Отбасы институты: Қазақстанда гендерлік саясат қалай жүргізілуде?
Қазақстан үшін отбасы институты мен гендерлік саясат мемлекеттің маңызды тірегі, ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып саналады. Ел үкіметі әр жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқатын көтеру мақсатында заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейтудің жолын қарастырып, алдына міндет етіп қояды.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, демократиялық даму жолын қалыптастырып, ана мен бала, әйелдерге қатысты алғашқы қоғамдық маңызы бар құрылымдарды құра бастады. Еліміз әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы БҰҰ-ның негізгі құжаттарына қосылды. 1995 жылы Пекин декларациясына қол қойып, мемлекет мақсатты түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға жол тартты. 1998 жылы елімізде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Ал 2006 – 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы теңдік мүддесі тұрғысында ұлттық заңнаманы құрастырыу әрі жетілдіру бойынша қадам басуға мүмкіндіктер берді.
Гендерлік теңдік стратегиясы дегенде біздің ойымызға тек әйелдердің құқығын қорғау деген түсінік келетіні анық. Бірақ шындығында, теңдік туралы құжат әйелдер мен ерлердің мүмкіндіктерін теңдей қарастырды.
Одан кейін 2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт болып табылады.
Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қосылды. Ол жерде 17 мақсат көрсетілген. Соның 12-сі гендерлік сипаттағы нәзік тақырыптар. Бұл мақсаттар мемлекеттің барлық стратегиялық бағыттары мен міндеттері аясында ұлттық бейімдеуді және есепке алуды талап етті.
Осы уақытқа дейін БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті Қазақстандағы әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы конвенцияны орындау бойынша өзінің бірлескен бірнеше мерзімді баяндамаларын табысты аяқтады.
Қазіргі таңда елімізде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың біртұтас институционалдық жүйесі қалыптасқан. Айтарлықтай ауқымды құқықтық негіз қаланды.Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдердің жағдайы мен құқықтарына қатысты бірқатар негізгі халықаралық шарттарға қосылып, оларды ратификациялады.
2016 жылы Қазақстан 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті.
Қазақстандағы бүгінгі күнде гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында жазылған. Құжатта көрсетілген мақсаттарды жүзеге асырудың бірінші кезеңі 2019 жылы аяқталды. Алғашқы кезеңде
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын жүргізу мақсатында «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Алғаш рет база құрылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұрғындарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілді. Отбасылық соттар жұмысы күшейді. Осылайша, бірінші кезең өзінің мәресіне жетіп, жетістіктерге қол жеткізілді. Құжаттың екінші кезеңі 2020-2022 жылдарды қамтыды. Бұл жылдары «Отбасы институтын нығайту заңнамалары жетілдірілді. Әр облыста «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылып, жастар арасында репродуктивті денсаулықты жақсарту мақсатында жедел желі іске қосылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік отбасы картасын әзірлеп, іске қосты. Ал үшінші кезең, мінекей, келер жылдан басталып отыр. Бұл тұжырымдама аяқталғанға дейін жалғаспақ. Алдымыздағы кезеңде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыру жоспарлануда.
Жалпы, елімізде гендерлік теңдік пен саясат мақсатты түрде жүзеге асып келеді деуге әбден болады. Себебі, Қазақстан әйелдерді жұмыспен қамту жағынан дамыған өркениетті елдерден кем түспейді. 2018 жылғы есеп бойынша еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 64,8 пайызы әйелдер қауымы. Қазіргі таңда көптеген жұмыс орындарының автоматтандырылып, ауыр жұмыс түрлері жеңілдетілді. Осыған орай әйелдерге тыйым салынған жұмыстардың түрі де азайды. Мысалы, 2018 жылы әйелдер істеуге болмайтын мамандықтар саны 287-ден 187-ге дейін қысқартылған.
Оның үстіне кейінгі жылдары шағын және орта бизнестегі әйелдер саны артқан. Тіркелген кәсіпкерлер арасындағы әйелдер үлесі 43,2 пайыз. Әрбір төртінші шаруа қожалығына әйел адамдар басшылық жасайды. 300-дей үкіметтік емес ұйым әйелдер мәселесімен қажырлы түрде айналысады. Ал үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық лауазымдардың 32 пайыздан астамын әйелдердің үлесіне тиеді екен.
Сондай-ақ Қазақстанның Парламентінде де әйелдер саны жайлап көтеріліп келеді. 1996-1999 жылдар аралығында Мәжіліс депутаттарының ішінде әйелдердің үлесі 11,76 пайызды құраған. 2021 жылдан бастап бүгінге дейін 27,8 пайызға көбейген. БҰҰ –ның дерегінше, әлем бойынша төменгі палатадағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4 пайызды құрайды екен.
Еліміздегі жергілікті басқару органдарындағы әйелдер үлесіне келсек, облыстық мәслихаттарда 16 пайыздай, қалалықта 23 пайызға, ал аудандық мәслихатта 24 пайызға жуық әйелдер қызмет етеді. Қазақстан әйелдері мемлекеттік жұмыс орындарында да көптеп бой көрсетеді.
Олардың саны 2013 жылы 49 мыңнан асқан, 2017 жылы 50 мыңнан асқан.
Әрине, гендерлік теңдік саласында шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – ерлер мен әйелдердің еңбек жалақыларындағы айырмашылық мәселесі. 2018 жылғы дерек бойынша, әйелдің еңбекақысы ерлердің жалақысының 66 пайызын құраған болатын. Ер мен әйелдің барлық жағдайда құқықтарының тең болуы елдің экономикалық өсіміне әсер етеді. Сондықтан Қазақстан мемлекеті бұл мәселені шешуге жоспарлы түрде шаралар қабылдауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйел мүддесін ілгерілету және құқықтарын қорғау, сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін квота енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту, әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру сияқты мәселелерді назарға алған болатын.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарында отбасы институты әлеуметтік қорғаудың айрықша объектісі ретінде қаралады.
Дамудың жаңа кезеңінде адами капиталдың сапасына әсер ететін барлық әлеуметтік институттардың арасында отбасының рөлі маңызды болғандықтан, Қазақстанның отбасы саясатын қалыптастыруда өзінің тәсілдерін жасауы маңызды.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады.
Осылайша, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас процесі болып табылатыны айқын.
Бәсекеге қабілеттілік пен әлеуметтік даму саласының қолданыстағы тұжырымдамалары арасындағы байланыстырушы ретінде Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың кешенді тұжырымдамасын әзірлеу айқын және негізделген қажеттілік болып табылады және Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастыққа табысты интеграциялануының қағидатты шарттарының бірі болып отыр.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан 2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясы, ТДМ және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттар мен келісімдер негізінде әзірленді.
Abai.kz