Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
2581 2 пікір 28 Сәуір, 2023 сағат 17:48

Серік Күдебаев 10 жылға сотталды

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 10 жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.

Сот үкіміне сай, Күдебаев құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерде 10 жыл жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған қоса, сот оны генерал майор шенінен айыру үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылды.

Оған билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша айып тағылды.

Сотта соңғы сөзін айтқан Күдебаев тағылған айыппен келіспеді.

«Мен кінәлі емеспін. Тағылған айыппен келіспеймін. Халқыма оқ атпадым. Сот алдындағы процестерде жасаған әрекеттерімнің барлығы заңды екенін айтқанмын. Ешқандай азаптау болған жоқ. Жәбірленушілердің өздері оны жоққа шығарды»,- деді Серік Күдебаев.

Айта кетейік, 27 сәуірде Серік Күдебаев Стамбулда жүрген жерінен ұсталды.

3 сәуірде қаңтар оқиғасына күдікті деп танылған Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен.

ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Серік Күдебаевтың мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы емес, таулар арасымен қашуы мүмкін деген жорамал айтқан және бұл іске Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдары да кіріскенін айтты.

Күдебаевтың соты биылғы жылдың қаңтарында басталды. Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

10 наурызда Серік Күдебаев ауруханаға түскені, сот отырысы кейінге шегерілгені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды. Ол кезекті сот отырысына келмегендіктен, судья Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шығарды.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969