Кедендегі «сұр схема» және Назарбаев әулеті
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған-туысының кедендегі заңсыздықтарға қатысы бар-жоғына жауап беріп, бұрынғы мемлекет басшысының атын атамай, «Басты бенефициарларды өзіңіз атадыңыз» деп тұспалдады. Оның сөздерінен кеден бекеттеріндегі «сұр схемаға» Назарбаев әулетінің қатысы бар екенін анық байқауға болады.
Қаржы министрі кедендегі заң бұзушылықтардан 50 млрд өндірілгенін хабарлады.
«Ол құқықбұзушылар кімдер? Қаражат кімнен өндіріліп алынды?» деген сұраққа «Ол жерде бірнеше экономикалық оператор болды. Сіз соңғы бенефициарларды өзіңіз атап өттіңіз», - деді министр.
Ерұлан Жамаубаев кедендегі заңбұзушылықтар туралы мәліметтердің барлығын құқық қорғау органдары білетінін айтып, журналистерді сонда сілтеді.
«Ол жерде арнайы топ, негізінен құқық қорғау органдары жұмыс істеді. Олардың іс-қимыл алгоритмі, жұмысы, тергеу шарттары бар. Егер олар осы тармақтарды ашса, өтініш жіберіңіз. Органдар бізге айтпайды», - деді Жамаубаев.
2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев кедендік аймақтарды жемқорлық жайлағанын айтып, тәртіпті қалпына келтіруді тапсырған.
Былтыр 1 ақпанда «Достық» және «Алтынкөл» кеден бекеттерінің бастықтары Ерлан Өмірзақов пен Мәлік Шәуленов орнынан алынды. Сол күні ҚазТАГ агенттігі «ықпалды отбасыға» қатысы барлардың фирмалары Қытайдан, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Түркиядан контрабандалық тауарлар тасып отырған деген ақпарат таратты.
14 ақпанда үш апта ішінде Қазақстан мен Қытай шекарасында тексерулер бойынша сегіз қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
3 мамырда Бас прокуратура кеден саласындағы заңсыз схемалардан келтірілген залал 165 млрд теңге деп көрсетті.
2023 жылғы 2 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМҚ) Алматы облысындағы «Eurotransit nur Zholy» ЖШС қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, аталған заңды тұлға Қытайдан Қазақстанға жүк тасымалдайтын жалғыз оператор бола отырып, бұл қызметтің құнын заңсыз көтерген.
Қазақстандық журналист Дмитрий Шишкиннің айтуынша, аталған фирма Қайрат Шәріпбаевпен оның жұбайы Дариға Назарбаевамен байланысы бар.
Abai.kz