Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 1905 8 пікір 18 Қаңтар, 2023 сағат 14:23

Рамштайн: Шіренген Challenger, ақырған Leopard

Украинаға Ресей басып кірген сәтте оны өркениетті әлем барынша қолдайтынын білдірді. Әр ел өз бетінше гуманитарлық және әскери салада қол ұшын созып бақты. Алайда берілетін көмекті жүйелеу маңызды болатын. Қай ел қандай көмек беретінін білу, оның жеткізілу уақытын анықтау мақсатында Германиядағы "Рамштайн" әскери базасында ай сайын әлем елдерінің 50-ге жуық мемлекеті кездесу ұйымдастырып, сол жерде Киевті қарумен қолдау мәселесі талқы болатын платформа құрылды. Ол "Рамштайн кездесуі" деп аталады. 

Рамштайнның сегізінші отырысы 20 қаңтарда өтеді. Оған бұл жолы 50-ден астам ел қатысады деп күтілуде. Жиында Украинаны қолдау, оған берілетін көмекті арттыру талқы болады. Нақты қандай көмек көрсетілетіні жайлы ақпарат жоқ, алайда бұл жолы да сөзсіз соңғы екі кездесудегідей зымыран қорғаныс жүйелерін көбірек беру талқыланады. Тағы бір тақырып ретінде батыстық танктерді Украинаға беру мәселесі көтеріледі.

Украинаға "Patriot" зымыран қорғаныс жүйесін беретінін алғаш болып АҚШ жариялаған еді. Артынша Германия да дәл осы зымыран қорғаныс жүйесін беретінін айтты, ал күні кеше Нидерланды бұл тізімге қосылды. Осылайша қазірдің өзінде Украинаға 3 "Patriot" зымыран қорғаныс жүйесі берілетіні анық болды. Рамштайнда енді өзге елдер Украинаны зымыран шабуылынан барынша қауіпсіз ету үшін қандай қорғаныс жүйелерін бере алатыны айтылады, сараланады.

Тағы бір маңызды тақырып батыстық үлгідегі танктерді Украинаға беру мәселесі. Украина қарсы шабуылға шығу үшін батыстық үлгідегі танктерді сұрап келеді. Осы уақытқа дейін Батыс Киевке кеңестік үлгідегі танктерді берсе де, Батыстық үлгідегі танктерді бермеген-ді. Алайда Ұлыбритания бұл қағиданы бұзып, Украинаға заманауи "Challenger-2" танктерін беретінін айтты. Бұл өзге батыстық елдерге месседж болатын. Польша да Украинаға Leopard танктерін беретінін мәлімдеді. Финляндия да беруге дайын. Алайда бұл танктерді шығаруға Германия болғандықтан үшінші елге танкті беру үшін Берлиннен рұқсат алу керек. Берлин осы уақытқа дейін танктерді беруден қашқақтап келсе, енді ол шешімін өзгертуі мүмкін. Күні кеше Германияда қорғаныс министрі ауысты, жаңа министр күн тәртібінде тұрған басты сұрақ Украинаға танк беру екенін айтты. "Рамштайн" кездесуінде Германия танк беруге рұқсат етіп, өзі де бұл процесске қосылатынын айтуы болжануда.

Сегізінші кездесу басталмай жатып, тоғызыншы кездесудің қашан өтері белгілі болды. 24 ақпан қарсаңында Батыс елдері Рамштайнда бас қосып, Украинаға рекордтық деңгейде көмек пакетін жариялауы мүмкін. Өйткені бұл күні Ресейдің Украина жеріне басып кіргеніне тура бір жыл болады.

Ка Мырза

Abai.kz

 

 

8 пікір