Жолдас Әділханов. «Өзгені түзеткің келсе – өзіңнен баста»
Маған емес қазаққа тыныштық керек. Мен қазақпын, демек, маған да тыныштық керек. Жә, қызық боп жатса басынан бастайық.
Маған емес қазаққа тыныштық керек. Мен қазақпын, демек, маған да тыныштық керек. Жә, қызық боп жатса басынан бастайық.
Наурыздың соңғы екі күнін туған өлкеде өткіздім, бір жағдайларменен. Ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасудың реті келді. Ауыл жастарымен әңгіме-дүкен құруға уақыт таптық. Түйгенім: «қазақ ауылдары дамыған 30 елдің азаматы болуға дайын емес». (Қазіргі қазақ билігінің оппоненттері айтатын танымал аргумент мынау: «2050 жылға дейін емес, тәуелсіздік алғаннан бергі осы уақытқа дейін-ақ дамыған 10 елдің қатарында болуға Қазақстанның байлығы жетеді»). Себебі, жасы болсын қарты болсын дұрыс ойлау жүйесін өмірлерінің серігі деп білмейтін сияқты. Елдік, халықтық ұғым, түсінік тоқырауға ұшыраған. Біреуді келеке етіп күлуге де қарсы емес сияқты ма, қалай? Оның үстіне, қарты 100 грамм деп елжірейді. Жасы одан асып қайда барсын. Кешегі Құнанабайлар қандай еді? Ата дәстүрді ойлап, ұрпағының қамын жеген соларды аңсап кетеді екенсің осындайда. Халық арасында өркениетті сананы қалыптастырмай, адамгершілік санасын түзетпей жатып мемлекеттің жарылқауын талап ету ақымақтың ісі екен. ( Әміржан ағам Қосанов айтқандай, алдымен әркім өз санасында өзі референдумын өткізуі тиіс). Қазір қазақ үшін Алматыда «ұлт зиялыларының» өткізген ұранды жиынынан гөрі, «бір қазаққа бір кітап оқыту» позициясын ұстану пайдалы ма деп қалдым. Қасиетті Құранның «Оқы» деп басталуының сыры тереңде екен. Кешегі Ибраһим (Абай) соқыр халықты сауатсыз-надан деп айтқанының мәнісі өте тереңде жатыр. Алаш арыстарының ойын түсінгендей болдым. Халық ағартушылығымен айналысу қажет екен әрбір саналы, білімді қазаққа (Жапонияда орташа есеп бойынша әрбір жапон бір жылда 4 кітап оқиды екен).
Аз-кем болсада бауырларыммен әңгімелестім, өзімнің «мемлекетшілдігіме» басып сөз арасында «ірі-ірі» әңгімелерді айтып қалған болуым керек. Ауылдан қайтар кезімде жанашыр бір ағайыным: «Тыныш жүр, анау айтты мынау айтты деп далбасалай бермей, жаман мұрын сасық иіске үйір келеді» деп салды (БАҚ бақылап жүрген бауырларымыз нені меңзеп тұрғанын байқаған болар). Ойланып қалдым. Саяси әңгімеден «мастер-класс» көрсеттім-ау деген ойымнан айнып сала бердім.
Қазір сайт көбейіп кетті. Қазақ тілді сайттарға да қарық болып қалдық. Жақсы. Бірақ бір «но» бар. Кім нені қаласа соны салады сайтын жаңарту үшін. Сайт басшылығында «дені дұрыс адам» отырса жақсы, әйтпесе...
Әйтпесе, (бір кездері) қазақ оппозициясы деп саналатын ортаның сөзін ұстағандардың жуаны Әміржан ағам Қосановтың өзі елдің осы күнге дейін жеткен жетістіктерін толығымен жоққа шығармайтындығын ескерсек, онда сол ортаның шабақтары саналатындардың сағат сайын «құлаш-құлаш» мақала жазып, Қазақстанның атын естігенде құсқың келетін жағдайға жеткізгісі келуінің себебі неде екен? Расыменде қызық сұрақ. Олар да ұлтты сүйеді, елдің ертеңіне алаңдайды (деп ойлайық). Бірақ әр нәрсенің өз жолы мен жөні бар емес пе ді. Мәселен, өзіңізді шынайы мұсылманмын деуіңіз үшін сіз Исламның 5 парызын және басқада парыздарын орындауыңыз қажет. (Онсыз сіз қанша жерден ақталсаңызда шынайы мұсылман есептелмейсіз). Абай: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл. Өзгесі хаққа қол емес»- деп «жүрегім таза» деген қауіпті синдромның алдын алуды ойлайды. Дәл осы сияқты, сіз өзіңізді ұлттың шынайы жанашырымын, патриотпын, мемлекетшілмін деуіңіз үшін белгілі бір міндеттерді орындауыңыз қажет (Жай ғана «елім» дегеннің бәрі патриот емес болар. Патриоттық сайттағы пікір білдірушілердің «міне нағыз азамат» дегенімен өлшенбесе керек-ті). Жалпы, біз патриот ұғымын қалай түсініп жүрміз? Атақты «Біржан сал» фильмін түсірген ардақты ағамыз Досхан Жолжақсыновша айтар болсақ: «Ұлтым үшін тап қазір күре тамырымды кесіп жіберіп, у ішуге де даярмын» дейтіндердің сөзінің бәрі өтірік. Өз кәсібім арқылы халыққа пайдалы дүние жасай білсем, қазаққа бірдеңе айта алсам, соның өзін ұлтқа жасалған қызметтің зоры» - деп ұғынып жүрміз бе? Ал мемлекетшіл, ұлтжанды дегенді Патшаның дымын қалдырмай сыбап, Парламент пен Үкімет атқарған шаруаның барлығына сенімсіздік білдіріп, мәңгүрт санау деп түсінсеңіз онда сіздің де оңғаныңыз шамалы.
Құп көрдік делік. Біздің мемлекетте проблема шаш етектен. Өзгелер «көрінбейтін плащ» ойлап тауып жатқанда біздің тері илеуге де икемсіз екендігіміз аянышты-ақ. Бірақ кейде сол өзгелердің тарихын, тарихи-географиялық орнын және басқада жағдайларын ескеруді ұмытып кететінімізді мойындайтын боларсыз.
Жарайды, қай елде проблема жоқ екен? «Мынау ел керемет. Осындай қоғамды құруымыз керек» - деп қай елді көрсетесіз. Қай ел екенін таптыңыз ба? Онда сол жаққа қоныс аударыңыз да тәтті ғұмыр кешіп көріңіз. Бірақ бір кездері дүркіреген Сұлтан Бейбарыстың құса болғанын ұмытпағайсыз.
Хош делік. Қазақта жалғыз Қзақастан бар! Бір кездері (2011-2012ж.ж.) «Қазақтың Қаһарманы» аталып кете жаздаған Болат аға Атабаевта сол Қазақстаннан басқа жаққа кетпеймін деп «уәде» берген болатын бір кездері. Ол кісі қазір «Опельдің» отанында жүр. Айтайын дегенім мынау ғой: Болат аға «патриот», «мемлекетшіл», «ұлтжанды» деген қасиетті атауларды қате түсініп қалды-ау шамасы. «Елімнің бақытты болуы үшін шайтанмен де бір боламын» деп айтуға қалай қорықпады екен. Әйтпесе, атеистік қоғамнан әрең дегенде құтылып, енді ғана Құдайымызды танып жатқанда шайтанның не керегі бар еді? Ізгілікке негізделіп құрылмаған қандайда бір жүйенің соңы қайырлы болмайтыны даусыз. Қайырлы болуы әдірем қалсын, кесапат пен қасіретке душар ететіндігі анық. Керісінше, «Отанды сүю имннан» деп аталы сөзін айтып, ісіне (оппозицияның белсендісі болған кезінде) «бісмілләсін» айтып кіріскенде, бәлкім жағдай басқаша болар ма еді. Біраз халық аузына қараған шақта дуалы сөздері бар қазақтың құлағына жетіп, тәп-тәуір өнегелі қария болар ма еді. Жә, бұл алпыстағы қарияға ақыл айтқандығымыз емес, кейінгіге үлгі болса деген ойымыз ғой.
Негізі, «патриот», «мемлекетшіл», «ұлтжанды» деген ұғымның барлығы да «адамгершілік» пен «имандылық» деген ұғымның ішінен табылады. (Бұл ойымызды «Қазақстан Ұлттық арнасындағы» «су жаңа» бағдарлама «Ашық әңгімеге» келген Ерлан Қариннің пікірі де қуаттай түсті. Одан әрі тереңдеп, ғылыми-философиялық ой қозғап шаршамай-ақ қояйық. Қазақтың атам заманнан бері мұсылман болғандығын дәлелдеп жатпай-ақ та қоялық. Алаңға шығуды насихаттап, «Назарбаев, кет! Назарбаев, кел» демей де патриот болуға болады. Бастысы, ісің мен сөзің және ойың бір-бірімен үйлесіп жатсын. Ол ізгілікке негізделсін. Кім болсаң да өз ісіңде көшбасшы болып, өзгелерге үлгі болсаң жетіп жатыр.
Қайта бейбітшілік пен тыныштықты насихаттау нағыз азаматтың ісі. Себебі, Отаныңыздың өркендеуі үшін сіздің қосар ең үлкен үлесіңіз өз еліңізде бейбітшіліктің болуына үлес қосуыңыз. Ұлы істердің баршасыда бейбітшілік заманында орын алады. Не керек, бейбітшіліктің берер капиталы көп.
Ең алдымен елде имандылық етек жаюы үшін бейбітшілік жағдайы ауадай қажет. Әйтпесе, қолыңа автомат ұстап алып, жарылғалы жатқан гранаттан қашып бара жатып дінді жеткізу және ұғыну әсте мүмкін емес шығар. Экономикалық дамуды жеделдету үшін «экономистердің басынан» бұрын маңыздызысы елдегі тыныштық пен бейбітшілік екенін ұмытпаңыз. Инвестиция тартып, шетелдік «көреремендерге» еліңізді тамашалаттырғыңыз келсе, мемлекеттегі бейбітшіліктің сақталуына көңіл бөліңіз. Қысқасы не де болса «қара нан мен қара суыңды уайымсыз ішкенге не жетсін?» деп өткен аталардың ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Айтып отырған «уайымы» тыныш заман болса екен деген арманы ғой.
Енді мынаған көңіл бөлейік. Жаңағы «сасық иіске құмар жаман мұрындар» ананы, мынаны сөз қылып айтады. Кейде өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп жазып жатқандарын көзіміз шалып қалады. Идеология заманы екенін түсінеді бәтшағарың. Әйтеуір құлағына сіңіре берсең, бір күні болмаса бір күні халықтың бұлқан-талқаны шығып «вулкандай» атқылайтынын болжап отыр. Алданып, арбалып қалып жүрмейік. Бір жауыздықты жоямыз деп, он қатерге тап болмайық. Ауған елі секілді демократияны емес, тәп-тәтті түс көруді армандап қалмайық. Ол үшін Сіздің «жаман мұрындарға» айтар жауабыңыз дайын болу керек, ол: «тыныштық керек, айналайын»!
Дұрыс айтасыз! Сіз жоғарыдағы айтылғандардың барлығында білесіз. Біз тек қайталап есіңізге салып отырмыз ғой (Біздікі, мемлекеттік мәселеге кеңірек таныммен қарасақ деген ұсыныс қана).
P.S. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менен кейін Пайғамбар келер болса, ол Хаттабұлы Омар болар еді» - деген екен. Сол Омар: «Өзгені түзеткің келсе - өзіңнен баста» депті ағайын!
Abai.kz