Путиннің президенттігі Гаагада аяқталады
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің офицері, соғыс қылмыскері Игорь Стрелков (Гиркин) Украина соғысындағы жеңіліс Путин үшін қайғылы аяқталатынын айтты, деп жазады halyq-uni.kz.
Ол Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысында жеңіліске ұшырауы РФ-ның президенті Владимир Путин үшін Гаага сотымен аяқталатынына сенімді.
– Ресей Украинамен соғыста түпкілікті жеңілгеннен кейін Владимир Путин осының барлығына айыпты ретінде аталады. Оның маңындағылардың бәрі соғысты ешкіммен ақылдаспай бастаған соның өзі екенін айтып шыға келеді, – деді Игорь Стрелков.
Бұған қоса, ол Путиннің Ресейді әдейі күйретуге дейін жеткізу үшін қойған Батыстың агенті болуы да мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге, Стрелков РФ президентін өте қайғылы жазмыштың күтіп тұрғанына тоқталды.
– Ол сол жақтың агенті болды ма, жоқ па, бәрібір. Біз үшін… Бұл соғыста жеңілсе, оның жолы бірден кесіледі, тағдыры тынады, баяғы серб Милошевич сияқты Гаагада сотталатын ритуалды құрбандыққа айналады, – деді ресейлік диверсант.
Стрелков Путиннің Федералды жиналыстағы бос уәделерінен қатты көңілі қалғанын айтты. Президенттің сондағы сөзі оның бұдан әрі не істеу керек екенін білмейтінін байқатқан. Онда шын мәнінде Гаага сотына барудан басқа жол қалған жоқ деген пікірде ол.
– Жыл біздің әскерлеріміздің зор шығындарға ұшырауымен өте ауыр басталды. Ал президент ештеңе болмағандай, мұның бәрі Қорғаныс министрлігінің ісіндей түр танытады. Мұны сатқындық деп атауға болады, – деп мәлімдеді диверсант.
Енді Игорь Стрелков-Гиркиннің өзі туралы бір ауыз сөз. Ол – Федералдық қауіпсіздік қызметінің офицері, кезінде Донбастың «қорғаныс министрі» болған, Украина жерінде апатқа ұшыраған Малайзия жолаушылар ұшағын атып түсіруге қатысқан төртеудің бірі. Осы қылмысы үшін Амстердам соты оны өткен күзде өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесті.
Abai.kz