Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дей салдым-ау 2858 15 пікір 16 Маусым, 2023 сағат 13:40

Экс-әкім Даниал Ахметов енді «Абайтанушы» болмақ па?

Шығыс Қазақстан облысын 9 жыл бойы басқарған Даниал Ахметов бүгін әкім лауазымынан босатылды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Даниал Кенжетайұлы Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымынан босатылды», - деп жазды Ақорда.

Оның орнына Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев келді.

Даниал Ахметов тәуелсіздік алған жылдары Екібастұзды басқарған. Кейін Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған. 2000 жылдардың басында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болды, 2003-2007 жылдары Қазақстанның премьер-министрі болып қызмет атқарды.

2007 жылы Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 2009 жылы министрлікте бюджет қаржысын жымқыру бойынша жанжал шығып, ол жұмыстан босатылады. Оның орынбасары Қажымұрат Маермановқа қарсы қылмыстық іс қозғалып, 11 жылға сотталып кетеді. ҰҚК деректеріне қарағанда, Маерманов мемлекетті $82 миллионнан аса шығынға ұшыратқан.

Ірі жанжалдан кейін Даниал Ахметов саяси аренадан көрінбей кетеді. 2010 жылы оның экологиялық энергетика саласындағы компанияны басқаратыны, әрі саясатқа қайта оралғысы келмейтіні белгілі болды. Ахметов саясатсыз өміріне риза екенін, велоспортпен айналысып, жақын-жуығымен көбірек уақыт өткізіге мүмкіндік туғанын айтады.

Сүйтіп жүргенде араға бір жарым жыл салып, Даниал Ахметов ҚР Энергетика және инфрақұрылым министрі болып, мемлекеттік қызметке қайта оралды.

2014 жылдан бастап Ахметовтың Шығыс Қазақстан облысындағы ұзақ жылдар бойғы қызметі басталады.

Ахметов әкім болған тұста Семейдің жол салу мәселесі шешілген жоқ. Мысалы, Өскемен-Алтай бағытындағы төте жол құрылысының басталып, аяқталмай тұрғанына 5 жыл өтті. Семейде жаңадан ЖЭО салынатыны да сөз жүзінде қалды.

2021 жылы Риддер қаласына жақын жердегі 310 гектардан астам қарағайлы орман өртеніп кетті. Орман өрті тұрғын үйлерге жетті. Лесхоз кентінің 14 үйін өрт шалып, адамдар зардап шекті, бір адам қаза тапты.

Риддер тұрғындары былтыр қыста тағы азап тартты. Қақаған қыста бір қауым ел жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай жарияланды, жылыту қазандықтары қайта-қайта істен шықты. Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылады.

Шығыс Қазақстанның көпқабатты үйлерінің сапасының нашарлығына шағым көп. Мәселен, 2019 жылы Өскемендегі Бауыржан Момышұлы көшесінде пайдалануға берілген көпқабатты үйдің қабырғасына қапталған материал 2 жылға жетпей бұзылған. Мұндай мысалдар көп.

Соңғы өте ауқымды апат - Абай облысындағы өрт. Жеті күнде әрең оқшауланған өртке байланысты қылмыстық іс ашылды. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев: ТЖМ экс-басшысы Юрий Ильиннен, Экология министрі Зульфия Сүлейменовадан, өңір әкімі Нұрлан Ұранхаевтан және Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовтен де жауап алатынын мәлімдеген болатын.

Әлеуметтік желіде бүгін ғана қызметінен алынған 69 жастағы Даниал Ахметов енді Абайтану институтын басқарады деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ.

Abai.kz

15 пікір