Ақберен Елгезек. Балалық шақтан хат
(психоанализ)
(психоанализ)
Армысың, менің ержеткен шағым! Қалай, есен-сау жүріп жатырсың ба? Мені ұмытып та қалған шығарсың? Мынау қайдан сап ете қалған хат деп селк етпей-ақ қой. Еріккеннен хат жазып отырғам жоқ. Сенен хабар болмаған соң, амалсыздан қолыма «қалам» алдым. Мұндай хат жазылса, адамның шыдамы таусылғанынан, жаны ауырғанынан, ойы тұйыққа тірелгеннен жазылады. Ренжіме.
Бір сәт көңіліңді бөліп, мұқият оқып шық та, ғаламторға жібере сал. Хатты оқып шыққан соң: «ғаламторға жібермеймін, құрысын, жұрт түсінбей қалады ғой, жексұрын болып қайтем?!» - деген ойлар санаңда пайда болуы мүмкін? Ештеңе етпейді. Онсыз да оңып жүргенін шамалы.
Сонымен...
Мен баяғыда саған қатты сенген болатынмын. Сен – мен болып жүргенде, не деп серт бердің маған? Есіңе түсір, кәнеки! Иә, иә. Бола алдың ба? Бола алғаныңда, бұл хат сенің қолыңа тимесе керек еді.
Батылың жетпейді екен, кешір. Мен-ақ саған айтып берейін кім болғаныңды.
Сен – кешегі көзі жайнаған, арманшыл бала едің. Ал, бүгін өзіңе қарашы дұрыстап, қандайсың қазір? Сен – бүгін бәрінен көңілің қалған, өзің секілді көптеген бауырларың секілді ілбіп қана өмір сүріп жатқан көлеңке сынды бір сұр бейнесін. Және бәріне кінәлі – өзіңсің.
Сен қазір - ұлттың «элитасына» өздерің айналдырып алған әншілерден, шын адалдарынан өзге қазақтың мұңын ойлап, жоғын жоқтағансыған саясаткерсымақтардан, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімеге әуес «достардан», санасыз ыржалақтауға тәрбиелеп жатқан сансыз әзіл-сауық театрлары мен бітпейтін клип-концерттерден, мағынасыз һәм пайдасыз жиындардан, қара басынан басқасын ойламайтын бастықтардан, жұмысыңнан, тұрмысыңнан, бір бірінен аумаған тасбақа күндеріңнен, жайсыз түстер көретін түндеріңнен жалыққан, ешқандай сәулені көргісі де келмейтін әлжуаз біреусің.
Өзің білесің ғой, сен күнде өмірді өзгертем деп үйден шығасың. Сосын аялдамада зуылдап өтіп жатқан қымбат автокөліктерге қызыға қарап тұрасың. Бір кезде буаз сиырдай ыңыранып, сүйікті автобусың да жетеді. Соған жұртпен таласа мінесің де, жұмысыңа аттанасың.
Міне, сенің жұмыс орның. Кешегі күннен ештеңе өзгермеген. Үйіліп қалған қағаздарың жүрегіңді айнытады. Реттелмеген шаруаларың басыңды айналдырады. Әріптестеріңнің қабағын бір шолып шығып, автоматты түрде компьютеріңді қосасың да ғаламторға бас сұғасың. Ары қарай белігілі ғой. Өмірің осылай өтіп жатыр емес пе?!
Осындай өзгеріссіз егіз күндердің бірінде сен кенет басыңды жұлқи көтеріп, бар ғаламға жаның сыймай, айқайлап далаға атып шығып кеткің келеді. Хе-хе-хе, болмайды, бала емессің ғой. Сен өте салмақты, ержеткен, өзгенің пікіріне тәуелді мәп-мәдениетті адамсың. Қоғамда өмір сүру ережелері бар, өйткені. Енді қайтесің?
Бүгін сен теледидар мен газет-журналдардағы дүниелерді ұнатпасаң да көріп, оқисың. Кейде сол сюжеттер мен мақалалардағы біреудің ойына өзіңді қинап сендіресің. Өйткені: қой, менікі дұрыс емес, бәрінің басындағы жағдай қазір осындай ғой, нем бар, құрысын – деп өзіңді сабырлыққа шақырып қоясың.
Еліңде болып жатқан сансыз келеңсіздіктерді байқамағансып, тура сен сияқты байқамағансыған біреумен шылым шегіп, мәнсіз әңгімелерді шұбыртасың келіп! Әй, сабазым-ай!
Сен осы күні пәлен жерде пәлен ойын-сауық кешені ашылыпты, пәленшекенің жылдар бойы шығара алмай жүрген кітабы жарық көріпті, ойбай сұмдық фильм көрсетілімге шығыпты, байғұс бір қазақты өзге бір ұлттың өкілі сабап кетіп, қор қылыпты деген жаңалықтарға да былқ етпейсің. Себебі, сен қазақтың ең бірінші жау-мінезі – немқұрайдылық дертіне шалдыққансың.
Солай да солай...
Ал, сен мені шуақты ауылға тастап, армандарыңның мекені – үлкен қалаға аттанғанда қандай бозбала едің? Оқуға түссем, білім жинасам, елге қызмет етіп, үлгілі азамат болсам деп едің ғой? Қой бағып келіп немесе егіннен күрегің жарқырай жетіп, рахаттана шаршап жатқанында нені ойлаушы едің? Санаңда қаладағы жететін биік арман-мұраттарың сан алуан құбылып, елестеуші еді ғой! Қайда қалды соның бәрі?
Маған ештеңе байланысты емес деп отырсың. Өте дұрыс айтасың! Бұл сенің тағдырың, қашып құтыла алмайсың сен одан. Себебі, мұндай тағдырды сен өзің таңдап алғансың. Бірді-екілі сәтсіздіктер сені сындырып жіберді. Сен алдымен сүріндің, сосын оңбай құладың, тұрдың, қайта жүрдің, тағы сүріндің, сосын «қойшы, менің осы қай жерім артық?» - деп көне салдың.
Жылдар өтіп жатты. Сен «енді ештеңе өзгерту мүмкін емес...» - деген өзің ойлап тауып алған жалған қағидаңа мықтап сеніп алдың. Ел қатарлы жүрміз, көппен көрген ұлы той. Не дейміз, әдемі қорғаныс!
Алайда, сен ғана шығар биігің сені ғана күте-күте, шыңы мүжіле сарғайып, басы жарылып кеткен жоқ па?! Бәрін білесің сен! Ол асқар шыңда сен ғана тұруың керек екенін білесің. Басқалардың өз шыңдары, өз жолдары, өз армандары бар. Ешкімнің биігі мен арманын ешкім тартып ала алмайды ғой! Дұрыс, дұрыс! Иә, солай ғой! Иә, өз биігімде мен ғана тұруым керек деп айқайлап жібересін. Жарайсың!
Бірақ, ол сәттік сенім ұшқыны ғана. 15 минуттан соң, сен: «бұл менің қиялым ғана ғой, мен биікте жүретіндей кіммін, тәйірі?!» - дейсің. Ал, сен – өзің секілді қаншама талантты қазақ - өз биігіңде тұрмаған соң, сендерге сенгендердің күйі не болады деп ойлағың да келмейді?
«Ой, олай емес, сен бала не түсінесің?» - дегің келіп отыр ғой! Мен болмасам да, қазақтың атпал азаматтары жүр ғой әне, солар шешеді бәрін, мен күте тұрам, бәрі керемет болады сол кезде - деп жауапкершіліктен жалтарғың келе ме? Олай болса, амал қанша, жеңіліп қалыпсың.
Ол да түк емес. Одан да ауыр жеңілісті бастан кешіріпсің. Неге ештеңеге селт етпейтін боп алдың, осы сен? Ешкімге жаның ашымайды, ешкімді сағынбайтынды шығардың. Жүрегіңдегі баяғы бауырмалдығың қайда? Ауылдағы кітап оқыған бөлмеңде немесе асық ойнап жүрген алаңқайда қалып қойған жоқ па?..
Сағынышың бар болса да, ол бір кедергі келтіретін, түкке тұрғысыз сезім ретінде жүректің әнееубір түкпіріне нығыздап тығып тастапсың. Кейде жүрек түбі ышқына шымырлағанда, ауылдың, әке-шешеңнің, достарыңның, бұрын тұрған, кейін қимай қоштасқан қалаңның суреттерін көріп, мауқыңды басқан боласың. Өтірік пе?
Сенің адам екеніңді ауық-ауық, бірақ өте әлсіз дабылдарымен білдіріп отыратын жылы жүрегің қандай қазір? Мейірімділік, махаббат, ынсап пен ардың мекенінде не боп жатыр екен? Үңіліп көрдің бе? Сол мекеннен Тәңір адамға ғана сыйға тартқан асыл қасиеттерің бар ма екен, өзі? Өліп қалған жоқ па?
Әй, көке! Сұп-сулу қошақандарды қуалап жүріп, ұстап ап, құшырлана иіскеп-сүйіп, мейірлене еркелетіп жататын кезің есіңде ме?
Қара жолдың шетінде бір тал сары гүлді тауып алып, ешкім таптап кетпесін деп күнұзаққа соны күзетіп отырған шағың ше?
Әлгі тырнаның баласын тауып алып, обалсынып, қораға қамап, күндіз-түні жем беріп...ақыры тағыны асырауға болмайтынын білмеген балалықпен өлтіріп ап, екі апта жылап жүрген күндерің ше?
Көшедегі балалардың барлығын сағынғаннан түні бойы дұрыс ұйықтамай, таң бозара атқан шақтан далаға атып шығып, көршілеріңнің есігін бақылаумен болған кездерің ше?
Әлсіз балаға әлімжеттік көрсетіп жатқанда, күшің жетпесе де, жағаласа кететін батырлығың қайда қалған? Ал, қазір біреуге біреудің тізесі батып жатса, «ауылым менің іргелі» әнін ыңылдап тұрып алатынын қайдан келген жаңалық? Адал біреу туралы ғайбат сөз естісең, «пәлесінен аулақ» ұстанымы сенде қайдан пайда болған? Сен ондай емес едің ғой?!
Бұрынғы иманың қайда жүректегі? Жаратқан Алланың берген нығметтерін сұраусыз пайдаланып, не өзіңе, не ұлтыңа пайдаң жоқ, салың суға кетіп жүре бермексің бе, осылай? Аллаға үміт артпағанның, өзіне сенімі болушы ма еді?
Әй, көке! Мен – қазақты ұшпаққа шығаратын ұл болам, қалаға мен секілді арманшыл жас қазақтар жиналады, бәріміз бас біріктіріп, тізе қосып, ұлы істер атқарамыз, өз ұлтым мен тілімнің намысын ешкімге бермеймін, мен ұлы мемлекетте өмір сүремін! - деген ұран-ойларың неге адыра қалған?
«Уақытым келгенде, өткеніме өкінбей, жымиып өліп кетсем, арманым жоқ» - деуші едің ғой. Кімге айналдың сен?
Қайда сол адамға, жан-жануар мен табиғатқа, өмірге деген ғашықтық? Қайда сол мейірбандық пен болашаққа деген сенім?
Қатты айтып отыр деп айыптама. Баяғыда атаң айтушы еді ғой: «мен егер ұрыссам, жақсы болсын деп, жаным ашыған соң ұрысам» - деп. Енді отырысың мынау жас күніңнен сөз естіп...
...Дегенмен, саған ырзамын. Лағып басқа жолға түсіп кетпей, оқуыңды бітірдің, жұмыс істедің, достарың көбейді. Үйлендің, бала сүйдің. Рет-ретімен бәрі болды.
Ары қарай не болады?
Әлде сен: «мен – кішкентай ғана адаммын, мен ешқашан ештеңе өзгерте
алмаймын» - деп өмірден өтіп кетпекшісің бе?
Әлде сен: «аяқ-қолым, шүкір, сау ғой, миым орнында, қабілет-қарымым бар, осы мен қазаққа қайтсем пайдалы қызмет қылам» - деп ойланасың ба?
Әлде сен – қазағыңды, оның ішінде әуелі өзіңді, өзге біреулер итше талап жатқанда, ештеңе болмағандай, бедірейіп тұратындардың қатарына еніп кеттің бе? Олай болса, өміріңнің не мәні бар?
Ойлан, ойлан...
Сәлеммен,
Ауылдағы елесің
Abai.kz