туралы. Расында да, ол ән - тажал біткенді тұқыртқан ән. Исламнан хабары бар әр адам бір рет болса да, көптің алдына шығып орындауға, жұртты ұйытуға құштар ететін ән. Ол ән, әлбетте, мұсылман қауымын бір мезгілде ғибадат етуге шақыратын - Азан.
Азан: тарихтан тәбәрік
Әуелде адамзат қоғамына ислам діні түскеннен кейінгі уақытта мұсылмандар бес уақыт намазды бөлек-бөлек оқитын болыпты. Мінәжәт орны - мешітте де бір намаздың өзі топ-топ болып келушілерге қарай бірнеше мәрте, аз ғана жамағатпен оқыла берген. Діни қақтығыс өршіген дәуірде мүшріктердің қыспағында айқайлап, жұртты бір мезгілде намазға шақыру мүмкін де емес еді. Алланың Елшісі Мұүхаммед пайғамбар Мәдина қаласына көшіп келгеннен кейін өзінің соңына ерген қауымға бес парыздың бірі - намазды жамағатпен оқығанның үлкен сауап екенін жеткізді. Ол үшін барлық сахабаларын жинап, бір мезгілде үлкен жамағат болып намаз оқу үшін көпшілікке мінәжәт уақыты болғанын қалай жариялауға болатынын ақылдасты.
Тарихи деректерге жүгінсек, алғашқы мұсылман қауымының өкілдері арасынан бірнеше ұсыныс айтылған. Яғни, сахабалардың біреуі «үлкен алау жағып, жұрттың назарын аударалық» десе, біреуі «таяқшалармен барабан соғу арқылы дауыс шығарайық» депті. Енді біразы қоңырау шалып, белгі беруді ұсынған. Алайда, бұл тәсілдер Мұхаммед пайғамбарға ұнамайды. Өйткені, олардың бірі қисынсыз болса, ақылға сыйымдысы христиандар мен яһудилердердің құлшылыққа жинау тәсіліне ұқсайтын еді. Бұдан соң ойды сан жаққа жүгіртсе де, ұтымды шешім тауып, бір байламға келе алмаған сахабалар салы суға кетіп тарқасады.
Артынша таң атысымен сахабалардың бірі Абдулла ибн Зейд ибн Абди Раббихи асыға басып Пайғамбарға келеді. Оған сахабаның таңсәріде көрген түсі себеп болады. Абдулла ибн Зейд ибн Абди Раббихи түсіне сол күн періште енгенін айтады. «Періштенің қолында бірнеше таяқша бар еді. Мен соны сатуын сұраппын. Әлгі періште менің таяқшаға құмарту себебімді сұрады. Мен оған таяқшаларды соғу арқылы мұсылмандарды бір мезгілде Аллаға мінәжәт етіп, намаз оқуға шақырғым келетінін айттым. Содан кейін періште: «Саған ең жақсы тәсілді көрсетейін бе?» деп сұрады. «Иә» дедім мен. Бұдан соң періште маған былай деді», - деп, Абдулла ибн Зейд Пайғамбарға дауыстап азанды айтып береді... Бұдан соң сахабасының түсі мен орындаған әуенін ұйып тыңдаған Пайғамбардың жүзі жадырап: «Бұл шын түс, ақиқат түс», деп шын қуанғанын білдіреді.
Алғашқы азаншы кім?
Бір қызығы, Жәбірейіл періште аян еткен азан туралы түсті сол күні он бір сахаба көрген болып шыққан. Бұл, расында да, жебеуші періштенің мұсылмандарға көрсеткен хикметті жолы болатын. Сондықтан, әрине, азан айту -ислам әлемі үшін ғибадат етуге шақыру тәсілі болып қабылданды. Және сахабалардың көбі көрген түстің тегін еместігін бірден болжаған Пайғамбар сол күні-ақ Абдулла ибн Зейдке түсінде айтылғанды Хазіреті Біләлға үйретуді бұйырды. Өйткені, Хазіреті Біләл - дауысы ашық, үні көркем, тыныс кең, бүгінгі тілмен айтқанда нағыз әнші адам болған. Ал, Абдулла ибн Умме Махтум атты сахаба - Біләл секілді екінші азаншы болып бекітілген.
Бұл туралы, әрине, көптеген риуаяттарда әр қырынан айтылады. Мәселен, Хазіреті Омар: «Мұсылмандар Мәдинаға келгенде бір жерде жиналып, намаз уақытын белгілеп алысатын. Намазға азан айтпайтын еді. Бір күні намазға шақыру туралы ақылдасты. Кейбіреулер: «Насаралар қоңырау шалғандай, қоңырау шалыңыз» десе, енді біреулер: «Яһудилердің мүйіз керней шалғаны сияқты бір нәрсе шалайық» десті. Кейін Хазіреті Омар: «Намазға шақыруға бір кісіні бекітпейсіз бе?» дегенде, Пайғамбарымыз: «Ей, Біләл, орныңнан тұр! Намазға шақыр!» деп айтты», - дейді кітаптар бойынша.
«Намазға асығыңдар, азаптан құтқарылуға асығыңдар!»
Осылайша, азан - ислам дінінің символикалық бір белгісіне айналды. Пайғамбар сахабаларының бірі Хазіреті Әнес риуаят еткендей, Біләлға азанның сөздерін жұп-жұп қылып, тәкпірді тақ қылып, «қат қамат иссалат»-ты болса, екі рет айту бұйырылған. Қазақша мағынасы бойынша айтсақ, Азанның мәні мынадай: «Аллаһу әкпар» (4 рет) -Алла ұлы; «Әшһәду әлла иллаһи илалла» (2 рет) - Алладан басқа құдай жоқ екеніне куәлік етемін; «Әшһәду әннә Мұхаммәду расул Алла» (2 рет) - Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етемін; «Хайә әлә ас-салят» (2 рет) - Құлшылық етуге (намазға) асығыңдар; «Хайә әлә фәләһ» (2 рет) - Азаптан құтқарылуға асығыңдар; «Ас-сәләту әс хайру ми ан-наум» (2 рет) - құлшылық ету (намаз) ұйқыдан артық; «Аллаһу әкпар» (2 рет) - Алла ұлы; «Лә иләһа илла алла» (1 рет) - Алладан басқа құдай жоқ!
Мұның ішіндегі «құлшылық ету ұйқыдан артық» деген сөз таң намазында ғана айтылады және таң намазының азаны бес уақыт намаз алдында айтылатын азанның ішіндегі ең ұзағы.
Бес уақыт намаз демекші, бес уақыт намаз және қаза, яғни, уақытынан кеш оқылған намаздар үшін ғибадат алдында азан айту ер адамдар үшін ғана міндет саналады. Ал әйелдердің азан, қамат айтуы міндет емес.
Азан не үшін дауыстап айтылады?
Жалпы, ислам қағидалары бойынша, үйде, далада немесе жалғыз я көппен оқылатын намаз алдында азан айтудың өзіндік заңдылықтары бар. Ибн Хурайра риуаят еткендей, «Егер адамдар жамағатпен намаз оқудың сауап екенін білсе, жарысып, мешітке жүгіріп кеткен болар еді. Егер де адамдар таң намазы мен құптан намазын жамағатпен оқығанда не сауап жазыларын білсе, еңбектеп болса да мінәжәт орнына барған болар еді» деген екен Пайғамбар бір сөзінде.
Бұдан аңғарылатыны, үнемі жамағатпен құлшылық ететін орында тұрақты азаншы болу - сауаптың сауабы. Тіпті, «кім де кім сауаптан үміт етіп, үздіксіз жеті жыл азан айтса, тозақ отынан құтылады» делінеді тағы бір хадисте. Енді бірінде он екі жыл азан айтқанға жәннәт уәжіп болатыны айтылады.
Алайда, азаншы болу - кез келгеннің қолынан келетін, кез келгенге нәсіп болатұғын кәсіп емес. Оған сахабалардың бірі Мәлік ибн әл-Хуайрис риуаят еткен мына бір әңгіме дәлел бола алады:
«Бірнеше кісімен бірге Пайғамбарымыздың үйіне келдім. Біз Пайғамбарымыздың қасында жиырма күндей тұрдық. Пайғамбарымыз рахымды, мейірімді екен, отбасымызды сағынғанымызды біліп: «Үйлеріңізге қайтыңыздар. Отбасыларыңызбен бірге болыңыздар. Сонда намаз оқыңыздар. Оларға үйретіңіздер. Намаз уақытында дауысы жақсы бір кісі азан айтсын, жасы үлкендеуі имамдық етсін» деді».
Әлбетте, көпшілікті намазға ұйыту үшін азаншыға азаншы өз деңгейінде толқынды, терең, сазды әуенімен жеткізе білерлік қабілет қажет. Яғни, азаншыға тынысы терең, қуаты күшті, құлаққа жағымды, ырғаққа икемді, әсем дауыс керек. Жәбірейіл періште арқылы он бір сахабаға аян болып жеткен әуен жүрек пен алпыс екі тамырды идірмей қоймайтын құдіретті ән - азан сонда ғана мұсылман әлемінің нұры ретінде тарайды. Сонда ғана жүрекке иман ұялатады.
Ал азанды дауыстап айту ниеті көпшілікке намаз уақыты жеткенін білдіріп, хабардар ету үшін емес, жын-шайтанды адамзат қауымынан аластатып, қоғамға иман ұйыту үшін қажет. Осы орайда, тағы да хадиске жүгінуге тура келеді.
Сахабалардың бірі - Әбу Хурайра риуаят еткен хадис бойынша, «намазға азан айтылған кезде шайтан артынан жел шығарып, азан естілмейтін жерге дейін қашып кетеді» деген екен Пайғамбарымыз. Демек, азанды бар дауыспен айту, мүмкіндігінше елге естірте айту - азаншының парызы.
Ататүрік азанды түрік тілінде айтқызған
Расында да, ислам қағидасы бойынша, азанның мәтіні аударылмайды. Оның себебі, Құранның мәтінін (яғни, Алланың сөзін) өзге тілге аударып, түпкі мағынасын айнытып алудан, яғни бұрмалаудан сақтандыру мақсатынан туған. Хадисте солай делінеді. Әйтсе де, 1920-1930 жылдарда Түркияда азан түрік тілінде айтылған. Ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігімен әлемге танылған мемлекет басшысы Мұстафа Кемаль Ататүрік солай шешім қабылдаған.
Қанша түрікшелеп, азанның сөзін жергілікті халыққа түсінікті тілде жеткізді десек те, Ататүрік азан мәтініндегі «фәләқ» сөзін сол күйі қалдырғызған. Өйткені, сөз жоқ, Ататүрік өз еліне, мемлекетіне әмірі жүріп, өзін қанша құдіретті санаса да, Жаратушы иенің алдында шарасыз екенін елге әмірі жүрсе де, дінге әмірі жүрмейтінін білген. «...«Фәләқ» сөзі аударылмай қалдырылды. Өйткені, ол «азап, тозақ оты» дегендей мағынаны білдіретін еді. Аударылғанда ол бастапқы сөздің өзіндей йболмауы мүмкні. Сондықтан, діни наисхат ретінде қалды» дейді дінтанушылар ол туралы...
Солай болса да, 1950 жылдың 6 маусымында Түркияда өткен сайлауда оппозиция жеңіске жетісімен азанды арап тілінде айтуға үзілді-кесілді тыйым салған Ататүрік шешімінің күші жойылды. Сол кезден бастап қайтадан Түркияда да азан түрік тілінде емес, қасиетті Құранның тілі - араб тілінде айтыла бастады.
Айға алғаш қонған адам исламды не үшін қабылдады?
...Азан - шынында да, жер шарында 24 сағат бойы үздіксіз айтылатын ән. Өткен жылы «Әл-Вай әл-Ислам» атты араб журналына сілтеме жасай отырып, «Ислам НИЮС» агенттігі осындай ақпарат таратты. Агенттік дерегіне сүйенсек, Біріккен араб әмірлігінің математик-ғалымдары азанның айтылуы мәселесі бойынша арнайы зерттеу жүргізген. Соның қорытындысын жариялаған ғалым Абдул Хамид әл-Фадил біздің 360 сағаттық меридианнан тұратын планетамызда әр мериан бір-бірінен тура төрт минутқа бөлінетінін айтқан. Бастапқы айтылуы бойынша дұрыс нұсқасы сақталғанда, азан да орта есеппен 4 минут айтылады. Сондықтан да, азан бір мезгілде, бір меридианда айтылып бітсе, келесі меридианда басталып жатады. Сондықтан да, жер шарында азан 1440 минут немесе 24 сағат бойы үздіксіз орындалады.
Иә, расында да, азан - аян арқылы жеткен ән. Абдулла ибн Зейд ибн Раббихи көрген түстің айнымай он бір сахабаға енуі, алғаш рет Жебірейіл періштенің он бір сахабаның түсіне бірдей еніп, азанды үйретуі тегін емес.
Кім біледі, 1969 жылы Айға қонып, Айда жүріп азан естіген америкалық ұшқыш Хил Армстронг пен оның серіктері - Олдринг пен Коллинс те сол сәт, бәлкім, періште күйге енген болар. Періштелерді естіген болар... Исламның, бәлкім, хақ дін екенінен Алла тағала өзін құдіретті сезініп кететін адамға, адамзат қауымына Айға қонған сол қауымның қарапайым өкілдері арқылы белгі берген шығар... Кім біледі...
Расында да, 2003 жылы «Татар иле» басылымында жарияланған ақпаратқа жүгінсек, 1969 жылдың 20 маусымында америкалық астронавт Хил Армстронг пен оның серіктері - Олдринг пен Коллинс «Аполлон - 11» космостық кораблі бортында Айға қонған. Алдымен оларға алыстан бұлдырап ашық тұрған үлкен кітап көрінеді. (Ол Құран болған дейді зерттеушілер.) Ұзамай алыстан жеткен әуен секілді үзіліп бір ән естіледі. Алғашқыда ол дауысты ұшқыштар радио толқынының жаңғырығы деп ойлайды. Бірақ, олар қонған кеңістікте радио қабылдауы мүмкін емес еді... Жердегі бақылаушылар да арнайы байланыс құралы арқылы сол әуенді естіген. Бірақ, бір жақ «Дауыс жерден шықты» десе, енді бір жақ «Айдан шықты» деп, ақыры тылсым нәрсені қабылдай алмаған олар айтысып, тартысып, бір байламға келе алмайды. Кітап суретке түсіріліп, дауыс таспаға жазылып алынса да, жұмбақ күйінде құпия сақталып қала береді... Арада он төрт жыл өткенде, 1983 жылы астроновт Хил Армстронг ғылыми конференцияға қатысу үшін Мысырға келеді. Конференция өтіп жатқанда азанның дауысы естіледі. Бұл, әрине, Президиумда отырған Армстронгты елеңдетпей қоймайды. Түрі сұп-сұр болып кеткен ғалым: «Бұл не?» деп сұрайды айналасындағылардан. Білетіндер оған азан, яғни, мұсылмандарды намазға шақыру белгісі екенін айтады. «Осы дауыс! Менің алғаш рет Айға қонғанда естігенім осы дауыс! Менің тұла бойымнан шыпшып тер шыққан болатын...» депті ғалым сол сәтте. Осы күннен бастап Айға қонқан алғашқы адам ислам дінін қабылдап, мұсылман болыпты.
Сөз соңы
Азан айтылса, жер беті жұмақ орнағандай күйге енеді. Азан айтылса, адамның жүрегі шымырлап, қан тамырлары иіп сала береді. Сондықтан да, азан алғашқы Айға қонған ұшқыштан кейін де, бұрын да талай-талай адам баласының исламды қабылдауына түрткі болған. Өзге дінді ұстанып, адасқандар мен дінсізбін деп келген талайдың санасына сілкініс беріп, азан иманын ұйытқан.
Қазір де азан айтылса, адам бір нәрседен кеш қалып жүргенін сезінбей қоймайды. Иә, азаншы сезіндірмей қоймайды. Ол, әрине, құлшылық. Бір Аллаға құлшылық.
«Астана ақшамы» газеті,
13.10.2009 жыл