41 нысанды жөндеуге 31 млрд теңге бөлінді
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, қаңтар оқиғасында елдің 8 өңірінде 42 мемлекеттік ғимаратқа зақым келген.
«Орасан нұқсан келген нысандардың бірі – Алматыдағы Президент резиденциясы, өздеріңіз білетіндей, бұл нысанды қалпына келтірмей, бұзу туралы шешім қабылданды. Қалған 41 нысан үшін 31 млрд 100 миллион теңге бөлінді. 37 нысан қалпына келтірілді. Биылғы қаңтар айында Жетісу облысы әкімінің ғимаратын қалпына келтіру аяқталады, наурыз айында Алматы қаласы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және ақпарат орталығының ғимараты мен Алматы қаласы әкімінің ғимараты қалпына келеді. Оны реконструкциялау биыл екінші тоқсанда аяқталады», - деп жауап берді Р. Скляр депутат сауалына.
Алматы қаласындағы Телерадиокешен ғимаратын да жөндеуден өткізу мүмкін емес. Сондықтан, ғимарат қайта салынып, жыл соңына дейін аяқталады. Оған қосымша мемлекеттік сараптама арқылы нақтыланған қаражат бөлінеді.
«Қазір мемлекеттік сараптама өтіп жатыр. Коммерциялық нысандарға келсек, жалпы 356 коммерциялық нысан зардап шекті. Қазір олардың барлығы қалпына келтірілді. 1789 кәсіпкерлік субъектісі залалды тікелей өтеуге өтінім берді, барлық шағын және орта бизнес объектілері бойынша 16 миллиард 700 миллион теңге өтелді», - деді Р. Скляр.
Abai.kz