Риддер ЖЭО-да тағы да апат болды
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да апат болды.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жылу электр орталығындағы апат 28 ақпанда сағат 3.45-те болған.
«№1 және №2 қазандық апаттық жағдайда өшірілді. Ал, сол уақытта №3 және №4 қазандық қана жұмыс істеп тұрды. Қазір №2 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталып, ол іске қосылды. №1 қазандық та қалыпқа келтіріліп, қосылуға дайындалып жатыр», - дейді шаһар басшысы Дмитрий Горьковой.
Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20:00-де Риддердегі ЖЭО-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.
Риддер тұрғындары ЖЭО-ны коммуналдық меншікке қайтару туралы петиция жазды.
Қаңтар айының аяғында орталық иесінің ауысқаны белгілі болды.
16 ақпан күні Риддердегі төтенше жағдай режимі алынып тасталған болатын.
Abai.kz