Үкімет: Біздің мақсат – биыл инфляцияны 2 есе төмендету
Нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік параметрлердің қатаң сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай мәлім етті.
«Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет. Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы жылдың сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек. Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет», - деп жауапты ведомстволарға тапсырма берлі Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, Премьер-Министр қаржылық бақылауды күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталды.
«Қаржыландыруға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік параметрлердің қатаң сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Тағы да атап өткім келеді – біз экономиканың өсу қарқынын жоғары деңгейде сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Министрлер мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштерін қатаң бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.
Қоса кетсек, сәуір айында Қазақстандағы инфляция 16,8%-ға дейін баяулады.
Abai.kz