Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3740 0 пікір 11 Мамыр, 2013 сағат 07:27

Гүлнәр Салықбай. ПЕНЕЛОПА ЕКЕУМІЗ (жалғасы)

***

 

Жарасқан аспанына асқақ елдің

Атыңды тауға жаздым, тасқа да өрдім.

Аталар арманының баласы едің

Ат жалын тартып мінер жасқа келдің.

 

Жолдардың қиынымен жүріп көрдің,

Соңыңнан ерген елге үміт болдың.

Жарқырап күнмен бірге шығып едің,

Өзің де күнге айналған жігіт болдың.

 

Жазылды атың  аппақ  әріптермен -

Жағылып, жан-жағына жарық берген.

Жиырма жыл жиырма жырға айналды

Қаламмен қанат тағып, халық берген.

 

Болары анық ертең әлем сіздік,

Кеудемді керіп тұрған әуен сіздік.

Жыл да емес, ғасыр да емес, мәңгілік бол,

Жиырма жасқа келген Тәуелсіздік!

 

***

 

Ән дарыған далада шыңға  айналған Астанам,

Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!

 

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,

Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...

 

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,

Бармасам да, барсам да сағынатын Астанам.

 

Жадыратып жанымды мұң-қайғы алған, Астанам,

Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

 

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,

Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.

 

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,

***

 

Жарасқан аспанына асқақ елдің

Атыңды тауға жаздым, тасқа да өрдім.

Аталар арманының баласы едің

Ат жалын тартып мінер жасқа келдің.

 

Жолдардың қиынымен жүріп көрдің,

Соңыңнан ерген елге үміт болдың.

Жарқырап күнмен бірге шығып едің,

Өзің де күнге айналған жігіт болдың.

 

Жазылды атың  аппақ  әріптермен -

Жағылып, жан-жағына жарық берген.

Жиырма жыл жиырма жырға айналды

Қаламмен қанат тағып, халық берген.

 

Болары анық ертең әлем сіздік,

Кеудемді керіп тұрған әуен сіздік.

Жыл да емес, ғасыр да емес, мәңгілік бол,

Жиырма жасқа келген Тәуелсіздік!

 

***

 

Ән дарыған далада шыңға  айналған Астанам,

Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!

 

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,

Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...

 

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,

Бармасам да, барсам да сағынатын Астанам.

 

Жадыратып жанымды мұң-қайғы алған, Астанам,

Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

 

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,

Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.

 

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,

Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.

 

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,

Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен, Астанам...

 

 

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!

Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?..

 

***

 

Көшпелі елдің көркі едің сен, азаттық,

Ен далада ерке едің сен, азаттық.

Ұмытылмас, ұлы арманға айналып,

Сан жүректі өртедің сен, азаттық...

 

Сағынышты салтым едің, азаттық,

Қолға түспес алтын едің,  азаттық.

Қанатыңа қара темір байланып,

Талай азап тартып едің, азаттық.

 

 

Алтын күннің шуағы сен - Азаттық!

Өр рухымның қыраны сен - Азаттық!

Алашымның ұраны сен - Азаттық!

Қиялымның пырағы сен - Азаттық!

 

 

Аспанымды еншіледің,  азаттық,

Мәңгі еліме төнші менің, азаттық!

Ағыл-тегіл тасқыны боп ауаның

Жүрегіме енші менің, азаттық!

 

Азат елдің  ертеңіне  сендіре,

Көк байрағым, толқынданып, желбіре!

Аталарым арман еткен азаттық,

Көк аспандай төбемізден мөлдіре!

 

***

«Солнце - мое, я его никому не отдам...»

М. Цветаева

 

Күн - менікі,

Менің жарық жанымда!

Кете алмайды ол дүниеде барымда.

Күн - менікі, суығанды білмейтін

Кеудемдегі ыстық-ыстық ағында.

 

Күн - менікі, жоғарыда, төменде

Ешкім оны тыға алмайды тереңге!

Күн - көзінде елжіреген елімнің,

От тілінде ой айтатын өлеңде.

 

Күн - менікі, мәңгі менің қасымда,

Бабаларым таңбалаған тасымда.

Тереземді қара бұлт жапқанда

Көздерімнен аққан ыстық жасымда.

 

Күн қуанып, шалқып-тасқан кезімде,

Дөп-дөңгелек келбетімде, сөзімде.

Күн - төбемде,

көк аспанның үзігі -

Көк туымда, өмірімде, өзімде!

 

*        *        *

 

Қар...

Түрі жоқ толастар...

Сол ем сияқты.

Алланың шимайындай ағаштар

өлең сияқты.

 

Жасыма.

Ұлы көктің үлпілдеген жасына

Жең шылармын.

Бәлкім қонып, еріп жатқан басыңа

Мен шығармын.

 

Бүгін қарлымын, жарлымын,

Үнсіз, сұрақсыз...

Қар сияқты сенің де барлығың,

Тұрақсыз.

 

Қар...

Түрі жоқ басылар,

Кел, ұша алсаң.

Басқан ізім басқа жақта шашырар,

Жерге түсе алсам.

 

*        *        *

 

Көше бойы өзімді үлестіріп,

Шаштым.

Телефоннан бақыттың үні естіліп,

Маспын.

 

Онсыз өмір - өтірік,

Жетім көрік.

Білдім.

Қыссыз қыста құссыз жаз секілденіп,

Күлдім.

 

Көлеңкенің көзіндей

Көрінбейді ешкім.

Жүрегімнің соңынан ілестім...

 

*        *        *

 

Бүгін де ештеңе жаумайды,

Бостықты қуып.

Қарғалар өртенген өлеңнен аумайды,

Аспанда туып.

 

Бүгін де көшелер тасиды,

Бағдаршамдарға бағынып,

Көлемсіз көңіл жасиды

Жоқты сағынып.

 

Бүгін де барлығым белгісіз,

Өмір өнбейді.

Қайдан табасыз енді Сіз

Мендейді?

 

*        *        *

 

Құс болсам ғой,

Ұшар едім, ұшар ем...

Қалар еді қиялымнан тыс әлем.

 

Қалар еді қыбырлаған тіршілік,

Аспаныма алсам болды бір шығып.

 

Сол аспанда ойланар ем,

Тұрар ем,

Биіктерде  бір салтанат құрар ем.

 

Содан кейін қалтырар ем, тоңар ем,

Содан кейін жерге қайта қонар ем...

 

ПЕНЕЛОПА ЕКЕУМІЗ

 

Арманы өлмес, азғананың біріміз,

Айдың жарық,

Күннің ыстық түріміз.

Біреулерге өліден де өліміз,

Біреулерге тіріден де тіріміз -

Пенелопа екеуміз.

 

Батыр біткен қан майданда қырқысып,

Жан берісер тау жастанып, бұлт ішіп.

Біз күтеміз -

Жел аямай жұлқыған

Күзгі, соңғы жапырақтай тыртысып -

Пенелопа екеуміз.

 

Жүрек қана мекен етер сараймыз,

Һәм бақытты болуға да жараймыз.

Өкінбейміз өрмек тоқып отырып,

Өзгеге емес, терезеге қараймыз -

Пенелопа екеуміз.

 

*        *        *

 

Көзімді көкке шегеледі,

Сөзімді сүйреп жол аппақ.

Көңілдің көзсіз көбелегі

Гүлге емес, күлге қонақтап.

 

Күлдегі өмір күлдірмеді,

Жылауға да тұрмады.

Бақыттылығын білдірмеді

Жүректің адал құрбаны.

 

Кәдімгілікке қия алмады

Жолсызбен жүру ғажабын.

Адасудан да ұялмады

Тамсана жұтып азабын.

 

Көзім көкте, өзім жерде,

Екі жаққа бөлініп.

Ең бір қызық сезімдерге

Жүреміз біз жолығып.

 

*        *        *

 

Көк те саған бола алмады-ау мәңгі жай,

Қасыма кел,

Жасыма, кел жалғыз Ай.

Жалғыз-жалғыз жұлдыздарға қаралық,

Жалтылдаған, ағу үшін жаралып.

 

Кел, жалғыз Ай,

Кімге керек күресің?

Жер де жалғыз, шер де жалғыз,

Білесің...

Тобыр күлсе, топастығы болар да,

Жалғыздығын танытайық оларға.

 

Менен қайғы, сенен қара бұлт қашып,

Кетер бір күн ащы жастан ұрттасып.

Сен Күніңе жете алмайсың, ол анық.

Мен де қалғам жарты жолда тоналып.

 

*        *        *

 

Жаңбырлы түнде жан жылар,

Жаныңнан артық қайда бар?

Көшеде көңіл қаңғырар,

Арманның ізін аймалар.

 

Қуаныш, қайғы табысар,

Жүректің көзі жасаурап.

Басыңмен сосын алысар

басқадан қашқан асау бақ.

 

Жаңбырлы түнде жан жылар,

Жан бар ма басу айтатын?

Сән құрар ағаш салбырар -

Жапырағы жоқ байытатын.

 

Кеткендей жерлік дау үркіп,

Тамшыдан бейбіт күй келер.

Кеудені тәтті ауыртып,

Керемет мұңға сүйрелер.

 

...Жеңілді Сізден ақылым,

Жетер ме еді дауысым...

Жаңбырлы түндей жақыным,

Жаңбырлы түндей алысым...

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377