Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6434 7 пікір 1 Қараша, 2024 сағат 13:09

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз (Жалғасы)

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Бесінші бөлім

Отарлық бұғау арқылы рухани езгіге түскен ұлт зиялысының азабынан терең қандай азап болуы мүмкін?! Өнер мен ғылым тарихында отарлық езгі туралы не түрлі ғылыми, болмаса, көркем шығармалар топтамалары молынан кездеседі. Солардың біразымен таныспыз десек те, мүмкін, ұлтымыз бен өмір сүрген уақытымыз бір дәуір болғандықтан болар – ұлттың рухы мен еркіндігін жаныштайтын қарғыс атқыр отарлық жүйені  ойлап тапқан үстем ұлттарға қарсы айтылған Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық роман-эссесіндегі жазушы монолог-сөзінің біздің ұрпаққа еткен әсері тіптен басқаша. Өзіңнің ішкі даусың секілді ерекше жақын, әсері де бөлек.

Әлемдік деңгейдегі парасат биігіне көтерілген ұлт зиялысы, отар елден шыққан жазушы былай дейді: «Кешегі отар, бүгінгі кемшін елден шыққан, шағын деп есептелетін ұлттан көтерілген біздің – қаламгер ретінде өлшеусіз бір артықшылығымыз бар: біз жанжүйемізбен сезінген, азаппен түйсінген жағдаяттарды ешқашан да ешбір ағылшын, орыс, неміс жазушысы сезініп, түйсіне алмайды. Яғни, үлкен халықтар әдебиетіндегі адамның жан әлемі біз жасаған адамның жан әлемінен әлдеқайда кедей, біржақты. Кіріптар жұрттан шыққан жазушының әдеби мұраты – адамзаттық мұраттың ең айқын, ең толық көрінісі. Отарлық, немесе жартылай отарлық жағдайдағы халықтың тіршілік-тынысы, арманы мен зары Тәңірге жақынырақ. Өктем жұрттардың дамыған әдебиетіндегі ең ұлы жазушылардың өзінің халықтар теңдігі, ұлт бостандығы тарабындағы ой-толғам, ұғым-нанымдарын байыптасаңыз... таң қаласың, тіпті, ақылға сыймас жағдайлар алдыңыздан шығады.

Мұның ең айқын мысалы Мицкевич пен Пушкин арақатынасы дер едім», – дейді де, поляк ақыны Мицкевич пен  Пушкиннің үлкен рухани бірлікте дос болғанына тоқталып, айдаудан қайтқан Мицкевичке Пушкин жасаған көмек пен құрметті сөз еткен жазушы: «Бірақ, мұның бәрі сыртқы перде екен. Бар ғұмырын халқының азаттығына бағыштағын Мицкевич Отанына орала салысымен, Тәуелсіздік күресінің жаңа басталған тағы бір кезеңіне орай үн көтереді. Ресей әскерінің қантөгіс зорлығын айыптайды. Міне, сол кезде... ғұмыр бойы «фақырларға мейірім тілеген» Пушкин «ойбай-аттанға» басады: мына қараңыз дейді, кеше ғана ортамызда жүрген адам... Өзі – жау, өлеңі – у болып шықты, аяр екен, алдамшы екен, өсекші, жалақор екен... – Мейлі, біздің орыс даңқынан айбынғандар шулай берсін, ал, Біз... Біз деген сондаймыз, Біз Польшаны таптаймыз, Еуропаның аптығын басамыз, бүкіл славян әулеті ғана емес, жарым дүние Орыстың уысында тұруы керек. Біздің мылтық пен істіктің ызбарынан бүкіл әлем қалтырауға тиіс, біздің патшамызға бәрі бас ұрсын дейді». Бұдан ары жазушы Мицкевичтің Пушкинге қайтарған жауабына тоқтала келіп: «... Ресей әлемдік империя, ал Палония –  бөлшектенген кіріптар ел... Мицкевичтің жаны жаралы... Әйтсе де, зорлықшыл жұрттың зодыр ақынын жалпасынан түсірердей жауап қайырған... Жаңылған жақ, аталы сөзге тоқтамапты. ...Бірақ себепті. Бар кілтипан ұлттық өктем түйсік пен отаншыл парасат арасындағы қайшылықтан туындап отыр», – деп түйіндейді өз ойын, империялық-отаршыл пиғылды жан-тәнімен айыптаған гуманист қаламгер. («Мен», 187-188 беттер)

Таңқаларлық жағдай: Уақыт өзгерсе де, империялық отаршыл пиғыл өзгермейді екен. Жоғарыда жазушы Мағауин сөз еткен Пушкин мен Мицкевич арасындағы дәл сол оқиға, арада екі жүз жыл уақыт өтсе де, туысқан екі халық, ХХІ ғасырдағы Орыс пен Украин өнер қайраткерлерінің арасында дәлме-дәл, тура сол күйінде қайталанып отыр. Таң қаласың; барлық нәрсенің соңы, шеті мен шегі болады деуші еді, үстем пиғылды әділетсіздіктің соңы да, шеті де, шегі де болмайды екен-ау...

Мүмкін, ақындық дарынын жоғары бағалады, мүмкін, поэзиядағы өр мінезі мен романтикалық мұң аралас терең ойына қызығып Абай аударғаннан болар, бәлкім, тағдырлас елдің ақыны болғаннан шығар, Мағауин Пушкиннен поляк ақыны Адам Мицкевичті (1798-1855) әлде-қайда жоғары қояды. Автордың түсіндіруі бойынша, үлкен елден шыққан үстем ұлттардың орташа деңгейдегі жазушылары – майда ұлттардан шыққан өте дарынды деген жазушыларға қарағанда оқырманы да көп, таралымы да үлкен, содан әрине, танымалдылығы жоғары, – дейді. Ақиқат сөз. Мұның негізгі себебін, күштінің арты диірмен тартады, немесе, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесінмен» түсіндіруге болады. Оның үстіне «жарнама барлығын да істей алады», –  деген ұғым тағы бар. Үлкен елдер өздерінің ұлттық жетістіктері – көркем шығармаларын жарнамалауды мемлекеттік үлкен саясаттарының ажырамас бір бөлігіне айналдырған. Үлкен елдің «жарнама» саясаты да үлкен. Бұл саясаттың астарында қандай ой жатқанын ә, дегенде бірден түсіне кетудің өзі де оңай шаруа емес.

Проза жанрындағы әңгіменің әлемдік деңгейдегі шеберлері деп танылған орыстың Чеховы мен жапонның Акутагавасы өзіміздің кешегі Жүсіпбек, Бейімбет, Тәкендерден, бүгінгі Тынымбай Нұрмахамбетов, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдіков, біз сөз етіп отырған Мұхтар Мағауиндерден асып кеткен ештеңелері жоқ. Бәлкім, олар кейбір жағдайда біздің ауылдың «шаңқан боздарынан» төмен де... Бұл жерде мәселенің барлығы аударма мен жарнамаға келіп тіреледі. Мемлекеттік деңгейдегі жарнамаға, әрине... Үлкен елдің жарнамасының да үлкен болары белгілі жағдай...

Отаршылдық пен нәсілшілдікті жан-тәнімен айыптаған М.Мағауин өзінің  «Менінде» үстем пиғылды үлкен елдің әлемдік деңгейдегі ұлылары Достоевский мен Лермонтов, Лесковтардың ұлы орыстық-шовинистік пиғылдарын кінәлай сөйлеп, «Хажы-Мұраттағы» Шәміл мен озбыр орыс патшасының арасына теңдік белгісі қойылады, Ресей әскерінің отарлық жаулаушылық мақсатындағы басқыншы шапқыншылығы – отаршыл, нәсілшіл сананың емес, халықтар арасындағы кәдімгі қиғылық соғыстың зардабы ретінде ғана айыпталады. Ұлттық қайшылық – адамдар арасындағы тартыс ретінде ғана суреттеледі, – деп, адамзат тарихындағы ең ұлы гуманист-жазушы деп мойындалған Толстойдың өзін, Ресей империясының отаршыл саясатын терең ашып көрсете алмаған деп айыптай сөйлейді.

Әділеттің биік мінбесінде тұрғандықтан болар, шындықтың өз жағында екеніне кәміл сенген жазушы, ешкімнің дарын-қабілеті мен әлемдік деңгейдегі атақ-абыройына қарамапты. Кішкентай ұлттың үлкен қасіреті – нәсілшілдік пен отаршылдық жүйені талдай отырып, терең білгірлікпен сынап, ақиқаттың ақ туын дәл осындай биік деңгейге көтерген Мағауиннан өзге қазақ жазушыларын өз басым білмейді екем.

Жазушы өзінің рухани езгіге қарсы жоғарыда айтылған жанайғайының жалғасы ретінде «Рухани езгі және отарлық сана» мақаласында:  «Жаңа айттық: қазақ оқымаған надан болды деді. Екі-ақ проценті сауатты болыпты, санаған ешкім жоқ, дауласпайық. Ал, енді орыс неше процент сауатты болды?». (М. Мағауин. Шығармалар жинағы. 13 том, 374-бет. Алматы, «Қағанат» - 2002)

«Қазақ екі процент қана сауатты болды», – деген сөз кез-келген қазақтың кеудесін басатын. Меніңше, қазақ халқына жасалған рухани езгі, тап осы «екі проценттен» бастау алады.

Қазақтың екі проценті сауатты болған тұста, орыстың қанша проценті сауатты болыпты? –  деген сұрақ отарлық рухани езгіден мәңгүрттенуге жақындаған қазіргі қазақ зиялыларының ешқайсының ойына оралмапты. Бәлкім, сұрауға дәті жетпеген. Бұл сұрақты мен алғаш рет М.Мағауиннің «Көк мұнар» атты романының кейіпкері Халел есімді аспирант жігіттің аузынан естігем. Бұл сұрақ неге біздің де ойымызға осы кезге дейін оралмаған деп, таңқалғам. Роман кейіпкері аспирант Халел де бүгінгі жазушы М.Мағауин секілді – Кім санапты оны? Санаған ешкім жоқ, –  деп жауап берген-ді.

Біз де: – Кім санайды оны? –  деп ойлайтынбыз.

Анығында, санапты. Ахмет Байтұрсынұлының өзі санапты. Ол былай дейді: «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екендігін көріп тұрмыз... Енді біздің қазақта оқудың көп-азын мөлшерлеу үшін мынау есепті көрсетеміз. Әр жердегі қазақтың өнер-білімі қарайлас, сол себепті бір облыс, иаки, бір уез елдегі оқудың таралуын көрсетсек, күллі қазақтағы оқуды шамалауға болады.

Торғай облысында 1912- нші жыл бірінші ғинуарға дейін 570 мың 109 қазақ тұрған, қазақ баласы оқитын 132 школ болған. (Справочная книга Торгайской обл. на 1912 год) Бұлай болғанда әрбір 3 мың 561 кісіге бір школдан ғана келеді екен. Қостанай уезінде 1909-нші жылғы есеп бойынша, 60 мың 594 еркек, 52 мың 63 әйел – барлығы 112 мың 657 қазақ болған. Бұлардан қазақша оқыған (қат танитын) еркек 6 мың 65, орысша қат танитын 690. Қазақша қат танитын 379, орысша қат танитын әйел 29. (Материалы по киргиз, землепользов. собр. статист. Пар. Тург. ур. перес. района Куст. у. стр. 412-413)

Бұл есептен көрінеді: Қостанай уезінде қазақша қат танитын еркек әрбір жүз кісіден алтау, орысша қат танитын әрбір  мың кісіден алтау, қазақша қат танитын әйел әрбір үш жүз кісіден біреу, орысша қат танитын әрбір төрт мыңнан біреу екен. (Қазақ. 1913, 21 апірел, №11. А.Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 289-290 бет. 4-том. Алматы, Алаш 2006)

Ахмет Байтұрсынұлының статистикалық құжатқа негізделген сараптауына қарағанда, 1912 жылдың 1 январына дейін, Торғай облысында әр жүз ер адамнан –  алты, әр үш жүз әйелден – бір әйел ғана сауатты болғанда, жалпы ер адамдардың 6 пайызы, әйел адамдардың 0,003 пайызы ғана сауатты болған.  Орысша хат танитындардың жағдайы – сөз ертуге де тұрмайды. Тіптен ауыр.

Қазақ халқының жалпы сауатының мұнша төмен болуының себебін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы былай түсіндіреді: «Қазақ баласы тәуірірек оқырлық школдарда қазыналық орын аз, өз күшімен оқытуға әркімнің шамасы келе бермейді. Екі класты школдар әр уезде бір-екеуден, оларға 30-дан артық қазақ баласын алмайды. Орта әм жоғарғы школдарда қазыналық орын бұл кезде жоқтың қасында. Әр облыстың қазақтары үшін университет, институттардан 2-3-тен артық орын жоқ». (Қазақ. 1913. 21 апрель, №11. А. Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 290-бет, 4-том. Алматы, «Алаш»-2006)

Бір сөзбен айтқанда, революцияға дейінгі қазақ қоғамындағы оқу жайының жалпы жағдайы А.Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінің №11 санында жарық көрген «Оқу жайы» мақаласында көрсетілген жағдаяттардан ұзай қоймаған болатын.

1918 жылы Қазақстанда Кеңес өкіметі толық орнады. Арада 22 жыл өткенде, яғни, 1940 жылы қазақ халқы түгел сауатты болып, орта мектептерді айтпағанда, университет, институттар, техникумдар, өндіріс орындары – завод-фабрикалар ашылып, ұлттық театр және кино өнері, қазақ жазба әдебиеті мен жазба әдеби тілі, ұлттық интеллигенция мен қазақ жұмысшы табы қалыптасты. Қазақ халқы өркениетті елдердің қатарынан орын алды. Анығына келгенде, ширек ғасырға жуық уақыт үшін, бұл –  өте үлкен табыс! Енді, осы табысқа қазақ халқы қалай жетті? Әрине, оқу-білімнің арқасында.

Себебі, А.Байтұрсынұлы айтқандай, халықтың іргелі басуының да, кейін қалуының да себебі – оқу-білімнің кемдігінен болады. Өткен тарихымызға үңілер болсақ, қазақ халқының көрген кемшілік-зардаптарының барлығының да негізгі себебі – ғылым-білімнен кенже қалуынан.

Қалай десек те, Кеңес өкіметі тұсында қазақ халқының жүз пайыз сауатты болуы – үлкен жетістік еді. Міне, осы ұлттық жетістігіміз деп айтуға тұрарлықтай үлкен табысымызды М.Мағауин өзінің «Рухани езгі және отарлық сана» мақаласында: «...Қазір түгел сауатты. Орыс та, біз де. Социализмнің көрініп тұрған бір нәтижесі – жұртты жаппай сауаттылыққа жетеледі ғой. Жаппай оқытуға. Ол басқа құрылымдарда да болуы мүмкін. Қоғамның дамуының белгілі бір кезеңінің көрінісі. Социализмнің ғана емес», – деп қана атап, сипай қамшылап өтіп кетеді. Жазушының ойынша, халықтың түгел сауатты болуы, жетістік емес – нәтиже. Бірақ, социализмнің нәтижесі емес. Сонда кімнің болмаса ненің нәтижесі? Автор ол жағын таратып айтпапты.

А.Байтұрсынұлының жазуы бойынша, жалпы есептегі жобамен, 1912 жылға дейін алты пайызы ғана сауатты болған қазақ халқы Кеңес өкіметін өгіз соқамен жер жыртып жүріп қарсы алды. Арада жетпіс үш жыл уақыт өткенде, қазақ халқы ғылымның түрлі салаларымен бірге атомдық космосты игеріп,қазақ баласы айға ұшып, әлемдік өркениетті ұлттармен бірге «жаңа технологиялар» заманына қадам басып тұрып, Кеңес өкіметін тарқатып, шығарып салды.

Аты-жөні қазір есімде жоқ, ағылшынның бір оқымысты саяхатшы офицер ғалымы, ХХ ғасыр басында, Иран және Ауғаныстан мен қазіргі Қазақстан жерінде болып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, өзі көрген үш халықты өзара салыстыра отырып: «Мәдениеті дамыған, шағын болса да өндіріс ошақтары, тұрақты шаруашылық түрлері бар Иранды айтпай-ақ қояиын, халқының он пайызға жуығы ғана сауатты, тұрақты медресе мектептері, кілем тағы басқа тоқыма тоқитын мануфактуралары бар Ауғаныстанға, қазіргі мен көрген қазақтардың жетуі үшін, кемі 70-80 жыл уақыт керек», – дейді.

Оқымысты ағылшын офицері өзі көрген ирандықтар мен қазақтарды салыстыруды олқы көріп, революцияға дейінгі қазақтарды ауғандықтармен салыстырыпты.

Міне, осы ХХ ғасыр басындағы  ағылшын оқымысты саяхатшысы айтқан ауғандықтардың қазіргі қазақтардың жағдайына жету үшін ең кемі бір ғасыр уақыт керек. Әрине, мұның себебі – соғыс пен Ауған жеріндегі түрлі-түсті революция. Десек те, ХХ ғасырдың басында өздерінен 70-80 жылға озып кеткен ауғандықтардан қазіргі қазақтардың жүз жылға озып кетуінің негізгі себебі: М.Мағауин жазғандай қоғамдық дамудың белгілі бір көрінісі емес – ғылым-білімнің дамуы және жалпыға ортақ, тұтас бір халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы жеткен жетістігінің көрінісі.

Мойындасақ та, мойындамасақ та ақаиқаты сол: Кеңес өкіметінің тұсындағы ғылым-білім турасында қазақ халқының біз жоғарыда атап өткен жетістігі – үлкен жетістік болатын. Бұл аталған үлкен жетістіктің құны – бізге, қазақ халқына өте қымбатқа түсті. Біз бұл жетістікке халқымыздың жартысынан астамынан айырылған зұламат ашаршылық пен Сталиндік репрессия арқылы жеттік. Бұл – ұлттық трагедия! Орны толмас ауыр шығын. Сол үшін де біз тоталитарлық Кеңестік-сталиндік жүйені ешуақытта да кешірмейміз!

Қазір Кеңестік жүйені ұнатпай, Кеңес өкіметі тұсындағы  қазақ халқының жетістіктерін көргісі келмейтіндердің барлығы дерлік, бірауыздан сталиндік режим тұсындағы ашаршылық пен репрессияны айтады. Жоғарыда атап өттік, 1956 жылғы ХХ сиезде сталиндік режимді Кеңес өкіметінің коммунистік партиясының өзі де айыптаған. Бүкіл халық болып, біз де айыптаймыз!

Десек те, сталиндік репрессия кезінде көрші өзбек пен қырғыздан санаулы ғана интеллигенция өкілдері атылса, біздің қазақтардан атылған жүз мыңдай ұлттық интеллигенция ішінен, қанша мың ұлт қаймағы – зиялыларымыз атылып кетті. Неге? Неге ашаршылықтан көрші қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен емес, біз , қазақтар ғана қырылдық?

Сөз басында айтып өткеніміздей, бізде Кеңес өкіметінің тұсындағы сталиндік репрессия мен ашаршылық кезеңіндегі қазақ халқының менталитетіне ғана тән ұлттық факторларды зерттеген жеке адам не ғылыми орталықтар бар ма? Бұлай деп айтуымыздың негізгі себебі: кешегі ашаршылық пен репрессияны көзімен көрген ата-әжелеріміздің әңгімелерін өз құлағымызбен тыңдап өстік. Солар айтатын: ашаршылық пен Сталин заманында (біздің ауылдың шалдары репрессия кезеңін Істәлин заманы деп сөйлейтін) біздің қазақтар бірінің үстінен бірі арыз жазып, ашаршылықта бірін-бірі бай деп айтып, бірінің жасырған астығын екіншісі тауып беріп, көрсетіп жатты дейтін. Тіптен, ананың атасын – анау «халық жауы», – деп, ұстап берген дейтін де, сол адамдардың атын айтып отыратын. Тексеріп қарасаңыз үстінен арыз жазып, бірін-бірі ұстап бергендердің бәрі бір ауылда тұрған, рулас туысқандар.

Баяғыда, үлкен кісілерден еститінбіз: Кеңес өкіметінің құрамында 15 республика болса, Москвадағы партия орталық комитетіне бір Қазақстаннан барған арыз, Кеңес өкіметінің құрамындағы қалған 14 республикадан көп болыпты. Осындайда ойлайсың, біреудің үстінен өсек теріп, арыз жазуға неге біз, қазақтар сонша құмар болдық? Осы ойымызға тұздық есебінде, бар жерде айтылып та, жазылып та жүрген бір мысал: жазушы І.Есенбериннің «Көшпенділер» трилогиясы, Кеңес өкіметінің ең үлкен сыйлығы лениндік сыйлыққа ұсынылып жатқанда, Қазақстаннан жерлестері жазған арыздың кесірінен сыйлық бір ұлттың  бес жүз жылдық тарихының көркем шежіресі іспеттес І.Есенберлиннің «Көшпенділеріне» емес, грузин жазушысы Надор Думбандзенің шағын повестер жинағына берілді. Әрине, мен бұл жерде Надо Думбадзенің жазушылық талантын да, сол тұстағы Кеңес өкіметінің биік лауазымды тұлғасы Эдуард Шеварнадзенің ықпалын да жоққа шығармаймын. Мәселе: І.Есенберлинге бұйырмаған лениндік сыйлықта емес, мәселе: сол сыйлықты алып кетпесін деп, І.Есенберлиннің үстінен өзіміздің қазақтар жазған арызда! Жалқы рет жазылған бір ғана арыз болса мақұл ғой, арыз Мәскеуге бір емес, бірнеше рет, топ-топ адамның бірлесе отырып қол қоюымен жазылған.

Егер, І.Есенбериннің «Көшпенділер» трилогиясы лениндік сыйлыққа ие болғанда, Кеңес одағының үздік шығармасы ретінде БҰҰ-да пайдаланатын сол кездегі әлемдік көшбасшы мемлекеттердің алты тіліне аударылатын еді, пәленбай мың тиражбен. Бұдан кім ұтатын еді? Әрине, әлем жұртшылығын өз тарихымен таныстырған қазақ халқы ғана! Арыз жазғыштар мұны білмеді емес, білді! Біле тұра солай етті. Қызғаныштың қызыл иті – оларды тереңнен ұлттық тұрғыдан ойлантуға мүмкіндік бермеді. Біз қазір «Абай жолы» романы қазақты әлемге танытты деп айтып жүрміз. Егер де М. Әуезовтің «Абай жолы» Лениндік сыйлықты алмағанда, роман-эпопея әлем тілдеріне аударылмас еді. Ал, әлем жұртшылығы болса, қазақ халқы туралы романда айтылатын энциклопедиялық тұрғыдағы ақпараттан мүлдем махұрым қалған болар еді.

Қазақ арызқой ел ма? Бұл сұрақтың жауабын, ұзаққа бармай-ақ, Ұлттық кітапханаға барып, 1937 жылдың «Социалды Қазақстан» кейінгі атауы «Социалистік Қазақстан» болып өзгерген газеттерді оқып көрсеңіз, жауабын табасыз. Сол тұста, кімнің үстінен кім жазбаған? Және не деп жазбаған?

Менің жоғарыда, көрші өзбек пен қырғыз неге Станлиндік репрессияға қазаққа қарағанда аз ұшырады? – деген сұрағым осы орайда қойылған болатын. Уақыт солай болды деп – жалтара жауап беріп, құтылып кетуге біз шебер болып алдық. Менталитетімізге тән факторларды таразылай отырып, шындықтың бетіне тура қарауға жүрексінетін секілдіміз. Жүрексінеміз! Себебі, біздің санамыз «Ұлттық сана» деңгейіне көтеріле қойған жоқ. Кез-келген халықтың ұлттық санасы – сол ұлттың өзін-өзі сынай алу дәрежесімен өлшенеді. Өркениетке бізден бұрынырақ жеткен ұлттардың ойшылдарының барлығы дерлік өздерін де, өз ұлтын да қатты сынаған. Бұған ағылшынның Шекспирі, немістің Гетесі мен орыстың Толстой, Чехов, Гогольдары, немістің философы әрі тарих жазбагері Освальд Шпенглердің «Европаның құлдырауы» («Закат Европы») шығармалары мен жазбалары толық дәлел. Дамып-жетілсін, өркендей өсіп, өркениетке жетсін деген ниетпен, жанындай жақсы көріп, сүйе тұра, олар өз ұлтын қатты сынады. Олар ешнәрседен қысылып, қаймықпады. Себебі, олардың санасы ұлттық деңгейге көтеріліп қойған болатын.

Осы тұрғыдан ойлар болсақ: қазақта бірінші болып, санасы ұлттық деңгейге көтерілген – Абай. Ол бірінші болып:

Өсек, өтірік, мақтаншақ

Еріншек, бекер шашпақты, – бес дұшпаның деп көрсете отырып:

Барып келсе Ертістің суын татып,

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып.

Елді алып, Есілді алып есіреді,

Ісеп-кеуіп, қабарып келе жатып, – деп, арызқойдың бет-бейнесінің сайқымазақ кейпіндегі тірі суретін оқушының көз алдына алып келеді.

Шығармалары арқылы өзі өмір сүрген қазақ қоғамының релистік өмірінің энциклопедиясын жасаған хәкім Абай заманында, арызқойлардың мол болғандығына – Абай шығармашылығы толық дәлел.

Өткен тарихымызды ой көзімен зерделесек – Абай заманындағы арызқойлар толқыны, ұрпақ жалғасындай болып, Кеңес заманы арқылы, бергі заманға жетіп жығылған секілді. Бұл – біздің ұлттық дертіміз. Ал, дерт – батпандар кіріп, мысқылдап шығады. Сондықтан, қанша ауыр болса да, дертті емдеу – міндет.

Хәкім Абай өзінің қара сөзінде, өз ұлты – қазақ халқының жамандыққа неге үйір бола беретінін ашық айтады, ашына сынайды. Себебі, ол өз ұлты – қазақ халқын жан-тәнімен сүйді. Сол кезеңде хәкім Абай – халқы өркениетке ерте жетіп, озғын халықтардың ортасынан өз орнын ертерек тапса екен, – деген ұлағатты ой ұстанымында болды.

Бізге қазір данышпан Абайдың өз халқын сынаған сыншыл ойлары жетпей тұр. Шетімізден жылауық болып алдық. Мынаның тұсында қырылып қалдық, ананың кезінде ашаршылыққа ұшырадық, анау үйтті, мынау бүйтті... Бұл неғылған бітпейтін көз жасы... Біздің көп нәрседен кенже қалуымызға өзіміз емес, бөтен біреу – өзгелер кінәлі секілді. Бұлай ойлаудың өзі – отарлық сананың белгісі. Өсем деген ұлт – кінәні өзінен іздеп үйренуі шарт. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Жылап адам сүйкімді болмақ емес. Тірі адамға – алдымыз күрес жолы», – деген болатын. Ұлт көсемінің еңбектерімен толық таныса бастағанымызға да отыз жылдай уақыт болды. Біз әлі жылап келеміз. Кімге, не деп шағым айтпақшысың? Кім тыңдайды сенің сөзіңді? Тіршілік үшін күресте жеңімпаз түр ғана өмір сүру құқына ие болады. Бұл – өмір заңы. Сондықтан, алдымыз – күрес жолы. Біз әлі күнге «Не істеу керек?» дегеннен гөрі «Кім кінәлі?» деген сұрақ төңірегінен ұзай алмай келеміз.

Ұлт ретінде өсеміз десек, өзімізге-өзіміз сын көзімен қарай отырып, өткен тарихымыздағы жеткен жетістігімізді де, жіберген кемшілігімізді де әділ бағалап, айқын мақсатпен алыс болашаққа қарай білгеніміз жөн. Сондықтан да, біз Кеңес өкіметі тұсындағы жеткен жетістігімізге де, кеткен кемшілігімізге де сын көзімен қарап, әділет тұрғысынан сараптауға тырыстық.

Кеңес өкіметі дегеннен шығады, қазір бізде 1932 жылғы Кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстанда болған ашаршылықты геноцид деп түсіндіргісі келетін ғалымдар бар.

Біздің түсінігіміздегі геноцид – белгісі бір халықты жер  бетінен мүлдем жойып жіберу үшін, сол халықты түрлі тәсілдер арқылы мақсатты түрде қырғынға ұшырату. Мысалы, Гитлер билік басына келгеннен кейін, фашистік Германия еврей халқын мақсатты түрде, түрлі тәсілдер арқылы қырып-жойды. Бұл – ХХ ғасырдағы геноцидтің әлемдік тұрғыдағы үлгісі еді.

Ойлаймын: егер, Кеңес өкіметі мақсатты түрде қазақ халқын жер бетінен жойып жіберемін десе, Сталин билікте тұрған 1930 – жылдарда, болмаса, одан кейін де оның қолынан кім қағыпты? Кеңес өкіметі қазақ халқын геноцид арқылы жер бетінен жойып жіберуді мақсат етсе, онда олар қазақтар үшін мыңдаған мектеп, жүздеген техникум, ондаған институт пен университет, театр, академия ашып, олардың мәдениетін көтеріп, милиардтаған теңге шығынға батып не істейді? Бірден келіп, немістер еврейлерді қырған секілді, Кеңес өкіметі де түрлі тәсілдер арқылы қазақ халқын қырып тастаса, олардан дәл сол уақытта неге бұлай жасадың деп, кім сұрар еді? Қалай қимылдаймын, не істеймін десе де, мүмкіншіліктері бар еді ғой. Кім қағыпты олардың қолынан?

Менің бір танысым айтып еді, біз Кеңес өкіметі мен Сталинді боқтап жүргенімізде, жоғарыдағылар жеріміз бен қазба байлықтарымызды өзара бөліп алыпты ғой деп. Дұрыс айтады, сол секілді біз қазір ашаршылық, геноцид деп шулап жүргенімізде, жоғарыдағы билік басындағылар күллі ұлтқа тиесілі жерді де, жерасты қазба байлықтарымызды да, сол секілді мемлекет билігінің негізгі тетігі мемлекеттік идеология мен мемлекеттік ақпарат құралдарын да түгелдей жеке меншіктеріне шығарып алды.  Бірақ меншік иелері белгісіз. Бұл – құпия.

Мен ашаршылық пен репрессияны Кеңес өкіметіне еш уақытта да кешпеймін! Бірақ, ашаршылық қазақ халқын жою үшін қолдан ұйымдастырылған, мақсатты түрдегі геноцид, – деген пікірмен де келіспеймін. Бізде қазір Кеңес өкіметі дәуірін тұтасып тұрған қаратүнек заман ретінде түсіндіру белең алып кетті. Меніңше, бұл – тарихты бұрмалау. Рас, отызыншы жылдардағы сталиндік репрессия мен ашаршылық уақытында қаратүнек заман болды. Мұнан соң, «жылымық кезең» орнады. Бірақ, бұл «жылымық» та уақытша заман болды.  Мұнан соңғы ұлт өмірінде түрлі келеңсіздіктер арқылы жасалынған рухани езгі болса да, халықтың тұрмысы мен әлуметтік-мәдени  өмірінде даму болды ғой. Біз мұны неге жоққа шығаруымыз керек? Ал, бізде Кеңестік дәуірді тұтас қаратүнек заман ретінде түсіндіру дәстүрге айналып бара жатыр.

Кеңес дәуіріндегі халық өмірінің мәдени-әлеуметтік жетістіктерін сөз етпей, бұра тартып, тек рухани өмірдегі кемшіліктерді ғана айта беру, меніңше, 1996-1997 жылдары жарық көрген М.Мағауиннің «Менінен» бастау алған секілді. Анығына келгенде, М.Мағауиннің «Менінде» Кеңес өкіметінің рухани езгісі ғана сөз болып, Кеңес өкіметінің тұсындағы қазақ халқының әлеуметтік және мәдени өміріндегі жеткен жетістіктері сөз болмай, Кеңестік дәуір – қара түнек кер заман ретінде ғана суреттеледі. Біз мұны М. Мағауиннің «Мен» атты ғұмырбаяндық роман эссесінің олқы түскен, кемшін тұсы деп бағаладық.

Бесінші бөлімнің соңы

Жалғасы бар

Нұрғали Махан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972