Сенбі, 23 Қараша 2024
1744 4 пікір 2 Мамыр, 2023 сағат 14:38

«Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін білу деңгейіне қатысты талап қойылмаған»

Мемлекеттік лауазымдарға үміткерлердің қазақ тілін меңгеруі бойынша талап заңнамалық деңгейде реттелмеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының міндетін атқарған Салауат Мүксімовтің жауабында айтылған.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз құзыреті аясында мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарын үнемі жүргізуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік лауазымдарға үміткерлер үшін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша талап жоқ. Өйткені мәселе заңнамалық деңгейде реттелмеген. Атап айтқанда, Конституцияның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады. Конституцияның 14-бабында ешкімді шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген басқа мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайтындығы көрсетілген. Конституцияның 14-бабында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелуге жатпайды», - деді ол жауабында.

Оның атап өтуінше, Конституцияның 33-бабы 4-тармағында республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар екендігі жазылған. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді.

«Осыған қарамастан агенттік мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 2021 жылы өткізілген Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді кем дегенде орта деңгейде (В1) меңгеру талабы енгізілді. Бұл ретте, осы жылы үшінші рет ұйымдастырылуы жоспарланып отырған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде де мемлекеттік тілді білу негізгі талап ретінде бекітілді. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқудан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес білуі бойынша сертификаттарының болуы туралы талап енгізілді», - деді Салауат Мүксімов.

 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371