Ұлт намысы барда ұлттық арнадан бақ таймайды
Қазақ әдетте «Елу жылда ел жаңа» дейді. Көнеден келе жатқан сөз бұл. Бірақ біз, пенделер, сол жаңаруды байқамай да қалатын сәттеріміз болады. Көгілдір экранға зер салған адам қазақ телеарналарының да жаңарғанын байқайды. Бұл жаңару сөз жоқ «Қазақстан» ұлттық арнасына қатысты. Өйткені Ұлттық арнаның қазақ үшін орны бөлек. «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» делінетін еді әлгі бір ертегіде... «Ер Төстік» ертегісінде. Біз үшін «бір төбе» болатын арна «Қазақстан» ұлттық телеарнасы. Қазақ руханиятының жоқтаушысы бола білген телеарнаға да 55 жыл Ердің жасы бұл.
Қазақ әдетте «Елу жылда ел жаңа» дейді. Көнеден келе жатқан сөз бұл. Бірақ біз, пенделер, сол жаңаруды байқамай да қалатын сәттеріміз болады. Көгілдір экранға зер салған адам қазақ телеарналарының да жаңарғанын байқайды. Бұл жаңару сөз жоқ «Қазақстан» ұлттық арнасына қатысты. Өйткені Ұлттық арнаның қазақ үшін орны бөлек. «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» делінетін еді әлгі бір ертегіде... «Ер Төстік» ертегісінде. Біз үшін «бір төбе» болатын арна «Қазақстан» ұлттық телеарнасы. Қазақ руханиятының жоқтаушысы бола білген телеарнаға да 55 жыл Ердің жасы бұл.
Біз елуге келмедік әлі. Құдай бұйыртса жетерміз. Бірақ елу жылдағы өзгерістерді сезіну үшін дәл сонша уақыт та қажет емес тәрізді. Көзімізді ашқалы тамашалап келе жатқан Ұлттық арнаның жетістіктерін көрдік қысқа мерзімде. Талай соқпақтардан өткен қазақ «Қазақстан» ұлттық телеарнасы халқымыздың мәдениетiн, тарихын, өнерiн кеңінен насихаттады, зор үлес қосты. Ұлт мүддесінің жоқтаушысы бол-ды. 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 100 пайыз қазақ тілінде ақпарат тарата бастаған Ұлттық арнаның қазаққа еңбегі ерен. Бұл арнада Шерхан Мұртаза атамыздың да, Нұртілеу Иманғалиұлының да қолтаңбасы бар. «Ат тұяғын тай басар» дегендей біз де теледидар саласында қызмет жасап көріппіз. Ағаларды үлгі еттік, соларға қарап бой түзедік. Бұл қатардағы журналистік алдыңғы буынға қарата айтқаны. Ал көп телеарналар «Қазақстан» ұлттық арнасына қарап бой түзеуге тиіс. Біздің елде тарихы Ұлттық арнадан тереңге кететін телеарна жоқ.
Ұлттық арна күндіз-түні еліміздің түкпір-түкпіріне 40-тан астам әртүрлі бағыттағы бағдарламаларды көрсетіп отыр. Қазақтың №1 телеарнасын шетелдегі бауырлар да қарайды қазір. Ел жаңалығын ести-ді, жақсысына сүйенеді, жағымсызына күйінеді.
Әріге кетпей-ақ қоялық. Біз Тәуелсіздік алған жылдардан бері Ұлттық арнаның қалай түлегеніне куә болған ұрпақпыз. Ағаларымызды қайдам, өзіміз журналистика мамандығын арман қылған сәттен-ақ көз алдымызда бұл арна. 1992 - 1994 жылдар аралығында Ұлттық арна тізгінін қолына алған Шерхан Мұртаза жаңалықтарға тың серпіліс әкелгенін көрдік. «Шарайнаны» (Жаңалықтарды) ресмиліктен құтқарды. Ұлттық арнада 1992 жылға дейін шағын форматтағы таңғы танымдық хабарлар болды. Бірақ тікелей эфирдегі ең алғашқы ауқымды ақпаратты-сазды сауықтық «Таңшолпан» бағдарламасы да арнаны халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза басқарған тұста эфирге шықты. Көрдік, жаңалығына тамсандық. Ол кезде «Таңшолпан» бағдарламасы журналист Иманбай Жұбаевтың жетекшілігімен дүниеге келгенін білген жоқпыз. Кейін естідік. Кейін білдік. Балалықпен мән бермеген де болармыз ол кезде. Ауыл баласы болған соң Ұлттық арна-да көрсетілген ат спортына байланысты бағдарламалар да қызықтыратын. «Тайбурыл» атты бағдарлама бар еді. Оны біз ұмыта қойған жоқпыз. Ұлттық арнаны тамашалайтын қаймана қазақ та ұмытпағанына кәміл сенемін өз басым. Бұқара Ұлттық арнаның «Таңшолпан», «Ұлт және сана», «Тайбурыл» сынды бағдарламаларын тамсана есіне алады.
2002-06 жылдары Ғалым Доскеннің тұсында ұлттық арна жаңа форматта жұмыс істегені де есімізде. Ол кезді ұмыта қоятындай көп уақыт өткен жоқ. Тіпті «Қазақстан-1» арнасының Ұлттық арна атауына өзгертілген тұсы да сол кездер. «Шынның жүзі», «Ақжүніс», «Алтын қақпа», «Саят», «Мәңгілік сарын», «Сағыныш» сияқты жобалар халыққа біртабан жақын, өткір жобалар болғанын білеміз. Ол кезде біз де телеарна қызметінің мән-жайын ұғына бастаған, журналист мамандығының қызығы мен шыжығын сезіне бастаған тұсымыз еді. Ұлттық арнадағы әріптестердің алымдылығы қызықтыратын. Бір ғана Ғалым Боқаш жүргізген «Мезгіл» бағдарламасын алыңыз. Қандай еді, ә?! Бүгінде отандық телеарналарда «Мезгілден» де «мықты» бағдарламлар бар шығар. Аз ғана уақыт ішінде біраз дүние өзгерді ғой. Бірақ ұлттық тележурналистикаға, әсіресе, ана тілімізде сараптама жасау ісінде «Мезгіл» санада төңкеріс жасап кеткен-ді. Бүгін сондай бағдарламалардың барлығын Ұлттық арнаның өсуі, жаңару ретінде бағалап отырмыз. Жалпы, 55 жылды артқа тастаған Қазақ телевизиясы - шаңырағы биік, керегесі кең - үлкен мектеп. Бұл мектептен өткендер - білікті ұстаздар. Мен үшін Нұртілеу Иманғали қайталанбас шеберлік мектебі. Тыңнан түрен салып, жаңа дүние жасауға жаны құмар жас журналистер үшін Қазақстан ұлттық арнасының үйреткенінен үйретері көп әлі.
Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудито-рия бойынша да отандық өзге телеарналардың алдына шықты! Ұлт намысы, ұлт тілі мәселесі көтеріле қалса, жағымды жаңалық естігіміз келіп тұрады, осы екеуіне жаны ашитындардың саны артса екен деп тұрамыз ішімізден. «Қазақстан» ұлттық арнасының үлес салмағы мен рейтингінің өсуіне төл өнімдері сапасының артуы мен қазақтілді бағдарламалардың бәсекеге қабілеттілігі әсер еткен. Міне, бұл бөркімізді аспанға ататын сәт емес пе? Айналып келгенде «бәзбіреулердің» «таза қазақша телеарна жетістікке жетуі мүмкін бе, әй, қайдам» деген жалтақ, пыш-пыш сөздері-не нағыз қасқая жауап беретін тұс осы. Ұлт намысы барда Ұлттық арнадан бақ таймайды, өз басым оған кәміл сенемін.
Елбасы өзінің Жолдауында: «Алдымызда мынадай міндет тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде - 80%, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95%-ға жетуі тиіс» дегенін бәріміз білеміз. Демек, Ұлттық арна осы мақсат-мүдде тұрғысынан аямай тер төгіп жатқанын және арна басшылары мен әріптестерімнің ерен еңбектері енді 10 жылда алтын әріптермен жазылары сөзсіз. «Балапан», «Мәдениет» телеарналарының ашылуы ана тіліміздің өрісін кеңейткені анық, ендігі мәселе - оның сапалы да пайдалы бағдарламаларға толы болуында болса керек. Бүгінде Қазақстан Ұлттық телеарнасы танымдық-тағылымдық, көңілашар-ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы дамып отырғанына ешкімнің таласы жоқ. Айта кеткім келеді, дәл осы сәтте шығарылған «Телеғұмыр» бағдарламасын 55 жыл жүріп өткен соқпақ жол ғана емес, келешекке сәулесін шашатын ерекше хабар ретінде көріп жүрмін, одан түртіп алар пайдалы дүние көп.
Ұлттық арнаның бірыңғай қазақ тілінде хабар таратуы - ұлт мүддесіне қызмет етудің жаңа белесінің басталғанын көрсетеді деп ойлаймын. Қазақ телевизиясы осы кезге дейін шама-шарқынша өзгелермен бәсекелес болды, міне, енді өзінің жаңа жағдайда жұмыс істей алатындығын дәлелдеп келеді. Бәсекелестік мықты дамыған қазіргі кезеңде медианарық менеджментін меңгерген, жаңашыл Нұржан Жалауқызының бүгінгі арна стратегиясы мен бағытына беріп отырғаны мен берері мол деген үміттемін. «Алаң», «Телқоңыр», «Сыр сұхбат», «Өзекжарды», «Айтуға оңай...», «Апта.kz»... Бұлар Ұлттық арнаның бүгінгі бейнелері. Жаңалықтың жаршысы. Жас әріптестерімнің өздерінің қарымдылықтарын, алымдылықтарын көрсетіп жүрген алаңы. Әлі талай журналистер Ұлттық арнаның шеберханасынан шыңдалып шығатынына кәміл сенемін. Бастысы ол да емес, менің айтпағым 55-ке келген «Қазақстан» ұлттық арнасының қазаққа қылған қызметі. Бұл арна қазаққа керек, алаштың атын иеленген арна ұжымына қазақ керек.
Берік УӘЛИ,
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының
орынбасары-баспасөз қызметінің басшысы
"Айқын" газеті