Ерболат Баят. 3 (жалғасы)
«Екі» сөзінің этимологиясы жайлы бірер сөз
«Екі» сөзінің этимологиясы жайлы бірер сөз
«Екі» деген сан есім көп өзгеріссіз барлық түркі тілдерінде қолданылады. Мысалы; еккі(саха), ікі(хақас, түрік, әзербайжан, қарашай, ғағауыз), іке(бащқұрт, татар), Америкалық үндістер майялардың тілінде де «ике» .Монғол тілінде «икер» сөзінің жасалымында қазақ тіліндегі «егіз» сөзінің сарыны бар. Мысалы: икер-екер-екеу-екіз. Түбірі «ек». Сол сияқты бағзы шумерлерден бері қарай қолданған «Күн» мағынасындағы «уд, уду, од//отт» сөздері монғол тілінде «жұлдыз» мағынасын берсе, «күн» керісінше адам деген атаулы мағынаға ауысқан. Тілдердің арғы тегін, ара байланысын зерттеген ғалымдар түркі тілдеріндегі икі-ике-екі-еки сан есімдердің арғы бастауын ик-ки, ик-хи(Х) жасалымдарынан іздейді. «Еуропалық жазбалар таңба мен атауын сақтаса, түркі тілдері сөз бен оның мағынасын сақтап қалған: Х- 1) іһі-«екі»(түркі)>һі(грек); 2) ікіs, іһіs - «екілік», «жұп», «егіз»(түркі) >іks > ks(латын)»-дейді О. Сүлейменов*(302) Қысқасы латынның «икс» сөзімен тұркінің «е(к)-із» сөзі бір мағына білдіретін түбірлес сөздер. Зерттеушінің пайымдауынша ks-kz-kuz-koz-kos түбірлі мағыналалар таңба ретінде, сөз ретінде бірнеше сөздердің жасалуына түрткі болған екен. Осы орайда түркінің (қазақ) «қос бұрым», «қосақ» сөздері орыстың «коса» сөзінің түп негізі болғандығын дәлелдеуге болар. Ал, Х-таңбасы «икс» атауымен математикалық көбейту амалының таңбасы, генетикадағы еркек хромосомының болып қалды. Ежелгі шумер иероглифінде «Күн» қиғаш крестімен/х>/ таңбаланған. Қазақтың «Х»-«ашамай» таңбасының түп төркінін осыдан іздеуге де болар. Сонымен бірге қазақ тіліндегі «егіз» сөзінің төркінін түркінің «екі+уз» сөздерінің қосарлануынан қарастыруға да болады. «уз// ұз//із» - көне түркіше «ұрпақ», «ұрық» дегенді білдіреді. Күні бүгінге дейін қазақтар баласын «артағы ізімді жалғастырушы» деп түсінеді. «Ізім-ғайым жоғалу»-өмірден ұрпақсыз өту. «Ізбасар»- сөзі осыдан шыққан. Олай болса «егіз» -екі +уыз, екі+ ұрық дегенді білдіреді. У(ы)з-у(ы)қ-ұз-ұғ сөздерінің түпкі мағынасы бірдей. З мен д, з мен ғ -дыбыстарының сәйкестілігі бола беретін құбылыс. Киіз үйдің «уығы» өскен ұрпақты, өркен жайған тіршілікті білдірген. Монғол тіліндегі «уғ», «уғ-сатын» сөздері туыс-бауыр деген мағынаға ие. Қазақтың байырғы ұғымында «күн-жарық»-бірінші, «түн//тун» сөзі-екінші ретте. Қазақтың «үкі»(түнгі құс) сөзінің этимологиясын тунг-түнгі-унк-үнкі-үкі, яғни екі-екінші сөздерімен байланыстыруға да болады. Сонымен бірге үкі түнде «уһі-уһі» деп дыбыс шығаратынын ұмытпаған жөн. «Тұнғиық» сөзінің арғы тегі «т-унт//т-үнт» сөздерінен шыққан. «Екінті» деген мезгіл мағынасын білдіретін сөздің де түбірі осыдан бастау алады. Қазақ ұғымындағы екінті намазы бес уақыт намаздың екіншісі. Екінті уақыты күннің тас төбеден ауып, екінші күнге қарай құлауын айтады.
Үш санына үңілсек
Дүние жаратылыстың түп негізін, оның құрылымдық жүйесін, қабаттарын, рәміздік айшықты белгілерін, ондағы заттар мен құбылыстарды үшке бөліп қарастыруды ғылым тілінде «тернарлық» деп атаймыз. Әрина бұл тақ сандық жүйенің қалыптасуына бинарлық оппозицияның ірге тас болғандығы айтпаса да түсінікті. Жаратылыстың түп тамырын «бірдің» құдыреті деп таныған мифтік сана «тіршіліктің өзі тартыс» деген жарасымды емес жарыспалы жұпты танып білді. Сол арқылы өмір тіршіліктің оң беті мен сол беті бар екенін мойындады. Мұндай жарыспалы телі құбылыстар ендігі жерде құрметті рәсімге ие болып, рәмізделді. Мысалы; Күн мен Ай, Шолпан мен бесбүрышты жұлдыз немесе қосық таңба(крест), жарты Ай т.б
Шеңбер, яки дөңгелек (бұл көшпелілердің атам заманғы рәмізі) ішіндегі ноқат-нүкте горизантальды сызықпен тең екіге бөлінді, бір сөзбен айтқанда жарылды. Осы екі жарылым күн мен түнді(Күн мен Ай),өмір мен өлімді(фәни мен бақи), еркек пен әйелді(ақыл мен сезім) тағы да сол секілді бинарлық жұптардың ара қатынасын түзді, өмірдің диалектикасын айқындады. Бірінсіз бір болмайтын телі оппозициялық құрылым өсіп-өнудің негізіне айналды. Адам баласының зерделі ақыл-ойы мифтік сананың жетілген шегінде әлем жаратылыстың «ҮШТІК БІРЛІГІН» туғызды. Осыдан келіп «үш(3) саны» туралы ұғым қалыптасып, оның сандық сапасы киелі түсініктермен түсіндіріле бастады.
Ежелгі дәуірдегі сақ (скиф) мифологиясы бойынша Тарғытай - ең алғашқы адам, сақтардың арғы атасы болйп табылады. Мифтік аңызда осы Тарғытайдың антикалық гректердің Гераклімен төркіндес, Геродот жазбаларында айтылғандай ол Артимпаса, Арес, Ойтосир сияқты жетілік құдайлар пантеонында үшінші қатарға жатқызылған. Мәдени жазбаларда «барлық сақ тайпалары оның Липоксай, Арпоксай, Қолақсай атты үш ұлынан тараған»- делінеді. Сол секілді ежелгі славян мифологиясындағы «Үш басты» құдай аспанды, жерді және тозақты басқарған. Серб ертегілерінде үш басты Троянның бір басы- адамдарды, екіншісі-малдарды, үшіншісі-балықтарды жалмап отырады. Күн сәулесінен қорқатын Троян түнде ғана жорыққа шығады екен. Парсы мифтерінде «Аж-дақа»-үш басты жылан бейнесіндегі құдай типтес жауыз күш. Атақты Гомердің(Қумер) «Илиадасына» өзек болған ежелгі грек мифологиясының «атасы» саналатын «Троян соғысы» Гера, Афина, Афродита -үш құдайдың өзара алауыздығынан болғанын білеміз.
Мұндай үш құдайлық бейнелер көне үнді мифологиясында да аспанды, жерді, жер астын билеген күштер болып көрінеді және де осы үнді мифологиясындағы үш түрлі кейіпке енген үш құдай- Брахма, Вишну, Шива туралы «Махабхарата» кітабында жазылған. Брахма-әлемді жаратушы болса, Вишну-оны қорғаушы, ал Шива- бүлдіруші. Христиан дініндегі «үштікті»(троица) бірлікті уағыздайтын «Әке - Ұл - Әулие Рух» жүйесі де діни-мифологиялық түсініктің жемісі. Мұндай «үштік жүйеге» жоғарыда айтқанымыздай үнділермен қатар ежелгі мысырлықтардың 3х3 немесе 9 -дық құрылымды немесе 3 мойрды, 3 музаны дәріптейтін мифтерін, грек мифологиясындағы үш әлемдік Гекаттарды, және антикалық гректердегі «Юпитер-Юнона-Минерва» отбасылық триадасын жатқызуға болады. Сондай-ақ, будда ілімін толық менгерудің үш негізі көрсетілген. Олар: абсалюттілік, идеалдылық және нақтылық.
Түркі-монғолдардың мифологиялық түсініктері бойынша барша жаратылыс мынандай үш бірліктен түрады делінеді: олар- аспан(тэнгэр), кеңістік(огторгуй), жер(газар) . Орта ғасырлық Орхон мәтіндерінде бұлар «тәңірі, ұмай және жер-су(иерсуб)» деп аталынады. Ғалымдар «шумер» атауын осы «суб-иер», «сумер» сөзідермен байланыстырып, осы атаудың этимологиясына қатысты әртүрлі болжамдар ұсынуда/А. Фалькенштейн, А. Вестенхольц т.б/ жүр. Мұының өзі әлі толық шешімін таптаған мәселе. Байырғы түркі мәдениетіндегі үш ағаш, немесе Бәйтерек-Өмір ағашы үш әлемге тегіс бойлап тұрса, Өмір(әлем)-өзені үш таудан бастау алып, жер бетімен ағып, жер астына сіңетін үш түрлі қасиеттке ие есебінде құрметтелген. Көне түркілердің қасиетті үш мекені-Алтай, Қанқай, Саян. Ұшар бұтақтары көк тіреген, яғни жоғарғы әлемге жайылған үш бәйтеректің немесе жеті, тоғыз ағаштың бейнесі Сібір түркілерінің археологиялық қазбаларынан табылып отыр.
Мирча Элиаде «Шаманизм икосмология» атты мақаласында шамандық наным бойынша ғарыштық аумақ Аспан, Жер және Пресподней секілді үш қабаттан тұратындығы, олардың құпияларын ашу, өту мүмкіндігі тек шамандарға белгілі екендігі айтылады.*(мир.фоль Ал. 2008 7-б) Атам заманғы түркілердің ауыз әдебиеті мұраларында әлемнің үш қабаты туралы үнемі баяндалып, барша оқиғалардың жүріп өтетін кеңістігіне айналып отырады. Ондағы мәдени қаһармандар жоғарғы әлем-тәңірлер әлемін, ортаңғы әлем-адамзат әлемін, төменгі әлем-өлілер әлемін тегіс шарлап, сан түрлі оқиғаларды бастарынан кешіріп, адамзатқа керекті киелі суды, шөпті т.б заттарды іздеп тауып әкеледі. Мұндай жасампаздық кейіпкерлерге тылысым кұштер көмек береді. Мұның айқын мысалы, Кер құла атты Кендебай, Ер Төстік ертегілері. Алтай тайпасының бвйырғы мифтік аңыздарында Улеген құдайдың үш ұлы болған деп айтылады. Әлемді ұшке бөліп қарастырудың негізінде әлем дұниесіне иелік ететін құдайлардың бейнесі қалыптасқан. Төлеуіттерде Шитир, Чингис, Кесер немесе Темірхан, Солтыхан, Яжыхан атты үш құдай әлемді, яғни Оран-Телегейді жаратқан -деген наным болған. Буряттардың «Гэсэр» эпосында Хурмаст тәңірінің үш ұлы болады, солардың ерлігі баяндалады. Сондай-ақ, осы жырда үш балгер, Дос, Донсар, Лин атты үш ел, олардың Сэнлон, Царгин, Цотон атты үш әміршісі және монғолдың басқадай жырларында темір, жез, мыс-үш манғұспен соғысы, үш басты жыланмен айқасы, семсерді үш рет сілтеу, үш рет тіл қату, үш жыл ұйықтау, үш айшылық жерді көру, үш күнде жүріп өту туралы айтылады. Агай ханның ауылын-бай ауыл, жұпыны ауыл, жарлы ауыл деп үшке бөледі. Осының барлығынан-ақ, дүниенің үштік құрылымын аңғаруға болады.
Мұндай «үштік бейнелер» қазақ ертегілерінде тіптен көп ұшырасады. Айтар болсақ; «Кедейдің үш баласы» ертегісінде -бір қарындасы бар үш алып, «Қаңбақ шалдағы»- үш дәу, «құлатай батыр ертегіснде-жер астындағы үш үйде отырған үш қыз, «Қараүйректегі»- үш иті, үш құсы, үш қарындасы бар үш жігіт, «Хан Шентей» ертегісіндегі Қара Батырдың атын ұрлайтын үш Бағыс-Дөнен қара Бағыс, Құнан қара Бағыс және Кенже қара Бағыс т.б Мұндағы жауыз, қаскөй күштердің жаны үш сандықтың ішінде болады немесе үш қабатқа жасырынған. Осыдан барып мифологияда «ҮШ ҮЙ» ұғымы пайда болған. Бір сөзбен айтқанда кеңістікті үшке бөлу. Үш саны-«үй», «ұрпақ» деген мағынаны білдірсе керек. Шеңберде, яғни айналмалы кеңістікте(уақыттың айналып келіп отыруы туралы түсінік) белгіленген үш ноқат-нүкте немесе осы үш ноқатты байланыстыра тартылған сызық-сәулелер негізінде пайда болған геометриялық «үшбұрыш » пішін- әлемннің алғашқы моделі болды. Мысалы, мысырлықтардың, астек-майялардың пирамидалары, көшпелі түркілердің киіз үй, үндістердің, сақияттардың(сахалар) басын буған шошақ күркелері. Көшпелілердің киіз үйі үш түрлі құрылымнан тұрады: а) кереге ә) уық б) шаңырақ-осы үшеуі ғаламның үштік моделі. Шаңырақтың күлдіреуіші(мүмкін күнтіреуіш) бір бірімен айқасқан үш сәуленің тоғыз тоғымынан тұрады. Шаңырақ-Күннің жердегі бейнесі. Уықтар-Күннің сәулелері, шоғымдары немесе кеңістік кемері. Ал, кереге -жердегі өмір тіршіліктің мекені, отбасы, ошақ қасының қоршалған аумағы. Шаңырақ астынан қазылған немесе орнатылған ощақ-өмір тіршіліктің көзі, көтерілген түтін соның бар екендігінің айғағы. «Түтінің тік ұшсын!»-деген бата тілектің бастауы осыған байланысты. Ошақ-микроәлемнің эпицентрі, яғни ноқат-нүктесі. Сол себепті де түркілер әйелді ошақ иесі, от анасы-деп ерекше қадірлеген. Киіз үйдің сол қанаты әйелге тиесілі болған.
Түркілер секілді басқа да халықтар атам заманнан үш санына айырықша мән беріп, киелілердің қатарына жатқызған. Ол бір мен екінің қосындысы болғандықтан нақты бір істің немесе құбылыстың заңды жалғасы ретінде танылған. Көне қытай философиясында жарықтың үш көзі-Күн, ай, Жұлдыз, үш бастау-Аспан, Жер, Адам, үш арман- Ұзақ өмір, мол байлық, көп ұрпақ т.б Америка құрылығындағы ұндістердің инк тайпасы жерді үшке бөлген. Біріншісі, «Күн алқабы»-бұлар шіркеулер мен абыздарға, екіншісі, «инктер алқабы»-бұлар меслекетке, және үшіншісі, «тайпа алқабы»-бұлар қара халыққа тиесілі болған. Сол сияқты Чичен-Ица, Майяпан, Үш-маль деген қалалары болған. Көне гректердің жырларында үш қасиетті зат ретінде, соқа, мойынтұрақ және пышақ аталынады.
Үш саны қазақ үшінде киелі, сакральды сандардың қатарына жатады. Әуелі адамның жаны туралы мифттік түсінікте өлген адамның үш күннен кейін шығатын жаны болады, ол- сүне -деп аталынатыны жайында Е. Тұрсынов жеткізеді.* Күні бүгінге дейін қазақтардың марқұмның үштігін беру себебі осыдан келіп шығады. Ертегі кейіпкерлерінің үш жаны туралы түсінік те осының жаңғырығы, өзгеше формаға енген сипаты. Қазақтар да өздерінің қасиетті үғымдарын, кәделі ырымдарын, тылсым түсініктерін үш санымен байланыстырып отырған: тектік-геноголиялық һәм әкімшілік-аумақтық жағынан қазақты Үш Жүзге бөлу, олардың персонификациялық атауларға ие болуы; Ұлы жүз-Ақарыс, Орта жүз- Жанарыс, Кіші жүз- Бекарыс, Алты алаштың баласын үш ананың баласы деуі, эпостық жырларда сақталынған, бірақ әу бастағы этонимі көмескілеген- Үш Қиян, немесе Үш Аймақ, ру-тайпа атауларының «ақ», «сары», «қара» деп үш түске ажыратылуы, ата тектік шежіреде-бала, әке, ата-түзілімі, туыстық қарым қатынастағы үш жұрт- төркін, нағашы, қайын жұрттар, отпен үш рет аластау, кез-келген нартәуекелді,сынақты «ер кезегі үшке дейін» шығаруы, ер жігіттің үш сайысы-атыспақ, шабыспақ, алыспақ, сый-сияпатты «үйірімен үш-үштен тоғызға толтырып» беруі, ошақтың үш бұтының болуы, сыбағаның үш жілігі, үш тал үкі, күйеу жігіттің үш жұмбақты шешуі, үш түрлі қауіпті сапарға аттандыруы, үш жаманды табу-адамның, құстың, шөптің, үш ғайып (ажал, қонақ, несібе), үш арсыз (ұйқы, күлкі, тамақ), үш даусыз (мінез, кәрілік, ажал), үш тәтті (жан, мал, жар), үш қадірсіз (жігіттік, денсаулық, жақсы жар), үш қуат (ақыл, жан, тіл), үш алыс, үш жақын т.б
Үш саны ел-жер, мекен атауларын да білдірген: Үш оғыз-оғыздардың одағы, Үш арал, Үш бұлақ, Үш қоңыр, Үш төбе, Үш шоқы, Үш Қиян- жер-су атаулары. Сондай-ақ, үш саны уақыттың үш шағын-осы, өткен және келер шағын және де мезгілдің таң, күндіз, кеш ұғымдарын, адамның жасына байланысты жастықты, егделікті, кәрілікті білдіреді.
Қазақ тіліндегі біраз тұрақты тіркестер де осы үш санымен байланысты жасалынған: «үш ұйықтасада түсіне кірмеу», «үш қайнаса сорпасы қосылмау», «үш қайтара сәлем беру», «ер кезегі үшке дейін», «үш мүйіз болу» т.б Қазақ әдебиеті үлгілерінде де үш санының поэтикалық қолданыстары кездеседі: «Үшінші тілек тілеңіз, үшкіл көйлек кимеске»(Бұқар жырау), «Ұштасқан үш тілек»(І. Жансүгіров), «Үш бақытым...»(М. Мақатаев)
Cоңы
Abai.kz