Ресей үлгісімен қазақ еліне тілдік талап енгізу қажет пе?
Жақында Ресейдің Мемлекеттік Думасы еңбек мигранттарына орыс тілі, Ресей тарихы мен заңнама негіздерінен емтихан тапсыруды міндеттейтін заңды бірінші оқылымда-ақ қабылдап тастады. 2015 жылдың қаңтарынан бастап көрші елге тұруға, не жұмыс істеуге келген әрбір шетелдік аталған талаптарды орындауы тиіс. Арнайы оқу орындары емтихан тапсырғандардың қолына сертификат береді деп жоспарланған. 5 жылға жарамды құжаттың құны - 5 мың рубльден (24050 теңге) басталады.
Бұдан тыс ТМД азаматтары бұдан былай Ресейге өз елдерінің жеке куәліктерімен емес, шетелдік төлқұжатпен ғана кіруге рұқсат алады. Енді отандық сарапшылар алаңдаулы: қатаң талаптар, әсіресе, төлқұжат мәселесі мен емтихан құны шетелдік мигранттардың Орталық Азиядағы экономикасы дамыған ірі ел - Қазақстанға лап етіп келуіне әкеп соғуы мүмкін. Кейбір отандық депутаттар мен кәсіпкерлер Ресейдің үлгісімен Қазақ еліне де тілдік талапты енгізу қажеттігін қолдайды.
«Я твоя не понимать...»
Жақында Ресейдің Мемлекеттік Думасы еңбек мигранттарына орыс тілі, Ресей тарихы мен заңнама негіздерінен емтихан тапсыруды міндеттейтін заңды бірінші оқылымда-ақ қабылдап тастады. 2015 жылдың қаңтарынан бастап көрші елге тұруға, не жұмыс істеуге келген әрбір шетелдік аталған талаптарды орындауы тиіс. Арнайы оқу орындары емтихан тапсырғандардың қолына сертификат береді деп жоспарланған. 5 жылға жарамды құжаттың құны - 5 мың рубльден (24050 теңге) басталады.
Бұдан тыс ТМД азаматтары бұдан былай Ресейге өз елдерінің жеке куәліктерімен емес, шетелдік төлқұжатпен ғана кіруге рұқсат алады. Енді отандық сарапшылар алаңдаулы: қатаң талаптар, әсіресе, төлқұжат мәселесі мен емтихан құны шетелдік мигранттардың Орталық Азиядағы экономикасы дамыған ірі ел - Қазақстанға лап етіп келуіне әкеп соғуы мүмкін. Кейбір отандық депутаттар мен кәсіпкерлер Ресейдің үлгісімен Қазақ еліне де тілдік талапты енгізу қажеттігін қолдайды.
«Я твоя не понимать...»
Барлық гастербайтерлерді русификациялау бүкіл проблеманы шеше ме? Ресей сарапшылары мен журналистері бұған үлкен күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, шетелдік жұмыс күші еңбек ететін жерлерінде орыс тілін қажет етпейді, тіпті бұған мұқтаж да емес, ал орыс жастарының өздері біле бермейтін Ресей тарихы мен заңнамасын жаттауды талап ету күлкілі жайт, яки түптеп келгенде, бұл талаптар тек сыбайлас жемқорлықтың қазіргіден де үдеп кетуіне себеп болуы мүмкін деген ойда. Бұған кереғар пікір білдірушілер Германия мен Францияның үлгісімен тілді міндеттеу - әлемдік практика екенін еске салады. Ресей билігі бұл қатаң талаптарды «гастербайтерлердің тілдік ортаға икемделуі мен интеграциясына жасалып жатқан оңтайлы қадамдар» деген ұстанымда. Күні бүгінге дейін Ресейге жылына қанша еңбек мигранттарының келіп жатқаны туралы деректер де нақтыланбаған. Федералды миграция қызметі көп болса, 5 млн-ға жуық адам деген дерек келтірсе, тәуелсіз сарапшылар бұл санды 9-14 миллион адамға дейін жеткізеді. Соңғы ресми мәліметтерге жүгінсек, өткен жылы Ресейге Өзбекстаннан - 2,3 млн адам, Украинадан - 1,4 млн, Тәжікстаннан - 1,1 млн, Әзірбайжаннан - 620 мың, Қырғызстаннан - 540 мың, Қытайдан - небары 200 мың адам келген көрінеді. Енді мына қызықты қараңыз, Ресей мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, Мәскеу тұрғындарының жыл басындағы саны - 11 млн 979 мың адамды құраған. Ал гастербайтерлердің басым бөлігі Мәскеуден нәпақа тауып жүр. Шетелдік жұмыс күшінің дені - мұсылмандар. Өз елдерінен жұмыс таппаған қырғыздар қала көшелерін сыпырса, өзбектер мен тәжіктер Мәскеу ғимараттарын салып, базарларды жағалап жүр. Бұған өз тойларын Мәскеу көшелерінде дүрілдетіп өткізіп, тіпті бұл қылығы үшін Ресей БАҚ-тарын талай шулатқан шешендер мен дағыстандық топтардың ел астанасында тұрақтап жатқанын тағы қосыңыз. Мемлекет астанасына арман қуып келген татарлар, башқұрттар, т.б. да баршылық. Ресей билігінің тыпырлап заң қабылдап жатқанының негізгі себебі де осы діни фактордың алдын алуға бағытталған шаралар емес пе деген ой да келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейде болғанымызда, Мәскеу түгілі, Орынбордың өзінде скинхедтердің бары қатты сезілетін. Соңғы жылдары астанада қызуқанды кавказдықтардың көбейгенінен бе, әдетте топ болып бір адамды ұруға жарайтын скинхедтер қазір шаштарын өсіріп, қара топтың ішіне еленбей кіріп кеткен сияқты. Жалпы, Мәскеудің келбеті өзгеріп келеді. Түптеп келгенде билік тетіктері қандай талапты іске қоссын-қоспасын, бірақ әлемдегі қай астана болмасын, Мәскеу де, Париж де, Берлин де мұсылман елдерінен ағылған жұмыс күшіне тәуелді болып отырған соң, жаппай мұсылманданудың алдында тұрғаны талай айтылып та, жазылып та жатыр. Яки тілдік талаптың діни қауіптен туындап отырғанын жоққа шығаруға болмайды.
Бірақ Ресей қабылдап жатқан заңның екінші жағы көршілес елдерге де әсер етпей қоймасы анық. Сарапшылар, шынында да, қатаң талаптар жүзеге асқан күннен бастап шетелдік жұмыс күші Қазақстанға жаппай ағылады деп қауіптенеді. «Елімізде ресми санақ бойынша, 500 мыңға жуық, бейресми бұдан да көп жұмыссыздар саны тіркеліп жатқанда, біздің елге алдымен өз азаматтарымызды жұмыспен қамтып, жарылқап алу қажеттігі туындап тұр» дейді мамандар. Өз кезегінде тілдік талаптарды Қазақстанға енгізу - шетелдік жұмыс күшіне біршама тоқтам болуы мүмкін. Біз сарапшыларды әңгімеге тартып, екі сауал тастадық: 1. Ресейдің мигранттарға қойылып жатқан талабынан кейін шетелдік жұмыс күші қаншалықты Қазақстанға ағылады? Мұның салдары қандай болмақ? 2. Қазақстан қаншалықты шетелдік жұмыс күшіне мұқтаж?
Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі: Шетелдік жұмыс күшіне мұқтаж емеспіз
- 1.Басқа елден келген азаматтар біздің тәуелсіз ел екенімізді мойындауы үшін міндетті түрде мемлекеттік тіліміздің деңгейін өркениетті елдердегідей көтеріп, жоғары дәрежеге қоюымыз шарт. Екінші жағынан, мұндай талап қазақ жері келімсектер мен әртүрлі елден қашқан-пысқан адамдардың ордасына айналмас үшін қажет. Мәселен, қаншама шетелдіктер қылмыс жасап, азаматтарымызды өлтіріп, оның қаншасы халықаралық соттарда қаралмай, тіпті сондағы сот табалдырығын жағалаудың өзі қиындыққа соғып жатыр?! Қаншама қыздарымыз өзгелермен шетел асып жатыр. Сырттан келгендердің біздің жалақымызды алып, ешқандай салық төлемей, «есіктен кіріп, төбеге шығып, құсып кетпес үшін» қатаң талаптар болуы тиіс деп есептеймін. Бұл - мемлекеттің өз мүддесі мен ұстанымы, мақсаты.
Ресейде көтеріліп жатқан тілдік мәселе өте орынды, дұрыс. Бұдан үлгі алған жөн. Қашанғы тілдік мәселеде жалтақтай береміз?! Қазақстан - тәуелсіз мемлекет, ешкім де бізге ештеңе дей алмайды. Бізде мемлекеттік тілдің шын мәнінде құзыры да, мәртебесі де көтерілмей отыр. Қазақстан - ешкімді алаламайтын мемлекет. Егер шетелдіктер бұл елдің суын ішіп, дәмін татып, баюды қаласа, онда міндетті түрде мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Жалпы, бізде даму тілі - ағылшын тілі болса, ел бірлігінің тілі - қазақ тілі болуы керек!
2. Қазақстан шетелдік жұмыс күшіне мұқтаж емес. Бұл пайда табу көзіне айналған нәрсе. Өз елімізде қаншама азамат жұмыссыз отыр. Тіпті шетелдік жұмысшылар кейде біздің мамандарымыздан бес есе жоғары айлық алады. Наразылық осындайдан туындап жатқан жоқ па? Мәселен, қытай жұмысшылары 1,5 млн теңге жалақы алса, біздің жұмысшымыз 300 мың теңгені місе тұтады екен. Әрине, шетелдік жұмыс күші біздің елге сондықтан ағылады. Олардан салық алудан бөлек, қылмыскер ме, жоқ па, осындай мәліметтерді де анықтау керек. Оларды үш айда бір рет тексеру аздық етеді. Үнемі тіркеуде тұруы тиіс. Бізге мұқият болу керек. Заңымыздың да қатал болғаны дұрыс.
Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер: Талап қоюға біз де құқылымыз
- 1.Рас, шетелдік жұмыс күшінің бізге ағылу қаупі бар. Олар қазақ тілінде сайрап, қазақтың тарихын құрметтеп, заңдарын білуі тиіс, егер мұндай талаптарды орындамаса, елдеріне қайта берсін. Егер мұндай заңды қазір қабылдамасақ, Қазақстан әр елден қашқан-пысқандардың ордасына айналмасына кім кепіл?! Сондықтан тілдік талапты қоюға біз де құқылымыз. Мәселен, қазір тендерге қатысу оңай. Қазақстанда бәрі орысша жүреді, еріккеннің бәрі Украинадан да, Беларуссиядан да келіп, тендерге қатысып жатыр. Егер өз ұлтын сыйлайтын адамдар министрліктерде отырса, мемлекеттік құжаттарды тендерлерде қазақ тілінде өткізуді талап ете бастауы керек.
Қалай болған күнде де Ресей бұл заңын бекітіп, жүзеге асыратыны мәлім. Шетелдік жұмыс күші Қазақстанға көптеп ағылса, елімізде қылмыс саны да көбейеді, сондықтан шекарамызды бекітіп, барлық жерде тиесілі талаптар қойылуы керек. Қазақстан - БҰҰ мүшесі, Конституция бойынша, мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Тілдік талаптың қойылуы орынды.
Бұл жерде Ресей өзінің ұлттың мүддесін қорғап отырғаны анық. Бұл әлемдік тәжірибе, мәселен, Германияға барып, немісше білмесеңіз, ешкім жұмысқа қабылдамайды. Англияда жұмыс беруші ағылшынша сөйлеуді талап етеді. Қазақстанда ғана қазақ тілін білмей жұмыс істеуге болады. Тілдік талап қоймайтын жалғыз мемлекет сияқты.
2. Жоқ, еліміз мигранттарға мұқтаж емес. Мәселен, кезінде Елбасы «Хабар» арнасынан министрліктерде қаншама қаржының игерілмей әрі жымқырылып жатқанын дұрыс көтерген еді. Бұл игерілмеген, не талан-таражға түскен қаржыны жастарды, оның ішінде, әсіресе, қарапайым отбасылардан шыққан ауыл балаларын қайта оқытуға жұмсаса, елге пайдасы тиер еді. Әр елден ағылған келімсектерге жағдай жасағанша, алдымен ауылда жұмыссыз отырған азаматтарды жарылқап алу қажет.
"Айқын" газеті