Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1264 0 пікір 20 Маусым, 2023 сағат 11:56

Астана маңайындағы өртті сөндіруге 198 тонна су төгілді

Елорда маңындағы өртті сөндіру жалғасуда, бүгін таңертең оқиға орнына 51 тонна су шашылды, деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.

«Елордалық өрт сөндірушілер Қорғалжын тасжолы мен Қосшы қаласына айналма жол арасындағы қураған шөп және қамыс өртімен екінші тәулік күресіп жатыр. Қазіргі уақытта мамандар қураған шөп өрттерінің жекелеген ошақтарын сөндіруде. Өрттің жалпы ауданы 80 гектарға жетті», - деп жазылған қалалық ТЖ департаментінің ақпаратында.

Бүгін таңертең «Қазавиақұтқару» АҚ өрт орнына 17 рет су шашты – бұл 51 тонна су. Өрт сөндіру басталғаннан бері Қорғаныс министрлігі мен «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары 59 рет – шамамен 198 тонна су шашқан.

«Оқиға орнында Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары ТЖД жеке құрамының 185 адамы мен 37 техникасы, қала әкімдігінің 6 суару машинасы жұмылдырылды. Қала әкімдігі, сондай-ақ Астана қаласының еріктілер клубының бастамасымен елордалық өрт сөндірушілер ыстық тамақпен және сусынмен қамтылды», - деп хабарлады департамент.

Сонымен бірге, Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды, балалардың отпен ойынын тоқтатуды, темекі тұқылын тастамауды сұрайды. Өрт анықталған жағдайда 101 нөміріне дереу хабарлау қажет.

Фото:«NewTimes.kz»

Abai.kz

0 пікір