Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3159 10 пікір 18 Мамыр, 2023 сағат 14:53

Қытай сапары: Қандай құжаттарға қол қойылды?

Президент Тоқаев кеше Қытайға барды.  Қытайдың Сиань қаласында «Орталық Азия және Қытай» саммиті өтіп жатыр. Оған Орталық Азия елдерінің басшылары түгел дерлік барып қатысуда. Саммит 18-19 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланған.

Қытайға кеше барған Қазақстан президентін Қытай тарабы сән-салтанатымен күтіп алды. Қытай төрағасы Ши Жипиңмен жекелеген жолығулар өтті.

Сонымен, кешелі-бері Қазақстан мен Қытай қандай келісімдер жасасты? Екі ел басшылары бір-біріне не айтты?

Құттықтасу

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасына шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

ҚХР Төрағасы Ши Жипиң Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.

«Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет», - деді ҚХР Төрағасы.


Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік», - деді.

Ұстанымымыз бір

«Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды.

Осы ретте Сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді.

Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенімге қол жеткізуге ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімдімін», - деді Тоқаев.

Қытай сапарының бірінші күнінде келесідей 23 құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы басшыларының Бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялық ынтымақтастық жоспары;

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға күнбағыс, мақсары, соя және зығыр тұқымының шротын (күнжара) экспорттауға қойылатын санитариялық және фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама;

8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға экспортталатын бұршақ пен жасымық партияларына қойылатын инспекциялық және карантиндік талаптар жөніндегі хаттама;

9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға су өнімдерін экспорттау жөніндегі хаттама;

10. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші трансшекаралық теміржолды бірлесіп іске асыруды алдын ала қарау туралы өзара түсіністік туралы меморандум;

11. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы мәдени орталықтар құру жөніндегі ниеті туралы меморандум;

12. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

13. Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Қытай Халық Республикасының Стандарттау басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

14. ҚР Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі арасында Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім;

15. ҚР Шымкент қаласы мен ҚХР Сиань қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісім;

16. ҚР Солтүстік Қазақстан облысы мен ҚХР Шэньси провинциясы арасында бауырластық байланыстар/қатынастар орнату туралы келісім;

17. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситеті мен Сиань Солтүстік-Батыс политехникалық университеті арасындағы ҚазҰУ жанынан ССБПУ филиалын ашу туралы келісім;

18. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Энергетика істері жөніндегі мемлекеттік басқару арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

19. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы» арасындағы қазақ-қытай стратегиялық энергетикалық ынтымақтастығын кеңейту туралы негіздемелік келісім;

20. Қазақстан Республикасы Техникалық реттеу және метрология комитеті мен ҚХР Стандарттау басқармасы арасындағы меморандум;

21. «Хабар» Агенттігі» АҚ мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

22. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай мұнай университеті арасындағы ынтымақтастық орнату туралы келісім;

23. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылықтары университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

Қытай сапарының екінші күні Қытайлық ірі компаниялармен инвестициялық жобалар бойынша кездесу өтті.

Президент әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты», - деді Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кеше тарихи, көне Сиань қаласында жоғары деңгейдегі қазақ-қытай келіссөздері өтті.

Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмастық, нақты келісімдерге қол жеткіздік, бірлескен мәлімдемеге қол қойдық.

Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстан Қытаймен көпжақты байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі. Осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деп мәлімдеді.

Онан соң президент Тоқаев Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Онда: «Еліміз соңғы 15 жылда бұл салаға 35 миллиард доллар инвестиция салды. Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығын құрдық. Жаңа теміржол бағыттарын аштық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты жұмыс істей бастады. Каспий теңізінде заман талабына сай инфрақұрылым жасалды. Осы шараларды жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бір бөлігі деуге болады. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Біздің ынтымақтастығымыз мұнымен шектелмейді. Алыс-берісті одан әрі дамыту үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Сондықтан қытайлық әріптестермен бірге Сиань қаласындағы құрғақ портта логистика орталығын салу керек деген шешім қабылдадық. Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін», – деді.

Онан соң Президент JD com электронды коммерция алаңында Қазақстанның Ұлттық павильонын ашты. Осы кездесуден соң, президент Тоқаев Қытайлық ірі компания басшыларын жеке-жеке қабылдады.

Бұл сапар барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимге ресми түрде қол қойылды.

Президент Тоқаевтың Қытай сапары бүгін де жалғасып жатыр. Алдағы уақытта Қытай сапарын қорытындылаған, сараптамамызды Abai.kz порталында жариялайтын боламыз.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475