Жұма, 22 Қараша 2024
Талқы 2522 16 пікір 1 Наурыз, 2023 сағат 11:57

АЭС құрылысы: Жемқорлық деп қорқудың керегі жоқ

«Қазақстанның дамуы үшін атом электр стансасын салу керек. Мұндайда тәуелсіздік алғалы бері толыққанды жандандыра алмаған қайта өңдеуші саланы аяғынан тік тұрғызып, экономикамызды диверсификациялауға ақыры қол жеткізе алар едік». Электр жабдықтары саудасы саласындағы кәсіпкер Азат Қонысбек біздің басылымға берген сұқбатында осылай деді.

Кәсіпкер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл арада халық пікірі назарға алынады дегенін алға тарта отырып, АЭС құрылысына қатысты өз ой-пікірімен бөлісті.

– Менің білуімде, қазір АЭС салынатын орын анықталып қойды. Бұл – Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңы. Ғалымдар алдын ала зерттеу жүргізіп, сол араны лайық деп танып, белгілеген екен. Сондықтан оған қарсы айтар дауым жоқ. Ендігі кезек АЭС-ты кім салады? Бұл бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе десем, артық айтпаған болар едім. Қазақстан вендор таңдауына қатысты шешім қабылдауы керек енді, – дейді ол.

Өз кезегінде, ол бүгінгі таңда француздардың, шведтің, бельгияның технологиясы ең озығы деп санайды.

– Францияда алынатын электрдің 80 пайызы АЭС-қа тиесілі. Швецияда – 75 пайыз, Бельгияда – 65 пайыз. Осы жағынан алғанда, француздардың технологиясына арқа сүйесек, мүлде ұтылмас едік деп айтар едім. Жалпы, олардың бұл бағыттағы тәжірибесі мол. Физика саласында алғашқы Нобель сыйлығын алғандар да осы елдің ғалымдары. Тіпті, мектепте химия мен физика пәндері арқылы белгілі, полоний, радий сынды элементтерді ашқан атақты ерлі-зайыпты ғалымдар Пьер мен Мария Кюри де Франция азаматтары. Мұнда Кюри атындағы ғылыми институт та бар іргетасы ежелден қаланған. Айтайын дегенім, қай жағынан алсақ та АЭС құрылысына қажетті технологиялардың ең озығы Францияға тиесілі. Бұл – біріншіден, – дейді Азат Қонысбек.

Екіншіден, оның айтуынша, мұндайда жемқорлық, тағысын тағы деп бас ауыртудың керегі болмайды. Өйткені Франция – еуростандарт, мықты деңгей, заң мен келісімшарттардың қатаң сақталуының кепілі.

– Кәсіпкер болған соң, мысалы мен әртүрлі елдермен жұмыс істеймін. Әрине, еуропалық тауар қымбаттау, бірақ кез келген кәсіпкер, кез келген инвестор үшін маңызды кепілдік бар бұл арада. Еуропада келісімшарт жасалды ма, оны ешкім бұзбайды. Кепілдік берді ме, ол көрсетілген мерзіміне дейін жарамды болады. Жалпы, тұрақтылық қой. «Ойбай, қашан мені алдап кетеді, қай жағымнан қайсысы келіп тартып, ішіп-жеп кетеді» деп еш алаңдамайсыз. АЭС-қа евростандарт деңгейінде қадалағау болады дегенді білдіреді бұл. Себебі олар кепілдік береді, соған сай құқықтық тұрғыда халықаралық амал-қадамдар қабылдайды. Үшіншіден, АЭС деген бір мемлекеттің қарауындағы стратегиялық нысан ғана емес. Міндетті түрде мұндайда Қазақстан МАГАТЭ-нің миссиялық тобымен ұдайы жұмыс істейтін болады. Ал халықаралық қадағалау барда алаңдауға негіз жоқ, – дейді ол.

Кәсіпкер, ең бастысы, Қазақстанға АЭС экономикалық секіріс үшін қажет екенін нақтылайды.

– Мемлекет басшысы: «2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Бұл біздің бүкіл халықтың мүддесіне қатысты» деп дұрыс айтып отыр. Өзіміздің АЭС-іміз болса, онда елімізде технологиялық ірі өндірістер ашылып, бұған дейін құра алмаған қайта өңдеуші саланы дамытып, экономиканы диверсификациялауға ақыры қол жеткізе алар едік, – дейді кәсіпкер.

Қазақстан қазір 4 компаниядан тұратын шорт-парақ жасақтады. Атап айтқанда, Ресейдің Росатом, Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары. Барлығымен келіссөз бірдей деңгейде жүріп жатыр. Әзірге ешқайсысына да басымдық беріліп отырған жоқ.

Осы компаниялар ұсынатын реакторлардың қуаты шамалас: 1200 – 1400 МВт.

Қазтай Аяна Серікқызы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320