Ресейде жарылыс: Соғысқұмардың ажалы
Ресейде тағы да жарылыс болды. Оқиға салдарынан Путинның арнаулы операциясын қолдаушы блогер жер жастанды. Былтыр тамызда танымал саясаттанушы, ұлтшыл философ Александр Дугиннің қызы Мәскеуде көлігі жарылып, опат болған еді. Бұл жолғы жарылыс жексенбі, 2 сәуір күні Санкт-Петербургте кафеде болған. Жарылыстан танымал әскери блогер, Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысын қолдаушы Владлен Татарский қаза тапты. Оқиға куәгерлері бомбаның блогер өз қолымен алған мүсіннің ішінде болғанын айтады. Жергілікті билік жарылыстан зардап шеккендердің саны 32-ге жеткенін хабарлады.
Жарты миллионға жуық жазылушысы бар блогер Владлен Татарский жұртпен кездесу өткізіп жатқанда, оған бейтаныс әйел кәдеге қорап ұсынған. Соның ішіндегі мүсінге жарылғыш зат қойылған деген күдік бар. Татарский мүсінді жанында тұрған үстелге қойған соң, күшті жарылыс болған.
Владлен Татарскийдің шын есімі – Максим Фомин. Ол бұл лақап атын Виктор Пелевиннің "Generation П" деген кітабынан алған. Telegram-арнасында Украинадағы соғыс жайлы хабар таратып отырған.
Донбасста туған ол кәсібін көмір шахтасында бастап, кейін жиһаз бизнесіне өткен. Қаржылай қиындыққа душар болып, банк тонауға барған, сол қылмысы үшін сотты болған. 2014 жылы Донбасста ресейшіл сепаратистер көтерілгенде, қамаудан қашып, сепаратистер қатарына қосылған. Соғыс шебінде жүріп, блогерге айналған.
Татарский соғысқұмарлығымен танымал. Былтыр 30 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағындағы ДХР мен ЛХР жікшіл құрылымдарын және Херсон мен Запорожье облыстарын Ресей құрамына кіргізу туралы келісімге қол қойғанда, Татарский «Кімді өлтіру керек болса, соның бәрін өлтіреміз, тонаймыз» деп екіленген. Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылым нысандарын атқылауына айызы қанып, қолдау білдірген.
Ресейдің «Интерфакс» ақпарат агенттігі жарылысқа қатысы бар деген күдікке Санкт-Петербург тұрғыны Дарья Трепова ілінгенін хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, Трепова осыған дейін соғысқа қарсы наразылық жиындарына қатысып, бірнеше рет қамалған. Оның қамаудағы саясаткер Навалныйдың Жемқорлыққа қарсы ұйымымен байланысы бар екені де айтылуда. Путиншыл әскери блогерлер мен сарапшылар әдеттегідей жарылысқа Украинаның әскери барлау қызметін айыптап, былтыр тамызда ажал құшқан ұлтшыл тележүргізуші Дарья Дугинаның қазасына ұқсатты. Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова да: «Киев режимі мен оның жақтастары Ресей журналистеріне тұрақты қоқан-лоқы көрсетіп отыр» деді .Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық қолдайтын Александр Дугин де: «Татарский Ресей халқын құтқарамын деп қаза тапты, ол ел есінде мәңгі қалады. Террористермен шартсыз берілуден басқа келіссөз жүргізуге болмайды. Киевте жеңіс парады болуға тиіс» деді. Жарылыс болған кафенің иесі «Вагнер»жалдамалы жендеттерінің атаманы Пригожин ол болжаммен келіспейді.
Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк Twitter желісінде «Құтыдағы өрмекшілер бір-бірін жей бастады. Ішкі терроризм – ішкі саяси күрестің құралына айналары уақыт еншісіндегі мәселе еді» деп жазды.
Өткен 17-наурызда Гаага соты Путинді «Соғыс қылмыскері» деп танып, халқаралық іздеу жариялағаны жалпақ жұртқа мәлім. Сарапшылар Халықаралық соттың символдық мәні бар шешімінің Ресейдегі Путинге наразы күштерге, оны аударуға мықты дәйек тауып бергенін айтқан еді. Арада ай өтпей жарылыс орын алды. Путин жақтастары мен қарсыластарының күресі қиянкескіленіп, ашық шығып келе жатқан сияқты.
Abai.kz