Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5087 0 пікір 20 Мамыр, 2013 сағат 08:50

Ахмет Аққали. Газет атын «Алаш» қойған...

ХХ ғасырдың бас кезі сол кезеңдегі бүкіл қазақ елі, қоғамы үшін түрлі саяси, азаматтық бағыттардың өзара қақтығысы мен күреске толы кезең болды.

Елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық ой-пікірлердің қалыптасып, ұлттық сана сезімнің өрлеуіне мүмкіндік туып және ояну дәуіріне жол ашылғаны белгілі. Осы тұста халық санасының дамуына өзіндік ықпал еткен бірден-бір қозғаушы күш болған баспасөз екендігі айқын. Аталған кезеңдегі мерзімді баспасөз туралы арнайы зерттеу еңбектер мен мақалалар жарық көріп, аз жазылған жоқ.

Қазақ мерзімді баспасөзін алғашқы тың зерттеулер ХХ ғасырдың 50- жылдары жарық көре бастады. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұраныс ұлғая бастады. Қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері Санкт-Петербург, Мәскеу, Уфа, Қазан, Орынбор, Омбы, Саратов, т.б. қалаларында оқып жүрген кездерінде сол жерлерде жарық көрген газеттердегі озық ойлы мақалаларды ел ішіне кеңінен насихаттады. Ұлттық баспасөздің өсуі қазақ зиялыларының өсіп, қалыптасуына мол мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде  халық арасында ғылым мен білімге деген құлшыныс арта түсті.

ХХ ғасырдың бас кезі сол кезеңдегі бүкіл қазақ елі, қоғамы үшін түрлі саяси, азаматтық бағыттардың өзара қақтығысы мен күреске толы кезең болды.

Елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық ой-пікірлердің қалыптасып, ұлттық сана сезімнің өрлеуіне мүмкіндік туып және ояну дәуіріне жол ашылғаны белгілі. Осы тұста халық санасының дамуына өзіндік ықпал еткен бірден-бір қозғаушы күш болған баспасөз екендігі айқын. Аталған кезеңдегі мерзімді баспасөз туралы арнайы зерттеу еңбектер мен мақалалар жарық көріп, аз жазылған жоқ.

Қазақ мерзімді баспасөзін алғашқы тың зерттеулер ХХ ғасырдың 50- жылдары жарық көре бастады. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұраныс ұлғая бастады. Қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері Санкт-Петербург, Мәскеу, Уфа, Қазан, Орынбор, Омбы, Саратов, т.б. қалаларында оқып жүрген кездерінде сол жерлерде жарық көрген газеттердегі озық ойлы мақалаларды ел ішіне кеңінен насихаттады. Ұлттық баспасөздің өсуі қазақ зиялыларының өсіп, қалыптасуына мол мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде  халық арасында ғылым мен білімге деген құлшыныс арта түсті.

1870-1882 жылдары аралығында Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында «Түркістан уалаятының газеті» (өзбекше, қазақша), 1888-1902 жылдары Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбыда «Ақмола облысының ведомосіне» қосымша ретінде «Дала уалаятының газеті» жарық көрді.

1888 жылдан бастау алған «Дала уалаяты», «Қазақ» (1913ж. Орынбор), «Серке» (1907ж), «Қазақ газеті» (1907,Орынбор), «Қазақстан» (1911ж, Орда, Орал), «Сарыарқа» (1917 Семей), «Үш жүз» (1917ж. Қызылжар), «Ұран» (1917ж. Астрахан) газеттері және «Айқап» (1911ж.), «Абай» журналдарының жүріп өткен жолдары халқымыздың басынан өткен тарихының өшпес беттеріне айналды.

Қазақ баспасөзінің бастауы тарихында аталған газет атауларының өзі өзіндік маңызы, мақсатын нақты айқындап тұр десек артық айтқандық емес.

Қазақстанның батыс өлкесінде «халықтың көзі һәм сөзі» ретінде газет шығару идеясы көтерілген тұста  көш басында Е. Бұйрин, Ғ.Қараш, Б.Қаратаев,  А. Мәмбетов, Б.Ниязов тұрды.

Соның ішінде Батырқайыр Түсіпұлы Ниязовты бөле-жара айтуға тура келетіндігі айқын. Республика деңгейінде аты аз аталса да, қоғамдық-саяси өміріндегі сан-саналы қызметтерінде газет шығару саласына да қатысты деректер бар екені мәлім.

Ресей Федерациясы Астрахан облысы мемлекеттік мұрағаты қорларында еліміздің төл тарихына қатысты қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінен дерек беретін аса маңызды құжаттардың молынан екендігі белгілі. Аталған мұрағаттағы өткен тарихымызға қатысты деректердің бірі алғаш «Алаш» газетін шығару туралы құнды мәліметтердің болуы.

Алғашқы рет «Алаш» газетін шығару туралы мәлімет Астрахан  облысы мемлекеттік мұрағатында сақталған қорларда Батырқайыр Ниязовтың аталған газетті шығаруға қатысты құжаттары жинақталған.

«Алаш» атауын газетке қою идеясы батыс өлкеден бастау алатындығын мұрағат қорлары анықтай түседі. Оның жарқын мысалы төмендегідей.

Өмірге келетін жаңа газеттің атауын «Алаш» қоюының өзінде де бірнеше мән-мағына бар болатын. «Алаш» атауы  қазаққа жақын да, қастерлі еді.

«Алаш» - ежелгі қазақ тайпаларының ең алғашқы қауымдастығы, біріккен одағы, сонымен бірге «Алаш» - ата-бабаларымыздың, яғни барлық қазақ жұртының қасиетті ата ұраны.

Сондықтан да үнпарақты шығарушы елдің басындағы қиын-қыстау жағдайды аңғарып, отарлық бұғаудан босануына осы атаудың дем беріп, өткір үн қатуына зәрідей себепші болсын деген үміт-мақсаты жатса керек-ті.

«Алаш» қазақтың жалпыұлттық жауынгерлік ұраны ретінде халықтың жадынан шықпағанының жарқын мысалы, Ресейдің ІІ Мемлекеттік Дума мүшесі, қоғам қайраткері, заңгер Б.Қаратаевты «Алаш» атауымен жарық көретін газетке редакторлыққа шақыруға ұмтылысы айғақ.

Сонау 1908 жылдың 15 маусым күнгі «Тургайская газетінің» №24 санында «К изданию казахской газеты» атты мақала жарық көрді. Аталған мақалада Санкт-Петербургте қазақ тілінде газет, журнал және брошюралар шығару үшін қоғам ұйымдастырылғаны жазылады. Бұл қоғамды құруды қолға алған белгілі бай меценаттар И. Жаманшалов пен Рамьев болды.  Империя астанасынан шығарылатын болашақ «Алаш» газетінің редакторлығына Б. Қаратаев шақырылады.

Қазақ зиялылары «Алаш» атауының түп төркіні еркіндікті білдіретін қасиетті ұғым екендігін тамыршыдай тап басқан.

Алаш қайраткерлері өкілдерінің бірі Х.Досмұхамедов 1913 жылы «Қазақ» газетіне «Алаш не сөз» тақырыбымен мақала жариялап, мағынасына анықтама берген. Қазақ оқығандарының Батыс Қазақстан өңірінде «Алаш» атауымен  газет шығару мақсаттары жүзеге аспағанымен кейін осы атауымен үкімет, партия құрылғаны белгілі, ал «Алаш» газеті 1916 жылы К.Тоғысовтың редакторлығымен Ташкент қаласында жарық көріп, өмірі қысқа болып 1917 жылы жабылғаны мәлім.

Ташкентте шыққан «Алаш» газетінің атауы бір кездері күн тәртібіне көтерген Батырқайыр Ниязовтың бастамасының заңды жалғасы болды және оның өзіндік себептері мынада болса керек. Алаш зиялылары отарлық езгі мен феодалдық мешеуліктен арылу, аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғау, қазақ елін мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосуда бір-бірімен пікірлес, ниеттес болғандығы сөзсіз. Сондықтан да Б.Ниязовтың «Алаш» газетін шығару идеясының жүзеге асуы деп түсінгеніміз жөн.

Енді алғаш «Алаш» деп айдар тағып, үкілеген газеттің тарихына қысқаша тоқтала кетсек.

Газет шығаруға бастамашы болған  Батырқайыр Ниязов 1896 жылы Петербург университетінің заң факультетін 24 жасында І-дәрежелі дипломмен бітірген. Ол 1896-1907 жылдары Торғын, Талов қисымдарының басқарушысы, ал 1907-1910 жылдар аралығында Ішкі Орда Уақытша Кеңесінің төрағасының кеңесшісі қызмет атқарған көрнекті тұлға. Ол кейін «Алаш» атауымен партия және үкіметтің құрылатын, оған өзінің мүше болатындығын білмегенде болар.

Коллеж кеңесшісі шенінде отставкаға шығып, Талов жағында тұрады. Ақпан төңкерісінен кейін Б.Ниязов Бөкей Ордасынан 1917 жылғы Орынбор қаласында өткен І, ІІ Жалпықазақ съездеріне белсене қатысты. Желтоқсанда Алашорда үкіметін құрған съезде үкімет құрамына сайланған азамат. Аумалы-төкпелі заман туған 1917 жылы ұлттық қозғалыстың Алашорда партиясы халыққа ұсынған саяси бағдарламаны Бөкей Ордасының жерінде іске асыруға белсене қызмет атқарған.

Ол 1911 жылдың қыркүйек айының 4 жұлдызында Астрахан губернаторы Соколовскийдің атына қазақ тілінде «Алаш» атауымен газет шығаруға рұқсат сұрап хат жазады.  Газеттің атауын қазақтың  ұлттық рух ұраны «Алаш» атауымен атап, орталықтан шеткері аймақта шығарылатын болашақ газеттің бағдарламасында:

1. Қазақтарға қатысты арнайы хабарламалар;

2. Мәдениет және отырықшылдық туралы мақалалар;

3. Әртүрлі ішкі және сыртқы хабарлар;

4. Жеделхаттар;

5. Ордадан және далалық облыстардан келіп түскен күнделікті оқиғалар туралы хат-хабарлар;

6. Ғылыми мазмұндағы мақалалар, фельетондар, әңгімелер, аудармалар;

7. Хабарландырулар беру қарастырылады.

Газеттің алдына қойған мақсат-мүддесін Б.Ниязов төмендегіше баян етеді. Қазақтар арасында отырықшылдыққа және орыс мәдениетін, білім мен ғылымды насихаттап тарату екендігі және газетке жазылу бағасында көрсете кетуді ұмытпайды, яғни бір жылғы жазылу 4 рубль, 6 айға - 2 рубль, 3 айға - 1рубль. Болашақ газетті Астрахандағы «Окуръ-Апресянцъ» баспаханасынан шығармақ ойын білдіреді.

Газетті көрсетілген бағдарламалар негізінде 1912 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзінің редакциялауымен шығаруды губернатордың назарына қатынас қағаз арқылы жолдайды.

1912 жылдың 12 қыркүйегінде газет шығару үшін герб алымы (мемлекет алымының бір түрі) 2 рубль 50 коп. төлеген.

Б.Ниязовтан өтініш түскеннен кейін 1 айдан соң 11 қазан күні вице -губернатор Максимов Новый Узень уезінің полиция бастығына Батырқайыр Ниязовтың үстінен құпия түрде мәлімет жинау жөнінде арнайы тапсырма береді.

Өз кезегінде Ішкі Орда Уақытша Кеңесі төрағасына губернатор Соколовский қысқа мерзім уақытта Б.Ниязовтың іс-әрекеті туралы және ол арқылы газеттің жылдық, сауда-саттықтағы бағасын біліп беруді тапсырады.

1912 жылдың 20 қаңтарында Астрахан губернаторына Ішкі Орда Уақытша Кеңесі төрағасынан Б.Ниязовтың Самара губерниясы, Ново-Узень уезінің Малый Узень слободкасында тұратындығын, мінез-құлқынан мемлекетке қарсы теріс көзқарасының жоқтығы хабарланады.  Патша үкіметі әкімшілігінің қатаң бақылауының тексеруі нәтижесінде Б.Ниязовтың Ішкі Орданың Талов қисымындағы ауылында тұратындығы анықталады. Губернатор кеңсесі 8 ақпан күні Б.Ниязов Астрахан қаласында тұрақты түрде тұратын болып көшіп келгенге дейін газет шығару мәселесін кейінге қалдыру туралы шешімді өтініш иесіне жолдайды.  Бұл шешіммен «Алаш» атауымен газетін шығаруға ұмтылған  Б.Ниязов жеке танысып қолын қойған. Патша үкіметінің қазақ жеріндегі «Алаш» газетінің шығуына қарсы болуының да бірнеше себептері болғаны айқын.

Біріншіден, Ресей империясын дүр сілкіндірген 1905-1907  жылғы революция ұшқыны да қазақ даласына жеткен болатын.

Қазақ қоғамы ұлттық сананың ояну дәуірін бастан кешіп жатқан тұста таза ұлтшылдық сипаттағы «Алаш» сөзі патша үкіметі әкімшілік органдарын үрейлендірсе керек-ті.

Екіншіден, Батыс Қазақстанға шектес Орынбор, Астрахан, Саратов,  Қазан, Уфа қалаларында білім алған қазақ оқығандарының патша әкімшілігінің жүргізіп отырған отарлау саясатының мәнін бұқара халыққа газет арқылы жеткізу саяси күрестегі ең тиімді де қолайлы тәсілі екендігін білетін патша үкіметінің құпия бақылау органдары жан-жақты хабардар болатын.

Сондықтан да «Алаш» газетінің өмірге келуіне үкімет органдары тарапынан мүлдем қолдау таппайтыны ақиқат еді.

Дегенмен де болашаққа нық сеніммен қараған қазақ зиялылары газет атауын «Алаш» қойған...

Ахмет Аққали

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік

университеті, тарих

ғылымдарының докторы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366