Сенбі, 5 Қазан 2024
1227 0 пікір 18 Сәуір, 2023 сағат 15:03

Украина соғысына қатысқан қазақстандықтарға тергеу жүріп жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандықтардың Украина жеріндегі соғысқа араласуына қатысты 10 қылмыстық істі тергеп-тексеруді бастады. Бұл жайлы  КазТАГ жазады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу ісіне қатысты нақты деректерді ашып айтпады. Қазақстандықтардың қай тарапта болысып, қай шепте ұрысқа қатысқаны жайлы әзірге хабарланған жоқ.

Қазақстан Республикасының заңнамасында, нақтырақ айтсақ, қылмыстық кодекстің 172-бабында, шетелдік қақтығыстарға араласқан ел азаматтарын бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан шектеу қарастырылған.

2022 жылы, қыркүйек айының соңында Владимир Путин арнайы заңға қол қойды. Заң бойынша Ресей қарулы күштерінің қатарында және "өзге әскерлерде" қызмет ету үшін келісімшарт жасасқан шетелдіктер Ресейде тұру мүмкіндігіне ие болып, азаматтығын жеңіл талаптармен ала алады.

"Азаттық радиосы" Украина топырағында Ресейге болысып ұрысқа араласқан қазақстандықтар жайлы жазған еді. Олар  Вагнер ЧВК қатарында басқыншылық соғыстарына қатысқан. Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың өз еріктерімен соғысқа сұранып барғаны да айтылады.

 

Abai.kz

0 пікір