Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 3051 30 пікір 26 Мамыр, 2023 сағат 12:10

Сауатсыздық – ұлтқа сын!

Компьютер – еркіндік аясы.
Цензурадан еркіндік, бірақ кейде – өкініштісі  –
грамматикалық ережелерден де.
... Бұрын-соңды ешқашан көз алдымнан осынша
көлемде сауатсыз мәтін өткен емес.
Бұрын жеке хат алмасудағы
қателер бүгін көпшілікке ашық.
Олар санаға сіңіп, қар көшкініндей таралып жатыр.

Евгений Водолазкин

Осыдан отыз екі жыл бұрын еліміз өзіне өзі қожа мемлекетке айналды. Бәрін жаңадан бастау оңай болған жоқ. Абдырадық. Жанталастық. Экономиканы көтереміз дедік, шетелден инвестиция тарттық. Потскеңестік елдердің бәріне еркіндік келді, батыс елдерінің технологиялық игіліктерін тұтына бастадық. Ас та, төк заман туды, «не кием, не ішем» демейміз. Бірақ біз осы уақыт аралығында аса маңызды құндылық – кітап оқу мәдениетін жоғалтып алдық.

Империяның құрсауында болған Қазақ даласында шопандарға дейін классиктерді оқитын, әр ауылда міндетті түрде мәдениет үйлері, кітапханалар болатын. Содан болар, ол кездегі ақпараттың бәрі сауатты, түсінікті, ықшам, құлаққа жағымды еді.

Қазіргі қазақ тіліндегі жарнама, телевидение, сайттар, мемлекеттік органдардың ресми ақпараттары мен құжаттарының сапасы сын көтермейді.

Қазақ тілінің табиғатын түсінуден қалдық. Мағынасыз сөздердің тізбегі. Сауатты ұлттың ғана жарқын болашағы бар. Ойланатын уақытымызды өткізіп алмасақ игі...

Балаларымызға ертегі оқудың орнына, смартфон ұстата саламыз. Өкінетін жағдай.

Қазіргі қолданысқа еніп кеткен сұмдық қетелер: «Тілдерді оқытудың республикалық орталығы, балалардың толық емес күндік топтары, міндетті медициналық сақтандыру қорының қызметкерлерінің, мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні, мәліметтерді енгізу, баяндалғанның негізінде, құзыреттер орталығы, инвестициялар, келіссөздерді жүргізу, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен жарияланған конкурсқа қатысушылардың тізімі, лауазымды адам, конференцияның шеңберінде, ағымдағы жылдың қаңтар айының 25-күніне дейін, жаңа буынның ультрадыбыстық зерттеуі, мекемелердің есебінен, зерттеудің функционалдық әдістерінің мамандары, туылған күн және т.с.с».

Көрсетілген қателердің дұрыс нұсқасын көрсету – бос әурешілік. Түсінбейді. Жаппай сауат арттыру үшін, смартфонның орнына кітап болу керек. Міндетті түрде классиктер.

Мемлекеттік қызметшілер, журналистер қарапайым грамматикалық ережелерді білмейді. Қазақ тілінің табиғатын меңгермеген, сөйлем қалай құралатынынан бейхабар. «Орысша мәтіннің сөздер тізбегін керісінше қолдансаң болды, қазақша аудармасы шығады» деген ой миларына кіріп кеткен. Сөйлемдегі ой, сөйлемде болатын бөлінбейтін бірліктер жайлы хабары жоқ. Жалғау қандай жағдайда жалғанады, қай кезде жалғанбайды – оны білмейді. Бұл – телевидение, сайттардағы қазақ тілінің мүшкіл жағдайы.

Сауатсыз блогерлер де, мәдениетсіз әншілер де бұған өз «үлестерін» қосып жатыр. Халық, жас ұрпақ солардың істегені дұрыс екен деп жүр. Еркіндік. «Әй» дейтін қожа жоқ. Әркім білгенін істеп қалып жатыр. «Сахнадан кие кетті, мәдениет өгей баланың күйін кешуде», – деп кинорежиссёр, жазушы Ермек Тұрсынов талай айтып жүр. «Ойлы қоғам құрудың басты іргетасы экономика емес, саясат емес. Дамудың басты алғышарты – мәдениет».

Неліктен бүгін қазақ тілінің сапасы төмендеп кетті? Себебі бәріне бәрібір. Бәріміз білеміз жағдайдың нашар екенін. Бірақ айтамыз да қоямыз, күлеміз де қоямыз. Бұған көпшіліктің жаны ауырмайды. Етіміз үйреніп кеткен. Қадағаламаймыз. Халыққа таралатын ақпаратты сапалы сүзгіден өткізбейміз. Руханияттың керегі жоқ, қарынның уайымы жоқ. Одан басқа не керек?...

Қазіргі адамдар нағыз өмірді сүруден қалды. Асығыс. Жанталас. Смартфонсыз өмір сүре алмайды. Салдары – шолақ ойлау. Белгілі бір ойды аяқсыз қалдырып, бірден келесі ойға көшу. Миымыздан фрагментарлық көріністер ғана зуылдап өтеді. Смартфон әлемінде бәрі бар. Уақытың асқан зымияндықпен ұрланып жатыр. Санамыз, ойлау қабілетіміз семіп жатыр. Кітап оқитындардың өздеріне классика керек емес. Кітап дүкендерінде классиктердің кітаптары жетістікке жетуді үйрететіндерден арзан тұрады. Сұраныс жоқ. Инстажұлдыздардың үйрететін басты идеясы  – қалай да баю. Оларға телмірген жұрт...

Белгілі редактор Назгүл Қожабектің телеграм арнасынан алынған қателер: «Бару қажет емес, тақтың мұрагері, Қазақстан тауарлық аштыққа тап болды, бағыңызды сынаңыз, Әлеуметтік – гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар бойынша жұмыс тобы, қаржылық сауаттылыққа оқыту, Байден өзінің жасын ұмытты ма, ұмытып қалдық екенбіз, көтеріңкі көңіл-күйдегі адам, барлығына сәлем, әлем әдебиетінің жинағы, ақбоз аттағы ханзада, дәнекерші, тақияда жүрсем, қонақжайлы, қазақ тілін бұлғамаңыз, қорқынышпен өмір сүреді, талдырмаштай қыз, болу керек екенімізді, сүтпен шай, аты-жөнін ұмыттым, қолданбаны жүкте, енесі тарапынан қысым көрсетілген, Сіз, жұмыс іздейді,  не жоғалтасың, детективті жанр, бұл кітап айыптау да, ағынан жарылу да болып табылмайды, итке сүйек лақтыру, адамдарды зынданға лақтыру, салмақ жоғалту, сарапшылық комиссиясы, дерлік дұрыс, балық тазалау, егіннің шығымдылығы, жеңдерін түріп, бірдеңе істеу керек шығармыз, ұлттық киімде келеді және т.с.с.».

Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының 32-ші сессиясында «Қазақ тілі білім мен прогрестің тілі болуы тиіс. Оны бүгін еліміздің әрбір азаматы меңгеруі керек. Қазақ тілі азаматтық бірігудің пәрменді құралы болады. Мәдени, рухани бірліктің символына айналады», – деп айтты. Жақсы бастама. Бәріміз қолдаймыз.

Қалыптасқан жағдайға әрі қарай көз жұма қарауға болмайды. Авгейдің ат қорасын тазалауды білім саласынан, балабақшадан бастау керек екені белгілі. Бұл тұрғыда, өз құзыретіміз шегінде мемлекеттік қызмет жүйесі бойынша ұсыныстарымыз бар. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне кітап оқу, театрға бару, өнерді түсіне білу туралы баптар енгізу. Мемлекеттік органға жұмысқа қабылданар алдында үміткерден қазақ, орыс классикалық әдебиетінен ауызша, жазбаша (шығарма) емтихан алу. Тест сенің рухани дүниеңнің, сауатыңның деңгейін белгілей алмайды. Бұл талапты заңнамаға, конкурс тәртібіне енгізу. Мемлекеттік органның өзінде тұрақты негізде мәдени бағыттағы корпоративтік іс-шаралар өткізу.

Кітап оқитын қызметкерлер сауатсыздыққа жол бермейді. Қазақша заң тілі де түсінікті, ықшам болады. Кітап оқитын ұрпақ пара бермейді, пара алмайды. Осы жолмен біз бірнеше проблеманы шешеміз – сауатсыздық жойылады, сыбайлас жемқорлықпен күрестің қажеттілігі жойылады.

Арайлым Рахметова, 

ҚР ЦДИАӨМ Тіл саясаты басқармасының бас сарапшысы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322