Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Сыни-эссе 1675 1 пікір 1 Қараша, 2024 сағат 13:01

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Cурет Абай Мауқараұлынан алынды.

Сыни-эссе

Иә, «талқандалған талғам» деген, бұл жаңа сөз тіркесі, бұрын бұлайша ешкім жазбағанына сенімдімін. Өйткені, бұл өзіме арнап айтқан сөзім. Өйтетінім...

«Әдеби порталда» жуықта «Таласбек сыйлығы мәреге жетті» (24-09-2024 ж.) деген жарияланымға көзім түсіп, жақсылап оқи бастадым. Таласбек замандасым әрі жақын дос, әріптес сырласым еді. Ол туралы жазбаларым да бар (Әдеби портал, «Виктор Гюго мен Таласбек Әсемқұлов», сыни-эссе, 31-05-2021 оқылымы 6097).

Марқұм қаламгердің артында қалдырған рухани мұрасын насихаттау мақсатындағы мұндай шараға әрине, қуанасың. Содан да, осыған сәйкес «Үздік әдеби туынды» саласы бойынша берілген сыйлыққа баса назар аударған едім.

Ол сыйлық «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деген өлеңге беріліпті. Өз басым оқырман ретінде сыйлық иесі автордан гөрі оның өлеңіне шұқшидым ғой. Ондай сыйлыққа ие болған өлеңнен өзіме бір рухани азық, жан-дүниеме қуанышын іздемеймін бе! Ал, міне, ол өлеңді көз сүзе, толғана, ойлана оқыдым:

«... Бағдарсыз үйден шығам да метроға мініп, кез келген бекеттен түсемін. Жолаушылар ағынына ілесіп жоқ боламын. Көше толы жарнамаларға жаутаңдай қараймын. Тойханалар мен гипермаркеттері көп шаһарда, Мен секілді әлдекімнің өмір сүріп жатқанына таңырқаймын. Өзгелер ішінен өзімді әзер тауып түн ортасында үйге ораламын. Сен осы қалада жүрген секілдісің. Іңір түсе сырасы мақтаулы барға бас сұғамын. Мені онда шайыр достарым күтеді. Біз әдебиет жайлы әңгімелесеміз. «Поэзияның дәуірі өтті ме?» деген сұрақ қойылады ортаға. Мың рет дауласқанбыз, тағы да дауласамыз. Ғашық болудың қандай нығмет екенін сезбейтін жас ақын, ғашықтық жырларын оқиды. Оған ғышық бола алмаудың қасірет екенін түсіндіре алмайсың. Барқын сыра балқытып, шалықтағанымызда Газа секторы мен Украинадағы соғыс туралы айтамыз, Ауғанстандағы талибандарды өсектейміз, Нигериядағы балаларды аяймыз, діншілдерді ғайбаттаймыз. Құдайдың бар екеніне шүбә келтіріп, Құдайдың жоқ екеніне налимыз... Соңыра өз жалғыздығымызды қолтықтап, тұрақсыз мекен-жайымызға қайтамыз. Сен осы қалада жүрген секілдісің. Демалыс күндері жұмыссыз достарым блиярдқа шақырады. Қызыл шардың лузаға кірген сәтін тамашалаймыз. Бір-бірімізді қолпаштап, арқадан қағамыз. Өмірден қымбат ештеңе жоқ екенін, Уақытты текке өткізу қиянат екенін, Босқа сенделу денсаулыққа зиян екенін, Бүгінгі күннің қайта оралмайтынын, Отанды сүюден басқа мұрат болмауы қажеттігін сөз етісіп, даурығамыз. Десе де сен есімнен бір сәт көтерілген емессің. Сен осы қалада жүрген секілдісің. Анығы сен осы қалада жүргендейсің. Мені қазір ұйқысыздық меңдеген. Көрші мешіттен таңғы азан шақырылғанда көз ілемін. Ерте тұрып терезені ашып, таза ауаға кеудемді тосамын. Күннің алқызыл шұғыласы бөлмеге саулайды. Көкірегіме көмескі шақтың  сазы құйылады. Он жеті жасымда тыңдаған әлдебір сыбызғы күйін аңсаймын.  Сен осы қалада жүрген секілдісің...» (Жарияланымда өлең жолдары іспетті жалқы жазылған сөйлемдерді, мұнда шұбырта жаза салғанымды ескертемін).

Әлгі, сыйлық алған өлең осындай екен, таңданып отырмын... Жәй ауыз-екі күнделікті әңгімеден айырмасы жоқ. Бәлки, әркімнің өзі үшін жаза салатын күнделігіне де ұқсайтын секілді. Қайталап оқыдым, тағы да шолып көз салып, жоғары төмен әрбір сөзіне, сөйлеміне... жаңа сөз, бұрын өзім сезбеген сезім бар ма деп, түгелдей, түгендей.... тінтіп, астарын аударып дегендей қанша үңілдім, жоқ маған анау айтқанымдай ғана ой келді. Расында, мына өлеңде айтылғандардың бәрі күнде елден естіп жүрген әшейін кеңес қой деп, ойпыр-ай дейтіндей жылт еткен жаңалық та таппадым-ау деп, тарықтым...

Ең соңында, өлеңнің тақырыбына яки мазмұнына ой жүгірттім. Сен осы қалада жүрген секілдісің, деп, әр тармақта қайталанған. Сонда, бұл сөйлеммен Таласбекті меңзеп отыр ма, не ақын өзінің ғашығын тұспалдағаны ма, ұға алмай және торықтым.

Ақыры, өзімнің талғамым бұзылған шығар, деген тоқтамға келіп, Қазылар алқасының пікіріне жүгіндім.

Жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева:

«Таласбектің бір сөзі бар еді: Қаламгер жетіліп төрт сатыдан өтеді: 1. Нашар және қарапайым (оңай), 2. Нашар және күрделі, 3. Жақсы және күрделі, 4. Жақсы және қарапайым (оңай) Тоқтарәлінің өлеңі осы төртінші сатыға шыққан, бір романның жүгін арқалаған дүние», - депті.

Жазушы, драматург Мадина Омарова:

«Мен Тоқтарәлі Таңжарықтың «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деген туындысына дауыс беремін, себебі бұл өлеңге Алматының шығармашыл қауымының өмір салты, жалпы Алматы атмосферасы, суреткер жанның дүниені қабылдау трагедиясы, құпия махаббат оқиғасы және  басқа да нәзік  дүниелер еркін сыйып, иектесіп,  иықтасып, өзінше бір тылсым әлем құрастырып тұр. Бұл өлең жоғарғы деңгейдегі поэзия үлгісі деп қабылдауға әбден болады», - дейді.

Жазушы Сағадат Ордашева:

«... Осы өлеңі де аялдап ойлануға шақырады, кинотуынды ленталарындай жетелеп отырады, әлемдік картиналардың жиынтығы ойшылдың жүрек елегінен өтіп  өлеңге айналған... Ол құдайына сауал жолдайды әрі күмәнданады. Сонысымен әдемі, биік», - дейді.

Міне, бұл өлеңге осындай ғаламат баға беріп отырған кәсіби әдебиетші, талғамы биік қаламгерлермен қалай сөз таластырарсың!?

Өзімнің баяғы өлең туралы ойларымды, естеліктерімді еске түсірдім. Өйткені, өз басым дәл осы жазбамда қаламгерілік, әдебиетшілігімді қоя тұрып, кәдімгі қарапайым оқырман ретінде сөйлегенім әлдеқайда әділетті болар деп, түйдім.

Бозбала кезімнен негізі, пәлсапалық өлеңдерді артықтау жақсы көретінімді айтайын, сондай өлеңдер бір оқығанымда сарт етіп санамда жатталып қалатын. Әлі күнге ұмытылмай көкейімде жүретін, Мұхтар Шаханов ағаның: «Түсінісу теорамасы» дейтін «Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар, Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені, Адамзаттың алғыр ұлы қыраны Лев Толстой жатыр еді өлгелі, Кемпірі кеп қолын сүйіп жылады, Тежей алмай мінезімнің тасырын, өзіңменен өтті жарты ғасырым, Мен бейбақты кешіре гөр кінәм көп, кешіре гөр, кешіре гөр асылым...» тағы талай осындай өлеңдерін әлі де қайталап оқып, рахаттанып қаламын.

Ал, Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың осындай афоризм үлгідегі қаншама өлеңін жаттап өстік. «Қайран сұлу Күн келбетті, Ай мүсін! Көзін сүбей қалар оған қай кісі. Бір адамның бір адамның бақыты ол, Мың адамның мың адамның қайғысы... Сосын жарды мың сүйесің, мың құшып, ең тәттісі ұмытылмайтын тұңғышы...»

Және Сырбай Мәулен ағамыздың да жан-дүние, сезімді суреттейтін өлеңін сүйсініп оқып, одан даланың да, қаланың да иісін, дыбысын... айнала дүниенің сөзге айналған тылсымын сезетінбіз. Біздің өлең деген сөз сарасы бойынша талғам осындай қалыпта қалыптасқандықтан, анандай өлең дегенге тосырқап, жаныма жақындық таба аламай дал болдым.

Ақыры, қазіргі қазақ сөз өнері шырақау шыңға кетіп, мен секілділер соның етегінде қалған бір бейбақ болсам, оны да тексеріп көрейін деп, әріптес қаламгерлерге хабарласып көрдім. Әйгілі әнші Димаш айтатын «Махаббат бер маған тағдыр!» деген әннің сөзін жазған ақын әрі романист: «Бұл өлең емес қой!» депті қысқаша.

Сонсоң, Көкбөрі Мүбәрак деген ақын жас жігіт: «Бұл ортақол ақөлең өлең ғана, егер жақсы ақөлең болса Омарғазы Айтан ақын құсап ырғағымен баурап алуы керек еді, төрешілердікі болса, тек сыйлық үшін айтыла салған бос сөздер, одан асқан талай мықты өлеңдер де ол жүлдеге қатысты емес пе!?» дейді.

Содан, ойға қалдым, иә әркімнің өз талғамы бар, оған талас жоқ. Анау өлеңді бағалаған әдебиетші қаламгерлердің де өзіндік ерекше талғамы болса оған да дау жоқ.

Сонымен, өзімнің бұрынғы талғамымды қорғаймын ба, болмаса, баяғы талғамымды «талқандап» өлең тұрғысында су-жаңа, осы заманғы осындай модерн талғамға мойынсұнып соны үйренейін бе? Көңілімді соған көндірейін бе? Сөз өнерінің жаңа көшіне ілесейін бе? Осындай ойларға қалдым:

Шеберлік құпиясын бір ғұлама «Даналық  дегеніміз, қарапайым да кішпейіл нәрсе»  депті.  Осыны сөз өнеріне  бейімдеп «Өнер дегеніміз, көзге іліне бермейтін қарапайымдылық  пен еленбей жүретін кішпейілдік қана» деген өлшемді еске алып, мынау сөз болып жатқан «Сен осы қалада жүрген секілдісің» өлеңін осы қатарға жатқызсам ба, деп те көрдім. Бәлки, елеусіз кейіптегі керемет шығар, деп!  Енді, елу жыл өткенде келер ұрпақ осы кездегі ақынның халін, күйін білсін деп, сол бойынша заманның тынысын сезсін, деп осылай әдейі жазды ма? Шыншыл мәтін болашаққа жазылған хат екені рас...

Әйтседе, қарапайымдылық (реалдық) пен қарабайырлық (натура), кішпейілдік пен жалпақшешейлік ұқсас болса да, өнерде шеберлік пен қарадүрсіндік (тұрпайы натура)  дейтін екі пайым өзара қылдан жіңішке шекарамен айырылады.

Оны айыратын да әркімге бұйыра бермейтін тума талант, алғыр сезім ал қалғаны жанкешті еңбек яки азапты ой еңбегі.

Егер, ерекше талант болмаса, онда азапты еңбекпен біткен шығарма ортақол ғана дүние, ал оған талант қосылса ғана біртуар туынды. Бұл пікірлер, менің жеке басымның сөз өнеріне деген көзқарасы болса да баяғыда қалыптасқан ұғым. Мұны да жоққа шығара салу маған оңай емес.

Мысалы, өнердің осындай биік талғамын дәстүрлі халық әндері мен қазіргі қаудырлаған қалауләйлімнің аражігін «Дос-Мұқасан» ансамбілі ғаламат ажыратып бергенін еске түсірейік. Әне, нағыз модерн деген сол.  «Жайдарман, жақын кел! Жан жар етем, қолың бер!» әнінің байырғы әуенін еш бұзбай қазіргі музыкамен әрлеген түрін, бүкіл қазақ, бүкіл дүние қол соға қарсы алуы бекер емес қой...

Сөзімнің соңында, сауатты оқырмандардың бәрі білетін өлең жөніндегі мынандай канон-өлшемдерді де санаңнан зорлықпен сүйреп тастайтын ешқандай жол жоқ екенін де пайымдадым. Осы сөз болып жатқан өлеңде құлаққа жылы тиетін қазақы төл сөздер бар ма?  Көңіліңді көлбең еткізер ерекше сезім қайда? Бұл ақынның мәтініндегі айтылғандар  ауылдағы яки қаладағы әрбір қазақтың аузынан шығатын қойторы сөздер ғана.

Ал, өлең сүйер қазақ қауымы, ақындарды пір тұтатды.  Олар жай адамдардың көре алмайтын құбылыстарын қағып түсетін қыран-көкейлі, көптің біле бермейтін көзтаса нәрселерін қалт жібермей сезіп, оны тілге ілініп, ауызға түсе бермейтін сылқым сөзбен жүрекке жеткізетін тапқыр-шешен... деп, біледі.

Және, төрт жол ұйқасты шетінен шығара беретін өлеңқұмар қазақ қауымы, «өлең – сөздің патшасын» құйма ұйқас, сөз-буындарының әсем келісімі, ой-сезімдердің ғажайып үйлесімі... дейтін сан жылдық санада сапталған сара өлшемдермен пайымдайтынын айтпасақ «сөз атасы тағы өледі».

Сонымен, «Талқандалған талғам» деп аталған ойларымды оқырманға ашық айттым, қазақ қауымы «қайта өрлеу» мен «қайыра құлдырау» кезеңінің айырығында тұрған болса, «СӨЗ ӨНЕРІ» сол жолды анықтайтын жалғыз шамшырақ демекпін.

Түйін: Бұл, сыни-эссемді әдеп бойынша «Әдеби порталға» жолдап едім, жарияламады, содан шынайы ақпаратты көбірек жариялап жүрген «Abai.kz» порталына жолдап отырмын.

Абай Мауқараұлы

Редакциядан:

Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Автордың пікірі редакция ұстанымын білдірмейді.

Біз «Таласбек сыйлығының» жүлдегері атанған шығармаға қатысты жазушы Абай Мауқараұлының редакциямызға жолдаған сыни-эссесін жарияладық. Қосымша, ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың «Сен осы қалада жүрген секілдісің» атты өлеңін де оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық...

СЕН ОСЫ ҚАЛАДА ЖҮРГЕН СЕКІЛДІСІҢ

...Бағдарсыз үйден шығам да
метроға мініп,
кез келген бекеттен түсемін.
Жолаушылар ағынына ілесіп жоқ боламын.
Көше толы жарнамаларға жаутаңдай қараймын.
Тойханалар мен гипермаркеттері көп шаһарда
Мен секілді әлдекімнің өмір сүріп жатқанына таңырқаймын.
Өзгелер ішінен өзімді әзер тауып
түн ортасы үйге ораламын.
Сен осы қалада жүрген секілдісің.

Іңір түсе сырасы мақтаулы барға бас сұғамын.
Мені онда шайыр достарым күтеді.
Біз әдебиет жайлы әңгімелесеміз.
«Поэзияның дәуірі өтті ме?»
деген сұрақ қойылады ортаға.
Мың рет дауласқанбыз, тағы да дауласамыз.
Ғашық болудың қандай нығмет екенін сезбейтін жас ақын
ғашықтық жырларын оқиды.
Оған ғашық бола алмаудың қасірет екенін түсіндіре алмайсың.
Барқын сыра балқытып,
шалықтағанымызда
Газа секторы мен Украинадағы соғыс туралы айтамыз,
Ауғанстандағы талибандарды өсектейміз,
Нигериядағы балаларды аяймыз,
діншілдерді ғайбаттаймыз.
Құдайдың бар екеніне шүбә келтіріп,
Құдайдың жоқ екеніне налимыз...
Соңыра өз жалғыздығымызды қолтықтап,
тұрақсыз мекен-жайымызға қайтамыз.
Сен осы қалада жүрген секілдісің.

Демалыс күндері жұмыссыз достарым бильярдқа шақырады.
Қызыл шардың лузаға кірген сәтін тамашалаймыз.
Бір-бірімізді қолпаштап, арқадан қағамыз.
Өмірден қымбат ештеңе жоқ екенін,
Уақытты текке өткізу қиянат екенін,
Босқа сенделу денсаулыққа зиян екенін,
Бүгінгі күннің қайта оралмайтынын,
Отанды сүюден басқа мұрат болмауы қажеттігін
сөз етісіп, даурығамыз.
Десе де сен есімнен бір сәт көтерілген емессің.
Сен осы қалада жүрген секілдісің.

Анығы, сен осы қалада жүргендейсің.
Мені қазір ұйқысыздық меңдеген.
Көрші мешіттен таңғы азан шақырылғанда көз ілемін.
Ерте тұрып терезені ашып,
таза ауаға кеудемді тосамын.
Күннің алқызыл шұғыласы бөлмеге саулайды.
Көкірегіме көмескі шақтың сазы құйылады.
Он жеті жасымда тыңдаған әлдебір сыбызғы күйін аңсаймын.
Сен осы қалада жүрген секілдісің...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1436