Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Билік 3187 22 пікір 23 Маусым, 2023 сағат 13:04

Путинге жауап: Жошы ханды көрген Тоқаев не дейді?

«Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау», - деп мәлімдеді президент Тоқаев Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған «Жошы хан» спектаклінің премьерасынан шыққан соң.

«Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін», – деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізде болса, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин: «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған», «Кеңес одағынан бөлінген біраз ел Ресейдің, орыстардың біраз жерлерін сыйлық есебінде алып кетті», - деген болатын.

Путиннен басқа Кремльдің айтқыштары қазақтың тәуесіздігіне күмән келтіретін, тарихын жоққа шығаратын талай мәлімдемелер жасап жүр. Осындай сәтте Тоқаевтың «кейбіреулер орнын білсін, аузым бар деп ойына келгенді айтпасын» деген өте ескертуі орынды.

Айта кетейік, аталған спектакль «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұрады. Қойылымда Шыңғыс хан мен ұлы Жошы арасындағы қарым-қатынас, олардың ел басқару ісіндегі қабылдаған шешімдері, өмірінің белгілі кезеңдері кеңінен суреттеледі. Сондай-ақ Ұлы даладағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен Жошы оғлан бейнесі Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы – Жошы хан дәрежесіне дейін көтеріледі.

Тарихи драманың авторы – белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Мемлекет басшысы қойылымды тамашалаған соң, театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, өнер ордасына ұлттық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Тиісті Жарлық қазан айында Республика күні қарсаңында жарияланады.

Abai.kz

22 пікір