Кәмелетке толмаған балаларға паспорт рәсімдеу құны арзандайды
Кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендету ұсынылады. Бұл туралы Мәжілістің қарауына берілген «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң жобасында көрсетілген.
«2020 жылдан бастап ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайларда 16 жасқа дейінгі балалар туралы паспортқа жазу талабы алынып тасталды. Осыған байланысты балаларға шетелге шыққан кезде жеке паспортты ресімдеуді талап етеді. Бұл олардың отбасыларына қаржылық жүктеменің өсуіне алып келеді. Осыған байланысты кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен (27 600 теңгеден) 4 АЕК-ке (13 800 теңгеге) дейін төмендету ұсынылады. Бұған қоса, шет мемлекеттерге жиі баратын азаматтардың белсенді санатына ыңғайлы болу үшін көптеген парақтары бар (48 бет) паспортты енгізу ұсынылады», - делінген құжатта.
Заң жобасына енгізілетін өзгерістер бекітілсе, Қазақстан паспорты үшін алынатын мемлекеттік баж мөлшері мынадай болмақ:
16 жасқа дейінгі балаларға берілетін 22 беттен тұратын паспорт – 4 АЕК (13 800 теңге);
36 беттен тұратын паспорт – 8 АЕК (27 600 теңге);
48 беттен тұратын паспорт – 12 АЕК (41 400 теңге).
Abai.kz