Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 23077 0 пікір 17 Тамыз, 2009 сағат 07:18

«Халық жауы» атанған Халел

Қазақтың көзі ашық азаматтарын “халық жауы” деп жаппай қамауға алған 1937 жылдың зобалаңында 116 мың 685 коммунист атылып кеткен екен. Ал  ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылып, Сібірге жер айдалып кеткендердің көбінің сүйегі жат жерде қалғаны белгілі. Абақтының азабынан аман оралғандар некен-саяқ. Солардың бірі – Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде “халық жауы” деп ұсталған Халел Нұрғалиев. 1935 жылы Қарағанды облысына ауысқанға дейін Шалқар көлі жағасында балық аулаумен күн көрген кедей балықшының баласы Халел Нұрғалиев өз еті тірілігімен оқып, Батыс Қазақстан облысының прокуратура, сот саласында қызмет істеді. Халел Нұрғалиұлының жазықсыз жалаға ұшырап, қалай ұсталғанын өз аузынан естіген келіні Фатима апайдың айтуынша: “1937 жылдың 21 шілдесі. Түн ортасында Халелдің есігін біреулер сындырып жіберердей ұрады. Үстіне халат көйлегін іле сала есікке жүгірген әйелі Ханзияның артынан барған Халел бір сойқанның болғанын түсіне қояды. Үйге баса көктеп кірген үш кісі Халелге жылдам киініп, өздерімен бірге ілесіп жүруін бұйырады. Жиналуға үш-ақ минут уақыт берген олар Халелден көз айырмай, ізінен ілесіп жүріп киіндіріп, үйден алып шығады. НКВД-ның тергеушісі Халелден “Троцкий ұйымында қашаннан бері қызмет істейсің, қай барлаудасың, үкіметке неге қарсы шығасың?” деген сұрақтардың астына алады.

Қазақтың көзі ашық азаматтарын “халық жауы” деп жаппай қамауға алған 1937 жылдың зобалаңында 116 мың 685 коммунист атылып кеткен екен. Ал  ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылып, Сібірге жер айдалып кеткендердің көбінің сүйегі жат жерде қалғаны белгілі. Абақтының азабынан аман оралғандар некен-саяқ. Солардың бірі – Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде “халық жауы” деп ұсталған Халел Нұрғалиев. 1935 жылы Қарағанды облысына ауысқанға дейін Шалқар көлі жағасында балық аулаумен күн көрген кедей балықшының баласы Халел Нұрғалиев өз еті тірілігімен оқып, Батыс Қазақстан облысының прокуратура, сот саласында қызмет істеді. Халел Нұрғалиұлының жазықсыз жалаға ұшырап, қалай ұсталғанын өз аузынан естіген келіні Фатима апайдың айтуынша: “1937 жылдың 21 шілдесі. Түн ортасында Халелдің есігін біреулер сындырып жіберердей ұрады. Үстіне халат көйлегін іле сала есікке жүгірген әйелі Ханзияның артынан барған Халел бір сойқанның болғанын түсіне қояды. Үйге баса көктеп кірген үш кісі Халелге жылдам киініп, өздерімен бірге ілесіп жүруін бұйырады. Жиналуға үш-ақ минут уақыт берген олар Халелден көз айырмай, ізінен ілесіп жүріп киіндіріп, үйден алып шығады. НКВД-ның тергеушісі Халелден “Троцкий ұйымында қашаннан бері қызмет істейсің, қай барлаудасың, үкіметке неге қарсы шығасың?” деген сұрақтардың астына алады. Күш қолданылған осындай жауап алу бірнеше айға созылады. Қарағанды облыстық соты  1938 жылдың 4 ақпанында Халелді кінәлі деп тауып, 25 жылға бас бостандығынан айырып, Магадан өлкесіне жер аударады. 1941 жылы соғыс басталмаса, Халел аман оралар ма еді, оралмас па еді?! Ел басына күн туған сол сәт жазықсыз түрмеге қамалған азаматқа өз Отанын қорғауға мүмкіндік береді. Тікенекті сымның ар жағында “халық жауы” атанып отырғаннан гөрі кеудесін оққа төсеп өлгенді артық көрген ол майдан даласында жарақат алады. Оның үстіне каторгадағы адам төзгісіз өмір оның денсаулығын жойған еді. 1943 жылдың сәуірінде Халел Нұрғалиұлы елге оралды. 1943-1948 жылдар арасында ұзақ уақыт алған ем-дом Халелді қалыпты өмірге оралтты. Ол Орал ет комбинатына жұмысқа тұрады.  Бір жабысқан “Халық жауы” деген атақтан құтылу оңай болмады… Қоғамның оны шеттеткен кезеңдері де болды. Қаланың тамақ саласындағы мекемелерінде кеңесші заңгер болып қызмет істеген оның еңбек жылдарының көбі Орал тері комбинатында өтті. 1961 жылы осы мекемеден зейнетке шығады. Бірақ еңбегінің зейнетін көру Халел Нұрғалиұлына жазбады. Ол келесі жылы дүниеден озды. Халел Нұрғалиұлы өзінің өмірлік жары Ханзиямен Гурьев уезінде танысып, 1931 жылы бас қосады. Қарағанды облысына ауыспас бұрын Халел Жымпиты ауданы прокурорының көмекшісі, ал Ханзия аудандық сот қызметін атқарады. Магадан өлкесіндегі азапты түрмеден құтылып, соғыстың отты жалынынан аман оралған азаматтың көрген перзенттері жастай шетіней береді. 1944 жылы туған ұлы Ғабдолкемалдан ғана ұрпақ өрбиді. Бүгінде атасы Халел туралы  шаршамай әңгімелеуге бар келіні Фатима мен сол жалғыз ұлдан туған Кәрім, Айнагүл, Арарат есімді ұл-қызы өсіп-өніп отыр. Елдегі бас көтерген оқыған азаматтарды жаппай қырып жіберген сталиндік жүйенің құрбаны болған Халел Нұрғалиұлы 1957 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталып, еңсесін көтерді. Ханзия шешей 1988 жылы өмірден озған. Жаңа ғасырдың басында Кәрімнің шаңырағында ұл бала дүниеге келді. Сәбиді атасының құрметіне Халел деп атады. Саясаттың құрбаны болған мыңдаған қазақ азаматтарының бірі Халел Нұрғалиевтың артында өзімен аттас ұрпағы өсіп келеді. Ал Фатима апай болса, жазықсыз жапа шеккен атасының есімін есте қалдыру мақсатында оған Орал қаласындағы бір көшені беру туралы өтінішін арқалап жүргелі талай жылдың жүзі болыпты… Сарғайған құжаттарды парақтап көрген біз өмірде Халел Нұрғалиев есімді коммунистің болғанын, оның Отанын жан-тәнімен сүйгенін, Сібірдің шұнақ аязында итке таланып, тізеден омбылап қар кешіп, тепкі көргенін, жаудың оғына кеудесін аяусыз тосқанын, тағдыр жазып елге аман оралса да, өмірден ерте кеткенін осы Фатима апай арқылы білдік.

 

 

Ұлдай САРИЕВА,
«Орал өңірі» газеті, 2009, мамыр

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333