Ұлттық теледебат: Қазақ тілінің жеңісі...
Әуелі әңгімемізді қазақ тілінің кезекті жеңісінен бастайын деп шештік: Бұл теледебатта жеңіске жеткен – қазақ тілі. Дебатқа келген барлық партия қазақшаға тілі жүйрік, мемлекеттік тілді меңгерген өкілдерін жіберген екен (бірлі-жарымынан басқасы).
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖЕҢІСІ
Ондағы басты мақсаттары – қазақ тілді аудиторияға жағу. Өйткені, шешуші сөз – қазақ тілінде, қазақ тілді қоғамда екенін бәрі мойындайды. Бұрындары қос тілде өткен дебаттарды да көргенбіз. Кейін қазақша дебатта тілдері мүкістеніп, міңгір-міңгір етіп әрең сөйлейтін адамдарды да көрдік. Бұл жолы барлығы толық қазақша сөйлеуге, онда да әдемі сөйлеуге тырысты. Кейбірі мақалдатты, кейбірі өлеңдетті...
Бұл – мойындау. Бұл – биліктің мойындауы. Бұл – саяси партиялардың мойындауы. Олар қазақша сөйлейтін адамдардың қолдауына мұқтаж!
АДАМ КАПИТАЛЫ – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауының үгіт науқаны қызу жүріп жатқан кезеңде, кеше «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде жұрт асыға күткен ұлттық теледебаттың алғашқы кезеңі өтті. Дебат «Қазақстанның болашағы – адам капиталы» деген ортақ тақырыппен өтті.
Көрермендер экрандағы QR-код арқылы онлайн-дауыс беруге қатыса алды. Сауалнаманы Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген «Демократия институты» жүргізді. Эфир басталмас бұрын партия өкілдері теледебаттардың әдеп хартиясына қол қойды, ал сөз кезегі сандық рандомайзер арқылы анықталды. Осылайша бірінші кезеңде әр қатысушыға өз бағдарламасын таныстыруға 2 минуттан уақыт берілді. Құрылтайға өтуден үмітті 7 саяси партияның сайдың тасындай іріктелген сөзін жұптап келген өкілдері сөз сайысына түсіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыруға кірісті. Шынымызды айтсақ, осы жолғы дебатқа адам капиталы тақырыбының таңдалғаны құптарлық. Өйткені, Құрылтайдан үмітті қай партия болмасын, белгілі бір әлеуметтік топтарға көбірек басымдық беру керектігін өз бағдарламаларында ашық та, ашып та жазды.
Екінші кезеңде спикерлерге екі ортақ сұрақ қойылды. Дәл осы кезеңде дебаттағы «дүлдүлдердің» шын даярлығы анық білінді. Бірі қойылған сауалға мүдірмей жауап берсе, енді біреулері сабаққа дайындалмай келген оқушыдай, сүмірейіп қалғанын көрдік.
Енді тарқатып айтар болсақ:
Алғашқы сауал адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияларды дамытуға арналды. Спикерлер дарынды мамандарды елде ұстап қалу және Қазақстанды білікті кадрлар тартылатын өңірлік орталыққа айналдыру жолдарын ұсынды. Артылған жүгі ауыр соңғы сауал әлеуметтік маңызы бар салалардағы (әсіресе өңірлердегі дәрігерлер, мұғалімдер мен инженерлер) кадр тапшылығын шешуге арналды.
Ал бұған партия спикерлері не деп жауап берді? Қараңыз:
«Әділет» партиясы (Ренат Бектұров): Шетелдегі қазақстандық мамандарды елге қайтару үшін жағдай жасауды және өңірлердегі жастарды қолдау бағдарламаларын кеңейтуді ұсынды.
«Ақжол» партиясы (Олжас Нұралдинов): Білім сапасын арттыруға, мектеп бағдарламасын жаңартуға және балаларды ерте жастан жасанды интеллектке үйретуге басымдық берді. Сонымен қатар жұмыссыздықты шешудің басты жолы — шағын және орта бизнесті қолдау деп есептейді.
«Қазақстан Халық партиясы» (Ислам Сұңқар): ЖОО түлектері өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі керектігін айтты.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия (Тазабек Самбетбай): Ең жоғары жалақыны дәрігерлер мен мұғалімдер алуы тиіс екенін өзге де жүйелі реформалармен қатар айтты.
«Ауыл» партиясы (Серік Егізбаев): Кадр тапшылығын жүйелі түрде жоюды жақтады. Ауыл мәселесіне қатысты өз кандидаттарының ауыл өмірін жақсы білетінін және кейбірі қазір де ауылда тұрып жатқанын жеткізді.
«Respublica» партиясы (Екатерина Смолякова): Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлауға назар аударды.
«Байтақ» партиясы (Нұрғүл Қадырбаева): Ар-намыс кодексін енгізуді ұсынды.
ДЕБАТҚА ДАЙЫНДЫҚ – САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚТЫҢ БІР ПАРАСЫ...
Дәл осы жерде қазақтың «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген сөзінің шын екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Партия бағдарламасын таныстыру, сұрақ-жауап алмасу, көрермен сұрақтарына жауап беру кезеңдерінде жеті спикердің шын әлеуеттері көрінді. Сөзден сүрінгендер де болды. «Қиналған Жамбыл жері осы» дегендей, қойылған сұраққа жауап таппай қалғандар да болды. Керісінше, құйрырқы сұраққа ұтқыр жауап тауып кеткендер де болды. Енді солар жайлы екі ауыз сөз:
Мысалы, «ЖСДП» спикері Тазабек Сәмбетбайдың «Ақ жол» спикері Олжас Нұралдиновты сөзбен қағытып: «Галстугі ғалымның айлығынан қымбат» деген сөзіне Нұралдинов еш кібіртіктемей: «Галустугімде «Ақ жолдың» аты, партиямның символы бейнеленген, сол үшін де ол маған кез келген дүниеден қымбат» деп жауап беруі ұтқырлық болды.
Ал «ҚХП» спикері Ислам Сұңқардың сөзден жаңылуы – бұл партияға қазақ тілді спикерлердің дайындығын тағы бір пысықтау керектігін аңғартты. Мысалы, Ислам Сұңқар өз сөзінде бірнеше кезек: «Бай мемлекетте – кедей адам өмір сүрмеуі керек!» деп қалды. Анығы ол – «қазба-байлыққа бай Қазақстанда кедейлердің болуының өзі абсурд» демек болған шығар деп топшыладық. Десе де, бірнеше кезек қайталаған бұл сөз – оңбай қате айтылған сөз болды. Өйткені, елімізде күнкөрістің кедейлік шегінде өмір сүретін, ең төменгі айлық жалақыға өмір сүретін ресми топ бар. Олар да Қазақстан азаматтары. Ал оларды Қазақстанда өмір сүру құқынан айыруға ешкімнің құқы жоқ, әрине мемлекетке опасыздық жасамаса!
Ал «Байтақ» спикері бұл дебатқа мүлде дайындықсыз келгені көрініп-ақ тұр. Сондықтан, бұл жөнінде артық ештеңе айта алмаймыз.
ТҮЙІН СӨЗ – ХАЛЫҚТА!
Дебат барысында «онлайн-дауыс беру» жүргізілді. Бір көңілді қуантқаны – тікелей эфир барысында көрермендерден сұрақтар қабылданды. Көрермендер қауымынан келіп түскен сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік салаға (40,37%) тиесілі болды. Одан кейін экономика (19,27%), мәдениет (16,51%), саясат (13,76%) және экология (10,09%) мәселелері болып келді.
Abai.kz