«Көзін жоямыз»: Израиль енді Хаменейдің ізіне түсті...
СІА мен «Моссад» Хаменеиді іздеп табу үшін құпия операция жүргізіп жатыр
Болжам бойынша, ол таса жерде тығылып, төрт айдан астам уақыт бойы телефон мен компьютерді мүлде пайдаланбаған.
Израильдің «Моссад» барлау қызметі мен Американың СІА (ЦРУ) ұйымы Иранның жоғарғы лидері аятолла Моджтаба Хаменеидің ізіне түсуге бірлесе күш салуда. «Рахбарды» табу операциясы бұл екі елдің арнайы қызметтерінің басты назарында тұр. Бұл туралы The Times басылымы барлау ұйымдарының бұрынғы қызметкерлеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның жазуынша, Моджтаба Хаменеи өзі көрінбей кетсе де, соғысқа қатысты шешімдер қабылдауда басты рөл атқарып отыр, себебі Ислам революциясы сақшылар корпусына (ИРСК) әскери әрекеттерді заңдастыру үшін оның сөзі ауадай қажет. Сонымен бірге барлау қоғамдастығының кейбір өкілдері ол қайтыс болған, ал ИРСК оның амандығын жай ғана елестетіп отыр деп есептейді. «Моссад» Хаменеидің тірі-өлісін және қайда тығылып жүргенін анықтауға тырысуда.
Басылымның мәліметінше, Хаменеи терең таса жерде жасырынып, 150 күнге жуық уақыт бойы қолына телефон алмаған және компьютерді қолданбаған.
«Моссадтың» бөлімшесін басқарған бұрынғы шенеунік Рами Игра: «Моджтаба телефонды пайдаланбауы мүмкін, бірақ егер ол аман болса, оның байланысудың басқа жолдары бар, мәселен, кішкентай қағаз қиындылары сияқты», — дейді.
Оның айтуынша, Иран билігі жоғарғы лидерге хабарлама жеткізу үшін көпдеңгейлі курьерлік желіні пайдаланады. Алайда бұл шабармандар хаттардың мазмұнын білмей, тек қолдан-қолға беріп отырады.
Игра Хаменеиге жетудің жалғыз шынайы жолы — онымен тікелей байланыста жүрген агентті өзіне қаратып алу (вербовка жасау) екенін атап өтті.
«Бұл өте қиын, себебі Иранда оған жақын жүрген адамдардың бәрі қатаң тексерістен өтеді. Мүмкін ИРСК-нің екі немесе үш мүшесі ғана онымен қалай байланысу керегін біледі», — деп қосты «Моссадтың» отставкадағы қызметкері.
«Моссадтың» бұрынғы подполковнигі Авнер Авраамның айтуынша:
«Ол өз жүзін көрсетпесе де, Иран халқына дауыстық хабарлама арқылы үндеу жасай алар еді. Бірақ бұл оны қорғансыз етеді. Себебі дауыстық файлдан дыбыс жазатын құрылғының түрін немесе жазба жасалған орынды анықтап алуға болады».
Пентагонның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі ақпан айының басындағы әуе соққысынан кейін Иранның қазіргі жоғарғы лидері өз қауіпсіздігіне қатты көңіл бөле бастағанына сенімді. Айта кетейік, солақай соққыдан оның әкесі Али Хаменеи қаза тапқан болатын.
Сонымен қатар америка шенеунігі АҚШ барлауының мүмкіндіктеріне күмән келтіріп, Иранның төрт онжылдық бойы жабық аумақ болып келгенін еске салды. Ол Израиль барлауының әлдеқайда тиімді жұмыс істейтінін мойындағанымен, олардың да ресурстары шектеулі екенін айтты. Егер арнайы қызметтер жоғарғы лидердің орнын анықтай алса, Уашингтон мен Иерусалимге ары қарай не істеу керектігі жөнінде оңай емес шешім қабылдауға тура келеді.
Моджтаба Хаменеидің бейнежазбалары мен дауыстық хабарламалары жоқтығына қарамастан, соңғы айларда Х әлеуметтік желісінде оның атынан хабарламалар жарияланып тұрды. Рахбардың үндеулерін Иранның мемлекеттік агенттіктері де бөлісті. Мысалы, шілде айында оның Х парақшасында соққылар қайта басталған соң АҚШ президенті Дональд Трамптың өзара түсіністік меморандумындағы қолы «ештеңеге татымайды» деген жазба шықты. Сол хабарламада ол АҚШ-ты «Ұлы Шайтан» деп атады. Оның алдында, маусым айында, сол әлеуметтік желіде Хаменеи Иран президенті Масуд Пезешкианның кепілдік бергенінің арқасында меморандумға қол қоюды мақұлдағанын мәлімдеген болатын.
Моджтаба Хаменеи әкесі Али Хаменеи наурыз айының басында АҚШ пен Израильдің әскери операциясының алғашқы күндеріндегі соққысынан қаза тапқаннан кейін Иранның жоғарғы лидері болды. Али Хаменеи елді 36 жыл бойы басқарған еді. Резиденцияға жасалған әуе соққысы салдарынан Моджтаба Хаменеидің өзі де жараланып, содан бері халық алдына шыққан жоқ.
Abai.kz