Ақордадағы кездесу: Тәжік басшысы неге келді?
Кеше Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік басшысын өзі шығып, құрмет-салтанатымен Астана әуежайында қарсы алды.
Бүгін екіжақты маңызды келіссөздер жүріп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті.
«Бізді ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар тығыз байланыстырады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл бағытта арамызда ешқандай күмәнді мәселе жоқ. Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді», – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі екенін айта отыра, былтыр екіжақты сауда айналымының 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
«Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзегее асырылу сатысында тұр. Сіздің сапарыңыз аясында экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылады», – деді мемлекет басшысы.
Алдағы уақытта Қазақстан-Тәжікстан арасындағы сауда екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар екенін айтты Тоқаев.
«Кеше елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты бейресми әрі өзара сенімге негізделген жағдайда пікір алмастық. Ең бастысы, сауда көлемін Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл – өте жақсы нәтиже. Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс», – деді Қазақстан президенті.
Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
«Тәжікстан мен Қазақстан –стратегиялық әріптестер, біздің қарым-қатынастарымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға үлкен мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Былтырғы тауар айналымының өсімі 20 пайыздан асты. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз. Сізбен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылауға дайынмын. Сізді және барша Қазақстан халқын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтаймын. Сізге алдағы уақытта бауырлас Қазақстанның дамуына бағытталған реформаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін. Біз тұрақты байланыстар мен жоғары деңгейдегі ұзақмерзімді саяси диалогтың игі дәстүрлерін сақтап, одан әрі кеңейтеміз. Мен достық қарым-қатынасымызды бағалаймын», – деді Тәжікстан Президенті.
Келіссөз барысында қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
«Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз Орталық Азияның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше халықаралық құрылым аясында өзара іс-әрекет жүргіземіз. Екі ел арасында түрлі сала бойынша 100-ден аса келісімшарттан тұратын маңызды келісімшарттық-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім жаңа келісімдермен толығады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Біз Қазақстанмен арадағы өзара тиімді ынтымақтастыққа баса мән береміз. Стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген тәжік-қазақ қатынастарының барлық бағытын дәйекті түрде дамытуға ниеттіміз. Бүгін біз тарихи құжатты – Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияны қабылдаймыз. Бұл құжат екіжақты байланыстардың іргетасын айтарлықтай нығайта түседі. Дипломатиялық қатынастар орнаған отыз жылда біз ынтымақтастықтың барлық саласында елеулі табысқа қол жеткіздік. Жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог бұл үдеріске ықпал ететіні сөзсіз. Осы уақыт аралығында мемлекетаралық ынтымақтастықтың қажетті тетіктері жасалды және ауқымды құқықтық база қалыптасты. Біз оны бүгін жаңа құжаттар топтамасымен толықтырамыз. Сауда-экономикалық байланыстар біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі саналады. Қазақстан бірнеше жылдан бері Тәжікстанның сыртқы сауда құрылымында жетекші орынға ие», – деді Тәжікстан Президенті.
Екі ел арасында сауда-экономикалық саладан өзге мәдени-гуманитарлық бағытта бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.
«Біздің берік әрі ұзақмерзімді қарым-қатынасымыздың мызғымас негізі – тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар. Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері табысты өткізілді. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек.
Бұл – ынтымақтастығымыздың маңызды бағыты. Орта ғасырдағы әйгілі ғұлама, философ әрі шипагер Әбу Әли ибн Синаның ескерткішін ашу жоспарланып отыр. Осы жетістіктердің бәрі екі ел халықтарының ерекше ықыласына ие болады және өзара тығыз қарым-қатынасымыздың жарқын үлгісі саналады. Біз елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жөнінде уағдаластық. Мәдениет күндері аясында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері де таныстырылады. Мұны аса маңызды іс-шара деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Abai.kz