Мәскеу. Қызыл алаң: Бір көрерменге арналған парад...
Бүгін Мәскеудегі Екінші дүниежүзілік соғыстың 78 жылдығына арналған әскери шеруге ТМД елдерінің 7 президенті барды. Оның ішінде өзіміздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Ресей астанасына Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов келді.
Ал Грузия президенті Саломе Зурабишвили мен Әзірбайжан басшысы Илхам Әлиев Путиннің шақыртуынан бас тартқан.
Америкалық соғысты зерттеу институтының жазуынша, Путин бұл шеруді Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалық көрсету үшін өткізіп отыр.
«2022 жылы бірде-бір шетелдік көшбасшы Жеңіс күнін тойлауға Мәскеуге барған жоқ. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан пандемияға байланысты былтыр әскери шеру өткізген жоқ. Орталық Азия елдері көшбасшыларының Мәскеуге баратыны туралы жеме-жемге келгенде хабарлануы, олардың соғысқа ашық түрде қолдау көрсеткендей болғысы келмеуінен болуы мүмкін»,-деп жазды ISW.
Путин бүгінгі жыинда сөзін «Ресейге қарсы соғыс жүріп жатыр» дегеннен бастапты. Енді Ресейдің болашағы «арнайы операцияға» кеткендердің қолында дейді ол.
«Біз халықаралық терроризмге қарсы тұрдық. Донбастың тұрғындарын және өзіміздің қауіпсіздігімізді қорғаймыз»,-дейді Ресей басшысы.
Оның сөзінше, әлемдегі қанды қырғындардың бәріне әдеттегідей Батыс елдері кінәлі. «Батыс мемлекеттерінің элитасы агрессивті ұлтышылдық пен русофобияның күшейтіп» отыр.
«Олардың мақсаты – біздің еліміздің құлағаны, ыдырағаны. Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесін жойып жібергісі келеді. Олар жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық құқық жүйесін түбегейлі бұзуды көздеп отыр»,-депті Путин.
Осылайша Кремль басшысы Батысқа, яғни НАТО мен ЕуроОдаққа қосылуға ұмтылып, Ресейдің ықпалынан шығуға тырысқан Украинаның таяқ жеп отырғанын жеткізді.
«Шамадан тыс өзімшілдік, тәкаппарлық, өзімбілерліктің арты осындай трагедияға әкеледі. Украина халқының бастан кешіп жатқан трагедиясының себебі де – осы. Ол Батыс қожайындарының қылмыстық режимінің кепіліне айналды. Батыстың қатыгез жоспарларын жүзеге асыруға пайдаланып құралға айналды»,-деді Путин ТМД мемлекеттерінің басшыларын жинаған шарада.
Abai.kz