Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Билік 3230 79 пікір 27 Сәуір, 2023 сағат 13:58

Ассамблея жиыны: Сепаратизм және мемлекеттік тіл...

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысы өтті. Жиынды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.

«Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат. Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналды. Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады.

Мен былтырғы сессияда Ата заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді», - деді президент.

Мемлекет басшысы Ассамблея отырысында қандай маңызды мәселелерді қозғады? Қарап көрейік:

«Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады».

***

«Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс.

Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді».

***

«Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз»

***

«Бірлігіміз бен ынтымағымызға нұқсан келтіруге бағытталған кез келген арандатушылықтарды табанды түрде тоқтату керек. Қоғамдық ортада түрлі бұрмалаулар немесе жалған, деструктив басылымдар санының айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Олардың авторларының басым көпшілігінің Қазақстанға еш қатысы жоқ, шетелден әрекет ете отырып, қоғамымызға алауыздық тұқымын себуге тырысады. Олардың сөздері мен әрекеттері сенімсіздік атмосферасын тудыруға, адамдар арасында алауыздық тудыруға, мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған».

***

«Ассамблеяның қызметін біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау керек. Сондай-ақ Ассамблея этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аударуы қажет. Олар этносаралық коммуникацияның тиімді жолдарын қалыптастыруға тиіс. Түрлі этностардың мәдениет қайраткерлері арасында қоғамдық диалогтың болуы өте маңызды. Жұмыс тәсілі қазіргі заманға сай болғаны жөн. Үкімет осы айтылған мәселелерге назар аударуы керек»

***

«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек.

Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін  тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет.

Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды».

***

«Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту керек. Бұл жұмысты орталықта және аймақтарда жүргізген жөн. Біз ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде шынайы пікір алуандығына қол жеткіздік. Әрине, әр саясаткердің өз пікірі болуы орынды.

Елімізді дамыту, күнделікті мәселелерді шешу туралы көзқарастар үнемі бірдей бола бермейді. Бұл – түсінікті. Алайда ел бірлігін сақтауға келгенде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз керек. Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс.

Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз».

***

«Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру. Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда.

Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің және Президент Әкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Ассамблея қызметіне белсене атсалысу – баршаңызға ортақ міндет. Ассамблея да әкімдіктер мен мәслихаттардың жұмысына атсалысуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс. Мұның айрықша мәні бар.

Құзыреттерді жоғарыдан төменге беру ісінде осы мәселені ескерген жөн. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек».

***

«Мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін кешенді талдау қажет. Үкімет жыл соңына дейін тиісті өзекті ұсынымдармен ұлт құру процесінің ағымдағы жай-күйін талдай отырып, сараптамалық баяндама дайындауы тиіс».

***

«Мемлекеттік органдардың ғылыми ұсыныстарға немқұрайлы қарауы, көбіне кері байланыссыз қалады. Бұл, жалпы, байыпты әңгіме үшін үлкен тақырып. Бейінді министрліктерден, Мемлекеттік басқару академиясынан ғылыми-талдама жұмысының сапасын арттыру және практикалық қайтарымы бойынша нақты ұсыныстар күтемін».

***

«Теріс пиғылдағылардың талпынысымен тұрмыстық немесе қылмыстық сипаттағы кез келген кикілжің этносаралық деңгейге шығып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз жауапты азаматтар ретінде ракдикализмнің, экстремизм мен сепаратизмнің кез келген белгілеріне қарсы тұрып, бұл мәселеде байыпты әрі қатаң, түптеп келгенде әділетті болуымыз керек».

Abai.kz

79 пікір