Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Айбын 448 0 пікір 10 Наурыз, 2023 сағат 17:34

Жаңа жағдайдағы Қарулы күштер: Әскердің дайындығы қалай?

Ел презденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштерді кешенді және жүйелі жетілдіруді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында көптеген пәрменді істер қолға алына бастады.

Соның бірі идеологиялық, тәрбие және ақпараттық жұмысты жетілдіру, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетудің өзекті әдістерін енгізу болып табылады. ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың нұсқауы бойынша Қарулы күштерде тәрбиелік құрылымдардың қызметін қайта форматтау кең көлемде жүргізілуде. Осы мақсатта қазақ қоғамның армияға деген сенімін арттыруға, оның беделін көтеруге ықпал ететін шаралар жер-жерде өткізіле бастады. Осы орайда ашықтық, хабардарлық және азаматтық қоғаммен жолға қойылған диалог ерекше рөл атқаратынын ескеруге тиіспіз.

Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың және Қорғаныс министрінің идеология, ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесшісі Әлішер Сүлейменовтер қашанда игі істердің басы-қасынан табылуда.

Кеңінен қолға алынған оқу-әдістемелік жиындарға бас қолбасшылардың, қолбасшылардың, бөлім командирлерінің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер бастықтарының орынбасарлары, идеологиялық жұмыс және мемлекеттік-құқықтық даярлық жөніндегі офицерлер, психологтар мен гарнизондардың баспасөз хатшылары қатыстырылуда.

Міне осы мақсаттағы оқу-әдістемелік жиындар жөнінде Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев офицерлерді әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға бағытталған «Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының жобасын іске асыруға қатысты:

– Тәрбие жұмысы әскердің моральдық рухы, жауынгерлік дайындығы, жауынгерлік қабілеті мен үйлесімділігі дерлік тәртіппен тығыз байланысты. Біз барлық ақпараттық-алдын алу жұмыстарын маңызды идеологиялық және ғылыми-практикалық негіз ретінде үйлестіруіміз керек, – деп БАҚ өкілдеріне мәлім етті.

Өз кезегінде Қорғаныс министрінің идеология, ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесшісі Әлішер Сүлейменов қызметті ұйымдастырудағы жаңа тәсілдерге байланысты

– Басты мақсатымыз – жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру. Әскери қызметшінің идеологиялық, моральдық-психологиялық және ақпараттық дайындығы әскери қызметші келбетінің ажырамас құрамдас бөлігі іспеттес. Қазіргі заманғы кәсіби армия біздің шекара тұтастығының кепілі ретінде әскери істің барлық салаларында жаңа әдістерді қолдануға міндетті. Бүгінгі жиын – алға қойылған тапсырмаларды іске асыруға жасалған кезекті қадам, – деп журналистерге өз ойын ортаға салды.

Осындай шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген Құрлық әскерлері әскери институты бастығының орынбасары подполковник Елдос Бозғұлов тілшілер қауымына:

– Биылғы оқу-әдістемелік жиынның тұжырымдамасы түбегейлі қайта қаралғанын айта кеткен жөн. Алғаш рет ол «Ашық микрофон» түрінде өтті. Біз проблемалық мәселелерді айттық, басшылықтан толық жауап алдық және күнделікті қызметті жақсарту жөнінде ұсыныстар бердік, – деп атап біраз дүниелердің шет жағасын сөз етті.

Былтыр осы бағыттағы пленарлық сабақтар соңы жиын секцияларына ұласты. Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі офицерлер, психологтар мен баспасөз хатшылары жұмыстың жаңа тәсілдерімен танысып, қызметте іс-әрекеттің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық бағдар алды.

Осындай жиындар барысында әскерлердегі әскери тәртіптің жай-күйіне, жарғыдан тыс қатынастардың туындау себептеріне егжей-тегжейлі талдау жасалды. Мамандардың тәжірибелік ұсыныстары да айтылды.

Биылғы сәуір айының басында Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында спортқа қатысты айтулы екі оқиға болды. Енді осыларды рет-ретімен сөз етейік.

Жақында Беларусь астанасы Минскіде ТМД-ға мүше елдердің жоғары оқу орындары курсанттарының VII Халықаралық олимпиадасы аясында әскер тарихының мықтыларына арналған зияткерлік сайыс Беларусь Республикасының Әскери академиясында болып өтті.

Осы VII Халықаралық олимпиадада еліміздің намысын құрамы Аманжол Махаббат, Дәулет Әбдуәли, Даниил Кравчук, Досжан Әмірхан және Нұрсәт Баймұраттардан тұратын Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының командасы қорғады.

Осы топты бастап барған институттың аға оқытушысы Батыр Садақов:

– Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші және екінші кезеңде курсанттар Ұлы Отан соғысының тарихынан, оқиғалар хронологиясынан, Сталинград түбіндегі шайқастан және басқа да білімдерін көрсетті. Үшінші тур «әскери-тарихи сайыс» түрінде өтсе, ал төртіншісінде капитандардың білімі сыналды. Нәтижесінде курсанттар жалпы командалық үшінші орын еншіледі, – деп жерлестеріміздің қол жеткізген жетістіктерін журналистер қауына сөз етті.

Сондай-ақ осы айдың басында Армения астанасы Ереванда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Спорт комитетінің  кезекті отырысы болып өтті. Осы бір айтулы шараға біздің елден  Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы - Орталық спорт клубының бастығы Ольга Шишигина бастаған қазақстандық делегация қатысып қайтты.

Қазақстандық делегация ТМД-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің  2023 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныс болды. Біздің білгенміз әскери арасындағы спартакиада шеңберінде бірқатар чемпионаттар өткізілмекші. Атап айтсақ, біздің Орталық Азияда Қыркүйек айында Қазақстанда әскерилендірілген кросс, Тәжікстанда дзюдодан және Өзбекстанда армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионаттар өткізу осы басқосу аясында жоспарланды.

Бір сөзбен айтқанда идеология мен спорт саласындағы қандай бір іс-шара болмасын қазақ армиясының ел арасындағы позицияларын нығайтуға және халықаралық аренада Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-спорттық құрамдас бөлігін күшейтуге ықпал ететіні сөзсіз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір