Киевте құлаған тікұшақ туралы не белгілі?
18 қаңтарда Киев облысы Бровары қаласындағы балабақша жанына Airbus Н225 Super Puma тікұшағы құлады. Тікұшақ бортында Украинаның ІІМ министрі Денис Монастырский, министрдің бірінші орынбасары Евгений Енин, мемлекеттік хатшы Юрий Лубкович және ІІМ-нің 6 қызметкері болған. Олардың бәрі қайғылы апаттан қаза тапты. BBC-дің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде тікұшақтың құлауына сыртқы күштер әсер еткен болуы мүмкін деген пікірлер бар.
Украинаның қауіпсіздік қызметі апаттың 3 нұсқасын ұсынады: Ұшу ережелерінің бұзылуы, техникалық ақаудың шығуы немесе көлік құралын қасақана жою. Алайда, қорытынды жасауға әлі ерте. Сыртқы күштердің қасақана араласуынан басқа әуе апатына тағы екі себеп бар: техникалық ақау немесе адами фактор.
H225 – Super Puma тікұшақтар тобының кейінгі жылдары шыққан өнімі. Бұл тікұшақтарды алғаш рет 1970 жылы Aérospatiale деп аталған компания құрастырған. Компания атауы кейін екі рет өзгерді. Қазіргі атауы – Airbus Helicopters.
Бір жағынан, бұл тәжірибесі мол, әлемдегі ұзақ жасаған компания болса, екінші жағынан өндіріс орны ескі тікұшақтардың қозғалтқыштары мен басқа да негізгі компоненттерін ауыстырып, жаңа тікұшақ ретінде шығарып отыр. Бұл - өнімін модернизациялап, қайта құрастыратын орта класты Ми-8 тікұшақтар тобына ұқсайды. Қазір олар жаңа өнімдерін Ми-17 атауымен шығарады.
Бұған дейін, 2016 жылы Норвегия жағалауында H225LP құлап, борттағы екі ұшқыш пен 11 жолаушы түгел қайтыс болған. Тікұшақтың құлауына техникалық ақаудың себеп болғаны айтылды. Содан кейін дәл осы модельдің беделі түсті. Тергеу жүргізілді, тыйым салынды – алынды, тікұшаққа өзгерістер енгізілді, тексерулер мен жұмыс режимдерінің жаңа стандарттары қабылданды, бірақ бірнеше ел бұл тікұшақтан бас тартты.
Дегенмен, Super Puma нарықтан шығып қалмайды, өйткені оған бәсекелес болатын орташа көп мақсатты тікұшақтар шығаратын компаниялар аз. Олардың ішіндегі ең танымалы және кең тарағаны, Кеңес Одағынан Ресейге өткен өндіріс орны, Ми-8 (Ми-17) тікұшақтары. Оған балама нұсқалар – Sikorsky S-92, AgustaWestland AW101. Super Puma-ны бұлардың қасында сапалы не сапасыз деп айтуға келмейді, бұл тікұшақтар тобына кіретін әскери және азаматтық тікұшақтар әлемнің ондаған елдерінде қолданылады.
Abai.kz