"Әлемге тұрақты, гүлденген, үйлесімді әрі байланысы нығайған Орталық Азия керек" деді ол. Оның сөзінен Reuters үзінді келтірді.
“Қытай Орталық Азия елдеріне құқық қорғау органдары, қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін жақсартуға көмектесуге дайын” деді Қытай басшысы.
Ол сонымен бірге алты мемлекет аймақтағы елдердің ішкі мәселелеріне сыртқы күштердің араласуына қарсы шығуы тиіс деп бұрынғы сөзін қайталады.
Ресей басқыншылығы тұсында Қытай ОА елдерінің қорғаныс мәселесін алғаш рет айтып тұрған жоқ. Былтыр Қытай басшысы ШЫҰ саммитіне бара жатқан кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға дайын екенін, елдің ішкі мәселелеріне сыртқы күштердің араласуға қарсы шығатынын айтқан.
Кей сарапшылар "бұл – Қытай риторикасы, ол Украинаға да солай айтқан. Ресей алда-жалда әрекетке көшсе, Қытай мұны тежей қояды деу қиын" деп есептейді.
Ақорда сайтының хабарлауынша, жұма күні саммит кезінде сөйлеген Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "барлық елдің аумақтық тұтастығын және егемендігін сақтауға қатысты Пекиннің ұстанымы еш өзгерген емес. Сондай-ақ өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатынан айнымай келеді. Қытайдың осы берік ұстанымы ерекше құрметке лайық" деген. Ол "өңірді геосаяси текетірес алаңына айналдыруға қарсымыз" деген.
Ресми ақпаратқа қарағанда, кейінгі кезде Қазақстан-Қытай сауда-саттығының көлемі 31 млрд долларға жеткен. Енді тараптар осы көлемді 40 млрд долларға жеткізуге келіскен. 18 мамырда құны 22 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойылған.
Саммит кезінде Тоқаев Қазақстан Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасына қатыса береді деп мәлімдеді.
"Осы орайда Қазақ-қытай шекарасында үшінші теміржол өткелін ашу маңызды қадам болмақ" деді Қазақстан президенті.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Қытаймен әріптестікті дамытудың "басым бағыттары" туралы айтқан. Арасында сауда айналымы, электрон сауда мүмкіндіктері, көлік-логистика инфрақұрылымы, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану, аймақ қауіпсіздігі сияқты салалар бар.
Тоқаев Қазақстан халқы арасында наразылық туғызған Қытаймен 30 күндік визасыз режим туралы келісім жөнінде "бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді деп сенемін" деді.
Тоқаев "Орталық Азия – Қытай" саммитін Қазақстанда өткізуді ұсынып, тараптар шараны 2025 жылы өткізуге келіскен.
Тоқаев Қытайда сапарлап жүрген кезде Қазақстан аймақтарында белсенділер Қытаймен 30 күндіз визасыз режим енгізуге қарсы шығып, кейбірі қамалды. Кейбірі полицияға шақырылғанын хабарлаған.
Abai.kz