Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаһан жаңғырығы 2710 10 пікір 13 Мамыр, 2023 сағат 17:46

Қытай мен Батыс: Әріптестен бәскекелеске...

Қазіргі әлемде Батыс Еуропа, Солтүстік Америка, Шығыс Азияның экономикасы дамыған аймаққа жататыны белгілі. Соңғы 40 жылда экономикасы тез көтерілген Қытай бүгінгі күні бұл елдермен баяғы момоқан әріптес образынан айнып, өзгелерге азуын көрсете бастады.

Әр жылдары ел ішінде отаншылдық үгіт жүргізіп Жапония мен Корей тауарларынан бас тарту науқандарын жүргізді. Шынжаңда мұсылмандарды жаппай қамауға алғаннан кейін Батыс елдерімен де байланысы ушыға бастады.

Шынжаң мақтасынан жасалған тауарлардың Еуропа нарығына кіруіне шектеу қойылған соң, оған коронавирус қабаттасып, Батыс елдері бұл жолғы әлемді жайлаған індеттің шығуына Қытай тарабын кінәлі санап, екі тараптың бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланысы үзілуге шақ қалды. Жыл басында карантин шектеулерін алып тастаған Қытай үкіметі енді әлемнің дамыған елдерімен сауда байланысын қайта жандандыру қамына кірісті.

Бірақ керісінше экономикалық келісімдерден гөрі дипломатиялық жанжалдар өршіп тұр. Былтыр қарашада Англия үкіметі еліндегі Қытай елшілері Ганконгтік ереуілшілерді консулдық ауласына кіргізіп алып, сабағаннан кейін, оларды еліне қайтарған еді.

Өткенде ғана Қытайдың Франциядағы елшісі: "Кеңес құрамынан шыққан елдердің мемлекеттікігінің заңдық негізі жоқ", - деп әлемді шулатқан еді.

Осы аптада оның орнынан алынып, еліне қайтқаны мәлім болды. Сейсенбі күні Канада үкіметі еліндегі Жау фамилиялы Қытай елшісін шекарадан қуғанын мәлімдеді. Оған консерванттар партиясының Қытайдағы ұйғырлардың кісілік құқын қорғаған депутатына, оның туыстарына қоқан лоқы көрсетті деп айып тақты. Оған жауап ретінде Қытай тарап Шанхайдағы Канада елшілік қызметкері Женетлинды елден шығарғанын мәлімдеді.

Апта басында Қытай сыртқы істер министрі Бейжіңде Америка елшісімен кездесу өткізіп екі ел қатынасының суып кеткенін тілге тиек етті. Артынан Еуропаның үш еліне Германияға, Францияға, Норвегияға сапарын бастады. Еуропада тағы да сол Қытайдың Ресеймен "шектеусіз достығы" алдынан шықты. Германия сыртқы істер министрі "үнсіз қалудың қолдаудың бір түрі" екенін айтқанда, "Қытай тараптың соғыс бастаушы да, қатысушы да емес екенін" қайталап екі елді бейбіт бітімге шықырып отырғандарын жеткізді.

Алдағы аптада Қытайдың Сиян қаласында Орта Азия мен Қытай басшыларының саммиті өтетіні белгілі. Биыл жетім қыздың тойындай болып өткен 9 мамыр жеңіс күні парадына Орта Азия басшылары толық барды.

Оның алдында Еуроодақ Орта Азия елдерінің Ресей экономикасына жасырын көмектесіп отырғынын алға тартып, санкция салуды қарастыруды ойластырып жатқанын жеткізген еді. Украина тарап бұрын Кеңес құрамында болған елдердің Кремльге адалдығын қатаң сынады. Еуроодақ та қарап жатпасы анық. Орта Азия елдері басшылары оған дайын сияқты. Өйтпесе өткенде ғана төбесіне де дрон жарылған Кремльге, Қызыл алаңға жандарын шүберекке түйіп  бармас та еді. Халқы демократияны, билігі диктатураны қалайтын аймақ елдерінің Қытай мен Ресейдің арасында қашанға дейін жүре тұратынын уақыт көрсетеді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440