Екі қоғам, екі тілділіктен ұтылып қалмайық!
Әңгімені Бұхара хандығынан бастайық. Талай ғасырлық, тіпті, бірнеше мың жылдық тарихы бар Орта Азиядағы көне де ұлы шахардың тұрғындары кезінде кім еді? Мыңдаған жылдар ағымында, қолөнері мен сәулеті, егін егу, мақта жинау және түрлі жеміске толы бақша өсіру дағдысы аса жоғары дамыған, сондай-ақ, айналасындағы елдермен сауда-саттық жұмысын айтарлықтай жақсы жолға қоя білген, Бұхара өлкесі сонау көне заманнан Иран тектес Согдия тұрғындары болатын. Өткен ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап, Бұхара аумағы жаңадан құрылған Өзбекстан республикасының құрамына кірді.
Сол бір тұста, бірнеше миллионға жуық сол өңірдің ежелгі тәжік болып келген тұрғындары өзбек болып жазылады. Әрине, өзбек билігі тарабынан сол арадағы қалың қауымды алдап, арбап, күштеп әйтеуір, өзбек қылып жіберді. Және тек қана өзбек тілінде ғана мектептер ашып, осы тілде білім алуға, сауатын жетілдіруге мүмкіндік берді. Екі ұрпақ ауысқан соң, бұл арадағы көнеден келе жатқан кезіндегі тәжіктер жаңа ұлт өзбек болып қалыптасты. Олардың ата-бабасының алтын тарихы өзбек елінің еншісіне өтті. Сонымен, бір кездегі тіл мен дәстүр жағынан парсыларға жақын согдиялықтар өздерін жоғалтып, көрші ағайын өзбек жұртына жұтылып кетті. Тіпті, сондағы қазақтың біразы да, әр заманның ыңғайына қарай, осы күнгі өзбеккеайналды. Бұлшындық! Мемлекеттегі бір қоғам, бір тілділіктің құдіреті деген осы!
Ал, біздің елде екі қоғам бар. Қазақ тілді және орыс тілді. Бұл қоғамдар үнемі тебісіп күн көреді. Шынын айту керек, бұл мемлекет үшін үлкен қауіп! Билік әрдайым назар аударып, байқап отырмаса, алдағы кездесетін түрлі оқиғалар, елді жарып жіберуі мүмкін және бұл көп қиындық тудырмайды. Сондықтан, мемлекет қазақтікі болып саналған соң, сонымен қатар, елдегі қазақтардың саны жетпіс пайыздан асқандықтан, қазірден бастап мүмкіндікті мемлекеттік тілге, яғни айтқанда, қазақ тіліне толық бермесе және осы тілді елдегі әр сала бойынша жоғары қарқынмен дамытпаса, Мәңгілік қазақ елі болып қалу екі талай дүние.
Егер, айналадағы өсіп-өркендеген елдерге қарасаң: құрамында көптеген автономды республикалары бар Ресейде де, бірнеше ғасыр бойы талай ұлтты жұтып, бір ұлтқа айналдырған Қытайда да, ағайын ел Түркияда да (бұл елде 18-25 миллионның аралығында күрд тұрғындары бар) және Иранда да (біразы әзірбайжандар), бір қоғам, бір тіл. Сол секілді, Өзбекстанда, бір Мемлекеттік өзбек тілімен өзгелерді өзбекке айналдырды және темірдей мықты мемлекет қалыптастырды. Ал, бізде ше?! Крыловтың мысалындағы: аққу, шаян және шортанның ісі сипатты. Міне, осыларды көріп жүріп, тәуелсіздігімізге отыз жылдан асты, әлі күнге дейін ешбір шара қолданбадық. Қайран, Абай атамыз айтқандай: «Баяғы жартас, сол жартас, қаңқ етер, түкті байқамас».
Қазіргі, облыс әкімдерінің жұмыс барысына және олардың жүргізген ісіне қарап отырсаң, бір де біреуінің ұлттық кадр емес екендігін байқайсың. Неге десеңіз, ешқайсысы ұлттық саясат дегенді білмейді, тіпті, сезбейді де. Экс-президенттің тұсында қанша дегенмен, ұлт саясатын жүргізе алатын біраз әкімдер болып еді. Айтар болсақ: Иманғали Тасмағамбетов, Жәнібек Кәрібжанов, Бердібек Сапарбаев, Өмірзақ Шүкеев және тағы басқалар. Осы азаматтар Қазақстанның қазақ мемлекеті болып қалыптасуына айтарлықтай еңбек сіңірді, сондай-ақ, өзіне берілген облыстарда ұлт саясатын көп-көрім жүргізді деуге болады. Мысалы: Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда, істін бәрін мүмкіндігінше мемлекеттік тілде атқарды. Көптеген елдімекендер қазақша атау алып, жергілікті тұрғындарды қуандырған еді. Өскеменде Абай атамыздың ескерткіші тұрғызылып, үлкен мешіт салынды. Қабанбай батырдың да ескерткіші бой көтерді. Көшелер қазақшаланды және еліміздің көрнекті тұлғаларының аты берілді. Қазақ мектептері, балабақшалары көбейді. Қазір болса, мұның бәрі тұралап қалды. Сол сияқты, солтүстіктегі, шығыстағы облыстар да осылай. Тағы бір айтарымыз, министрліктердің Мемлекеттік тілде іс жүргізуін толықтай қамтамасыз етуді және осылай талап етуді жүзеге асыру қажет. Біздің, Жоғары биліктен осыған уақыт өткізбей қалайда көңіл аударуын сұраймыз!
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz