Сенбі, 23 Қараша 2024
1914 9 пікір 3 Сәуір, 2023 сағат 11:29

Праймеризден мажоритарлық жүйеге дейін

Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, билік транзиті орын алғаннан кейін 2 кезек президент, 2 кезек парламент сайлауы өтті. Парламенттің жетінші шақырылымы билік партиясы «Нұр Отанның» өз ішінен жаңарып (праймериз), құрамына атышулы саясаттанушыларды қосып алуымен, «Коммунистік партияның» «Қазақстан халықтық партиясы» болып, «Бірлік партиясының» «Адал» болып ат ауыстыруымен есте қалды.

Жетінші шақырылым депутаттары «Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң» мен кибер буллингке қарсы қабылданған заңды үлкен жетістіктері ретінде атап жүр. Алматыда банкке борышкер азамат үйін тартып алуға келген тұлғаларды баудай түсіріп, артынан полицияға берілген еді.

Өмірдің ащы-тұщысын көріп үлгермеген жасөспірімдер мен тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдерді айтпағанда, танымал жазушы Аягүл Матай рухани соққыдан өз-өзіне қол жұмсады. Билік партиясы болып келген «Нұр Отан» сайлау кезінде 2025-жылға дейін халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін триллиондаған қаражат бөлінетінін жариялаған еді. Арада бір жыл өткенде қасіретті «Қаңтар оқиғасы» бұрқ етті. Бір адамның қолына шоғырланып қалған тәуелсіз соты, еркін ақпараты, қоғамдық бақылауы жоқ диктаторлық жүйенің неге алып келетініне биліктің көзі жетті.

Енді, міне, парламенттің сегізінші шақырылымы жасақталып, іске кірісті. Атын «Аманат» деп ауыстырған бұрынғы «Нұр Отан» партиясы парламенттен 62 орын алды. Партиялық тізім бойынша – 40, бір мандатты округтер бойынша – 22 орын. 2021-жылғы парламент сайлауы кезінде «праймериз» дуалы ауыз саясаткерлердің «биссимиласына» айналып, артықша бағаланып еді. Биылғы сайлауда «мажоритарлық жүйенің» жарнамасы жер жарды. Демократияның құдіретті тетігіндей дәріптелді. Бір мандатты округтерде жеңіске жеткен 29 депутаттың 22-сі «аманаттықтар» екенін білгенде, кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың заңсыз сайлауларынан көңілі қалып, биліктен кеткен марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың «Түлкі тауық қораға тіркеуге тұрды» деген әйгілі сөзі ойымызға оралды.

Жаңа парламент ант беру сәтінен бастап-ақ қоғам талқысына түсті. Үкімет басшысын ұсыну құзіреті берілгенмен, Әлихан Смайыловтан басқа кандидат таппауы ескіліктің белгісіндей әсер етті. Жеті комитеттен өз орынын тапқан су жаңа депутаттар да жаңа сынаққа — бәсекелестікке тап болды. Дәл сайлау өткен 19-наурыз күні Петропавл қаласында бір топ арандатушылар Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындамайтынын айтып, республикадан бөлінуді көздейтін «Халық кеңесін» құрғанын жариялады. Сәуірдің бірі күні Алматыда мәжіліс сайлауында жеңіліс тапқан саяси белсенділер «Халық парламентін» құрғандарын мәлімдеп, алғашқы басқосуын өткізді. Жетібайда жергілікті халық мұнай саласынан жұмыс талап етіп ереуілге шықты.
Ішкі-сыртқы тұрақтылыққа саятын осынау толғақты түйіндер парламент партасына жаңадан жайғасқан халық қалаулыларына салмақ салып, белсенділігін оятайын деп тұр.

Президент парламентте сөйлеген сөзінде экспортқа арқа сүйейтін мамыражай заманның аяқталғанын, экономиканы ішке, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттау керегін айтты. Мұнайлы өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін айтпағанда, жаңадан құрылған облыстардың қалай аяққа тұрып кететіні беймәлім. Депутаттар мен олар сайлаған үкіметбасының сыналар сәті әлі алда.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371