Қазақтың Зардыханы...
(естелік-эссе)
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Тарих ғылымының докторы марқұм Зардыхан Қинаятұлының 80 жылдығы ковид-пандемиясына байланысты өтпей қалған еді. Ештен кеш жақсы деп, ізгі ғалымды еске алу кеші, ғылыми маслихат алдағы күндері Тарих және Этнология институтында өтпекші. Соған сәйкес, жерлес журналистің естелігін жариялауды жөн санадық.
«Зардыхан аға» десек, моңғолиялық қазақтарда осы есімді білмейтін адамдар кемде кем шығар. Себеп, сол елде жетпіс жыл үстемдік құрған «казармалық социализмнің» құлап, еркін демократялық қоғамның құрылуына бірден-бір үлес қосқан тұлға ретінде ұмытпай еске алады, кейінгі ұрпақ үлгі тұтады.
Әсіресе, осы естелікті жазып отырған өз басым, бұл ауқымды қоғамдық қозғалысқа тікелей қатысқандардың қатарында болғандықтан марқұм Зардыхан Қинаятұлының осы тарихи істегі орынының ерекше екенін білетінмін, ол жөнінде көптеген оқиғаға куә да едім. (Кейін, маған сол елдің Президенті жарлығымен «Моңғолияның Демократиялық өзгерісінің аға қайраткері» атағын берген-ді)
Оқ атылып, адам шығыны болмаса да қиян-кескі саяси тартыстарды бастан кеше отырып, тот басқан тегершіктей сіресіп қалған қоғамды жанды қозғалысқа келтіруге тікелей түрткі болған ең алғашқы Халықшыл Қозғалысқа (Ардчилсан Хөдөлгөөн) шақырған төтенше Құрылтай Уланбатыр қаласындағы Кәсіподағы Комитетінің жеке ғимаратында өткен-ді. (1989-жылдың аяғында)
Ал, бұл мемлекеттік дәрежедегі комиттің сол кездегі басшысы Зардыхан ағай болатын. Олай болса, бұл қозғалысты ұйымдастырушы жастарды (С.Зориг, Элбэгдорж, Батүүл, Батбаярларды) қолдап, оларға қорған болған бірден-бір кісі Зақаң екені белгілі.
Өйткені, сол кездегі Моңғолияның билігін қолға ұстап тұрған МАХН (Моңғолияның Халық Төңкерісшіл Партиясы) Орталық Комитетінің тоғыз бюро-мүшесі (товчооны ёсин гишүүн) үшін, бұл Демократиялық Қозғалыстың қатері, қазіргі Қазақ Еліндегі Қазақстанның Демократиялық Таңдауы партиясына ұқсас деуге болады.
Зақаң өзі де осы биліктің бір тармағын ұстап отырған коммунист қызметкер бола тұра, осындай ерлікке баруы ол кісінің әділетшіл, азаттықты сүйетін бюрократияға қарсы адам екенін көрсеткен нақты дәлел.
Әйтпегенде, өз қара басының қамын ойласа, Зақаң ол кезде төрт құбыласы тең, ең жоғарғы лауазымды коммунист шенеуніктердің қатарында еді. Міне, осындай жағдайда жап-жас саяси қозғалысты қолдаған Зақаңды Моңғол тарихында «демократялық қозғалыстың әкесі» деуге лайық әрі моңғол халқы да ол кісіні солай деп, бағалаған.
Жоғарыда аталған тарихи дәлелді, одан да анықтай түссек Моңғолияның Демократиялық Қозғалысының алғашқы Құрылтайы сол Зақаңдар отырған ғимратта өткеннен кейін Моңғолия Кәсіп Одағының төл басылымы «Хөдөлмөр» (Еңбек) гәзетінде осы Құрылтай туралы мақала жарияланды. Бұл ол кез үшін, бұлтсыз аспаннан жай түскендей өте дүмпулі оқиға еді. Жаңалықты жабырлай оқыдық. Бюрократиялық тұманда қалған елдің санасына сәуле түсіргендей қатты әсер етті. Бұл басылымды өзі тікелей бақылап отырған Зардыхан екенін ескерсек, темірбетондай шөгіп жатқан партиялық цензураны бұлайша ысырып тастау да рухани ерлік деуге тұрады.
Иә, осыдан кейін көп кешікпей Моңғолияда алапат қоғамдық толқулар басталды. Тоқсаныншы жылдың қақаған сары аязында Уланбатырдың Үкімет Үйі орналасқан орталық алаңда бүкіл халықтық көше шеруі басталды. Негізгі ұраны «Товчооны ёсин гишүүн огцор!» (Тоғыз мүше орныңнан кет!) болды.
Сөйтіп, қарапайым халық пен елді жетпіс жыл басқарған коммунистік билік бетпе-бет келді. Бұл көше шеруі ондаған күнге созылды, Моңғолияның он сегіз аймағында да сондай қозғалыстар көрініс бере бастады. Ең соңында, осы Демокриялық Қозғалыстың лидрлері «улс төрийн өлсгөлөн» (саяси аштық) жариялап, аяз шөккен көшеде моңғол киіз үй тігіп нәр татпай жата бастады.
Қантөгіс қатері алыс емес еді. Сол кездегі Ішкі Істер минстрі Дэжид деген кісі, «мынандай бассыздықты күш қолданумен тоқтату дұрыс!» деген. Алайда, МАХН Бірінші Хатшы лауазымындағы Батмөнх бұған жол бермеді, «Осы толқып тұрған халықты атсақ ішінде біздің де туыстар бар, жерлестерміз де жетеді, ертең тарихтың алдында қарабет боламыз, осы жастардың айтқанын орнындап орнымыздан кетейік!» дейді.
Дәл солай болды да. Бастағы бюрократия орынын босатып, П.Очирбат сынды жаңашыл басшылар өзгеріске жол ашты.
Тоқсаныншы жылы «Алғашқы демократиялық сайлау» жүрді. Моңғолияның Демократиялық Қозғалыс партиясы елдің Ұлы Құрылтай палатасынан қырық пайз орын алды.
Соның арқасында, ең алғашқы адам құқын қорғайтын заңдар шықты: Жетпіс жыл өз елінен аттап баса алмай қамалған халыққа «Еркін эмиграция заңы» (моңғолиядағы қазақтарға да Қазақстанға көшуге жол жол ашқан осы заңның нәтижесі), «Мал мен оған тиесілі жерді малшының өзіне меншіктеу заңы» (Колхоздың жалшылығынан иіні түскен кедей малшылар бір жылда байып шыға келді), «Әрбір шаруашылық және өндіріс орны оның бүкіл жұмысшысына тең акциямен бөліну заңы» т.т. осындай шұғыл өзгерістердің нәтжесінде, Коммунистердің елу жыл жиналыс пен қаулы қарар арқылы бітіре талмаған ісін, жеке меншік құқымен құрылған нарықтық экономика, бірер жылда таңғаларлық жетістікке бастады.
Міне, қоғамның осындай қан төгіссіз бейбіт жолмен ізгілікке қадам басуына Зардыхан Қинаятұлының лидрлік көрегендігі айырықша болды, дей аламыз.
Демократиялық ауқымды өзгерістердің кезеңінде сан-алуан қайшылықтар да шықты. Жаңа көзғарасты бөтенсу, баспасөздегі плюрализмді анархиямен шатастыру, ескіліктен кеткісі келмеу, пікір алуандығына дұшпандықпен қарау, жаңашылдыққа қарсы тұру... секілді тобыр қауымның санасын жаңарту ісіне де Зардыхан ағамыздың қосқан үлесі ересен еді.
Сол кездегі тығырыққа тірелген коммунистердің «Үнэн» (Шындық) атты бас гәзетіне Қ.Зардыханның өз әріптестеріне арнап жазылған атақты мақаласы шықты «Байдал хүнд гэвч гарах зам бий» (Жағдайымыз қиын, алайда шығар жол бар!) деген. Бұл жазба, жаңа қоғамға қадам басып, бірақ ойламаған мәселелерге тап келген қауым үшін бағдаршам секілді, жол көрсете білді.
Зақаңның араласуымен оңды шешілген көптеген жағдайлардың бәрін атамай-ақ, елеулі бірерін еске салайын. Баян-Өлгей аймағынан Ұлы Құрылтайға сайланған бір депутаттың мандаты берілмей, дау туды. Аймақтың жаңашыл белсенділері тағы да көшеге шығып шу көтерілді, ұлттық мәселе ауызға алына бастады.
Сөзге ерік берілген кезеңнің туғаны, бір жақсылық болса да, соны пайдаланған керауыздар, моңғол ішінде ың-шыңсыз өмір сүріп отырған қазақ қауымының мәселесін алабөтен көтеруі, жақсылық әкелмейтіні белгілі еді. Сондай бір тығырық жағдай шыққанда, орталық үкімет Зардықан Қинаятұлын Баян-Өлгейге арнайы жіберді. Бір артық сөз айтылса, саяси өрт шығып кету қаупі тұрған дауылды сәтті Зақаң майдан қылшық суырғандай жөнге салды. Баян-Өлгейден қайтар жолда өзінің туыстары тұратын Қобда аймағына да жолай соға кеткенін естідік.
Сонда, болған қызық жағдайды кейін Алматыда Ақсай ықшам ауданында көрші болған кезде маған әңгімелеген еді. Қобда аймақтың Ішкі Істер басқармасының бастығы Зардыхан ағайға арнайы кезігіп бір сыр айтқан екен. 1938-жылы Моңғолияда Сталиннің тікелей бұйрығымен байлар мен молдаларды «эсэргүү баривчилах» дейтін (төңкеріс жауларын ұстау) саяси-репрессия жүрілген. (Осы саяси-науқанда жетпіс мың лама, төрт мыңдай молда ұсталып атылған деген дерек бар)
Сонда, Қобда аймағынан (ол кезде Баян-Өлгей әлі құрылмаған) ұсталған молдалардан тәркілген Құран және басқа кітаптарды Ішкі істердің жертөлесіне сақтап қойған екен. Әлгі, басшы бейбіт-еркін заман келгендіктен, Зақаңа соны алуыңызға болады, дейді. Зақаң, шәйт кеткен боздақтардың әрбірінің тағдырына қатысты сол бір кітаптарды ол жолы алуға мұрасы болмай, кейін қайыра бара алмай кеткеніне өкініп отырды.
Демократиялық өзгерістен кейін, Зардықан Қинятұлы Моңғол елінің ең жоғарғы лауазымды қызметіне тағайындалды, Үкіметтің премьр-министірің орынбасары болды. Осындай үкіметтік сан-салалы жауапты қызметте жүрсе де, ол кісі өзінің ұлтының қамын бір сәтте ұмытпай, Моңғолиядағы қазақтың зиялы қауымымен етене араласатын, өте қарапайым мінезді адам еді.
Әлемдік деңгейдегі көркем-өнер зерттеушісі, өзі баулыған Ойлан, Толғау деген ұлдары қазір дүниежүзілік көркем-картина өнерінде танымал болған марқұм Жанатхан ағамыз да Зақаңды өзіне ақылшы тұтатын. Жанатхан өзінің «Цагаан даваа» (Ақ кезең) дейтін қаланың ең еңселі жеріндегі қолөнер ерекшелігімен салынған үйінде Зардыхан ағамен көптеген келелі әңгіме өткізгенін еске алушы еді. Сонда, «Халқымыздың жақсы атын шығарудың жалғыз жолы бар, ол үшін дүниежүзінің өнер әлемінде жұлдыздай жарқыраған туынды шығару ғана» дейді, екен.
Жанатхан аға да, ол кісінің осы сөзін үнемі еске алып: «Жапонды жапон етіп тұрған Тойота ғой! Бүкіл адамзатқа пайдалы нәрсе ойлап табу керек! Қазақ Абылайханмен мақтанып, Моңғолдар Шыңғысханды ту еткеннен пайда жоқ!» дейтін.
Тоқсаныншы жылдардың аяғында Зардықан Қинаятұлын Моңғолия Үкіметі, Өзбекстандағы Моңғолияның Төтенше Елшісі етіп тағайындады, соңында Қазақстандағы Моңғол Елшілігінің консулы болып, зейнет жасында Алматыда тұрақтап қалған еді.
Зақаң өзінің азат рухты, еркін ойлы мінезінен еш өзгермеді, Қазақстанда да шынайы демократия болуын өте қалады, бірақ мұнда ондай өзгерістің оңай іске аса қоймайтынын, қолайлы кезеңнің өтіп кеткенін, бюрократияның сіресіп тұрғанын пайымдағандай болды. Өмірінің соңғы шағында өзінің кәсіби мамандығы тарихшы қызметін жалғастырып, ұрпағына, қазақтың зиялы қауымына жазған кітабымен үлгі болуды ғана мақсат етті.
Абай Мауқараұлы
Abai.kz